Атырау, 26 қараша 20:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Билік дүкен араламақ

2 984 просмотра

12 ақпан күні облыстық әкімдікте өңірдің барлық аудан басшыларының, сондай-ақ сауда кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен бейне мәжіліс өтті. Онда соңғы күндері ең өзекті тақырыпқа айналған азық-түліктер бағасының өсімі жайы талқыланды.

 

ШТАБҚА ШАҒЫМДАНЫҢЫЗ

- Қазір ғана премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ төрағалығымен республикалық бейне мәжіліс өтті. Үкіметтің тапсырмасы шеңберінде Атырау облысында басқа өңірлердегі секілді бүгінгі күнгі бағаларды сақтап қалуға жұмыстанатын штаб құрылды, - деді Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ. – Кеше біз Ұлттық банктің жергілікті филиалының, екінші деңгейлі банктердің, ірі базарлар мен сауда үйлерінің өкілдерімен кездестік. Атырау облысына жеткізілетін негізгі тауарлардың Қазақстанда шығарылатын өнім екенін анықтадық. Демек, теңге бағамының долларға шаққанда өзгеруі тауарлардың құнына ешқандай әсер етпеуге тиісті. Сағынтаев мұнай және газ министрлігіне жанар-жағармай бағасы өзгермесін деген нұсқау берді.

Ғ. Дүйсембаев газ бағасы бұрынғы деңгейде қалатынын баса айтты. Біз ТШО-дан жылына 1 млрд 300 млн текше көлеміндегі газды теңгемен белгіленген белгілі бір сомаға сатып аламыз.   

- Коммуналдық тарифтерді көтеру мәселесіне қатысты жағдай да осындай. Негізгі энерготасымалдаушы саналатын газдың бағасы өзгермегеннен кейін қалған тарифтер де тұрақты болуы тиіс.    

Тауарлар мен қызметтер бағасын өсіретін басқа өңірлердегі серіктестерінің іс әрекетіне шағымданған кәсіпкерлерге әкім орынбасары штабқа (тек Атыраудағы ғана емес) жолығуларына кеңес берді. Мұндай штабтар еліміздің барлық облысында құрылған, демек, өзге өңірлердің басшылары мен әртүрлі министрліктер арқылы ықпал етуге болады.    

 

ЖЕТКІЗУШІЛЕР ҚАЙТПЕК 

Билік ет, сүт, жарма, макарон өнімдері, картоп және т.б. (небары 33 атау) әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасына ерекше көңіл бөлмек. Бұл азық-түліктердің бағаларын бүгінде төмендетілген бағалармен сатылатын 3700 тонна көкөністер сақталатын тұрақтандыру қорының көмегімен ұстап тұрмақ. «Демократиялық» бағаларға қарамастан кейбір аудандар халыққа арзан көкөністерді сату бойынша тапсырманы орындамайтын болып шықты. Аудан өкілдері өз кезегінде картоптың сапасының жоғары еместігіне, азық-түлікті жеткізетін операторды таңдау қиындығына шағымданды.   

11 ақпан күнгі облыстық әкімдіктегі отырыста «Атаба» және «Анвар» супермаркеттер желілерінің өкілдері азық-түлік бағасын көтермеуге уәде берді. Алайда, іс жүзінде «Атаба» сол күні-ақ тауарлар бағасын көтерді, ал 12 ақпан күні Ә.Молдағұлова көшесінде орналасқан «Идеал» супермаркетінің сатып алушылары мына нәрседен қайран қалды: кассада тауар ақшасын төлеп тұрған кезде оның бағасы жапсырылған бағасынан жоғары екендігі анықталды.    

- Біз бұл туралы білеміз, бізге қоңыраулар түсіп жатады. Бағаның көтерілуіне жол бергендерді анықтайтын жұмыс тобы құрылды, мен өзім супермаркеттерді араламақпын, – деп жағдайға түсінік беріп өтті Атырау қаласының әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ. – Сауда нүктелеріне бұрынғы бағамен жұмыс істеулеріне тура келеді. 

Сөз жүзінде бәрі жақсы-ау, бірақ оған іс жүзінде қол жеткізуге болар ма екен, бұл үлкен сұрақ болып тұр.  

- Бүгін таңертең біз 35 көтерме жеткізушіден өз өнімдерінің бағасын 20 пайызға көтеретіні жөнінде ресми ескерту алдық. Олардың қатарында бізге әлеуметтік маңызға ие азық-түлікті жеткізетін 10 компания бар,  – деп хабарлады «Идеал - Маркет» ЖШС директоры Қайрат ХАЙРУШЕВ.

- Біздің жеткізушілер бірнеше күнде ұн сатпайтынын ескертті, ал бұл демек баға өсімін күтіңдер деген сөз, – деп отыр «Байлық» ЖШС наубайханасының өкілі.

Ғ. Дүйсембаев кәсіпкерлерге бұл фактілерді «қарастыратынына» уәде етті. Мәжіліс соңында билік және ірі сауда үйлері мен супермаркеттер басшылары арасында бағаны ұстап тұру туралы меморандумға қол қойылды.  

Зульфия ИСКАЛИЕВА       

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 ақпан 2014, 18:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.