Атырау, 26 қараша 20:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Прокуратура заңсыз келісімдерді анықтады

3 817 просмотра

Табиғат қорғау прокуратурасы сегіз жыл бұрын Бергей РЫСҚАЛИЕВ Атырау қаласының әкімі болып тұрған кездегі жерге қатысты жасалған заңсыз келісімнің екі фактісі бойынша тексеруді аяқтады.

Облыстық табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВТІҢ айтуынша, 2006 жылдың мамырында сол кездегі облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Қазбек ИМАНҒАЛИ «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылтайшысы ретінде өз лауазымының шеңберінде қала әкімі Бергей Рысқалиевқа хат жолдаған. Онда дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының жанында спорттық құрылғылар, атап айтқанда теннистік корт пен гандбол алаңқайы орнатылған жер телімінен бас тарту туралы айтылыпты.

Өз кезегінде қала әкімі Б.Рысқалиев осы хаттың негізінде осы жер телімін мемлекет қорына алу туралы шешім шығарып, осы шешімнің 2-тармағы бойынша жерді «Ақсарай» ЖШС-нің жеке меншігіне берді. 2008 жылдың қаңтарында бұл фирма жерді «Берат ЛТД» ЖШС-не 1 млн 932 мың 472 теңгеге сатқан.

Прокуратура жер жеке тұлғаларға жер заңнамасы бұзылып берілген деген тұжырымға келді.

Қазбек Иманғалидың жер телімін иеліктен шығару туралы хат жолдауына құқығы жоқ болатын. Өйткені, ҚР Жер Кодексінің 34, 39-баптарына сәйкес, мемлекеттік жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға құқылы емес, - дейді Қ.Өтеулиев. – Жаңа қожайындар бірде-бір рет келіп, «Атырау» ДСК басшылығының жеріне қатысты заңды құжаттарды көрсетпеген. Сондықтан осы уақыт бойына ДСК осы жер үшін салық төлеуді жалғастырып келген.

Тексеру барысында жауап алынған Қ.Иманғали бұл хат туралы өзінің есінде жоқ екенін түсіндірді. Осыған байланысты табиғат қорғау прокуратурасы жазуды танып айыру сараптамасын тағайындады. «Атырау облыстық сот сараптама институты» ММ 2006 жылғы 23 мамырдағы №335 хатта Қ.Иманғалидың қолы қойылғанын растады. Мұнда сәулет органы берген телімді бөлуді мақұлдау актісіне мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет басшылары 2006 жылдың сәуірінде қол қойған. Мұнда жерді беру туралы шешім алдын ала қабылданды деген тұжырым жасалды.

Прокуратура облыстық жер инспекциясына жер телімін мемлекет қорына қайтару туралы сотқа талап арыз беру жөніндегі талаппен ұйғарым жолдады.

Табиғат қорғау прокуратурасы тағы бір жер телімін ұсынудың заңдылығына тексеру жүргізді. 2006 жылы 27 қыркүйекте Б.Рысқалиев 0,25 гектар алаңды «Берат ЛТД» ЖШС-не көппәтерлі тұрғын үй салу үшін беру туралы шешім шығарған. Ал бұл телім ортақ қолданылатын жер болып табылады.

Бұл телімге жағалауға іргелес жатқан Құлманов көшесінің бір бөлшегі, жаяу жүргіншілер жолы мен облыстық әкімдіктің ғимараты алдындағы алаңды құрайтын жасыл-желектер кіреді. Кейіннен «Берат ЛТД»ЖШС жерді «S-Маркет»ЖШС-не сатқан. Сонда, егер аталмыш компания меншік иесінің құқығын пайдаланса, онда облыстық әкімдіктің автотұрағына өтетін жер жабылып қалады. Жер инспекциясына осы телімді мемлекеттік қорға алу қажеттігі туралы ұйғарым жолданды. Қылмыстық істер қозғау  туралы іс жүргізу шешімін қабылдау үшін материалдар қаржы полициясына жолданды, - деп хабарлады Қ.Өтеулиев.

Табиғат қорғау прокуратурасы сол мерзімдегі «Мұнайшы» стадионының алдындағы алаңды жеке қолға беру фактісіне тексеру жүргізуде.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

7 ақпан 2014, 18:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.