Атырауда кеден қызметі жалған құжатты шетелдік автокөлікті анықтады. Бұл осындай жолмен қаламызға әкелінген бірінші көлік емес.
Өткен жылы Атырауда ел аумағына контрабандалық жолмен әкелінген бес машина анықталған болатын. Барлық жағдайларда не құжаттары қолдан жасалған, не номерлері түзетілген. Мұның бәрі 2010 жылдан бастап енгізілген салықтан қашу үшін жасалады, өйткені бұл алымның мөлшері кей жағдайларда жарты машинаның құнына дейін жетеді. Көлікті сатып алған жаңа иелері құжаттарының дұрыс еместігін білмеген.
Бұл жолы Атырау тұрғыны Белорусь Республикасынан «Lexus GS-300» автокөлігін айдап келеді. Ол Салық департаментіне Кедендік одаққа қатысушы елден әкелінген тауар ретінде 12% мөлшерінде қосылған құн салығын төлейді. ІІД әкімшілік полиция департаменті жүргізген тергеу алды тексеру барысында автокөлік құжаттары алынды. Құжаттарда сатып алу-сату есепшот-анықтамасы Гродно қаласындағы «Дорога» унитарлы кәсіпорын-дүкенінде ресімделген және көлік иесі осы қалада тұратын Белоруссия азаматы С.М. деп жазылған. Алайда Гродно кеден қызметінен алынған деректер бойынша, көрсетілген мекенжайда азамат С.М. тұрмайтыны, «Lexus-GS-300» маркалы автокөлікке сатып алу-сату шарты ресімделмегені, есепшот-анықтамада көрсетілген деректер жалған екендігі анықталды. Сондай-ақ бұл машинаны кедендік декларациялау Белорусь Республикасының кеден қызметінде жүргізілмеген.
Атырау облыстық Кедендік бақылау департаменті экономикалық контрабанда жөніндегі басқармасының аға қызметкері Ғибат КУКАТОВТЫҢ айтуынша, осы факт бойынша ҚР ҚК 325-бабының 1 және 2 тармағы («Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлердi, мөрқағаздарды, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА