11 ақпанда Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде Атырау қаласының әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ өткен жыл қорытындылары бойынша есеп берді және 2014 жылғы жоспарлар жөнінде айтып өтті.
Атқарылған істер жөнінде талай айтылды, сондықтан да жоспарланып отырған ірі жобалар жөнінде айтып өтейік. Әкім қала маңындағы Ақсай, Атырау, Еркінқала, Жаңаталап, Жұлдыз-2 ауылдарын газдандыруды, Көк арна, Ракуша-2, Водникова-2 елді мекендеріне электр желісін, Тасқала-3 және Жұлдыз-2 ауылдарына су құбырын тартуға сөз берді. Ақжар, Бірлік және Геолог ауылдарындағы су құбырларын қайта жаңғырту басталады.
«Қолжетімді баспана-2020» бағадарламасы аясында 1 383 пәтерлі 24 үй қолданысқа беріледі. «Ретро» және «Жастар» саябақтары құрлысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді. Терможаңғырту бағадарламасы бойынша биыл 19 үй 650 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтеді.
Сондай-ақ, кәріздік станциялар мен оларға жалғанған коллекторлар да күрделі жөндеуден өтеді. Нұрсая, Көк арна, Бірлік-2 және Жұмыскер тұрғын үй массивтерінде балабақшалар құрылысы жалғасуда. Еркінқала, Тасқала және Самал елді мекендерінде балабақша салу жобалары жасалып жатыр. Облыстық «Ақбота» балалар үйінің ғимаратын типтік балабақша ғимаратына айналдыру жұмыстары дайындалуда – бұған 66,7 млн теңге бөлінді.
«Привокзальныйда мешіт салына ма?» деген сұраққа жиналысқа қатысып отырған облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ қысқаша жауап берді: «Алдымен үй салуға мұрсат беріңдерші...». Залда отырғандар ду қол шапалақтады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ