Чемпиондар командасы
«Атырау» ДСК-нде армрестлингтен облыс чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионатына қатысатын облыс құрамасы іріктелді.
Жарысқа 90 атлет қатысты. Жеңіс мінбесіндегі орындар келесідей бөлінді: (сәйкесінше 1-орыннан 3-орынға дейін): 55 келіге дейін – Владимир Крюков, Фархад Қожантаев, Нұржан Қызбаев; 65 келіге дейін – Константин Тарабрин, Фархад Сәрсембиев, Виталий Ивакин; 75 келіге дейін – Нұржан Қазиханов, Александр Попов, Дмитрий Романюк; 80 келіге дейін – Мұрат Әбуталиев, Дастан Байсымақов, Игорь Хан; 90 келіге дейін – Александр Максин, Талғат Әбуталиев, Александр Сушко; 90 келіден жоғары – Олег Ганус, Николай Кучкин, Ибрагим Гусейнов; абсолюттік салмақ - А.Максин, О.Ганус, М.Әбуталиев.
Қостанайда ақпанның ортасында өтетін Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша Токиода болатын Азия чемпионатына қатысатын ел құрамасы анықталатын болады.
Армрестлингтен облыстың аға жаттықтырушысы С.ПЕРЕДИСТЫЙДЫҢ айтуынша, атыраулық спортшылар республикалық және халықаралық турнирлерде үнемі жүлде алып жүр.
2014 жылғы мамырда Токиода өтетін Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасына үміткерлер – облыс құрамасының құрамы:
К. Тарабрин (ХДСШ, «Альянс» СК қызметкері) – Азия чемпионы, әлем чемпионатының «қола» жүлдегері; М. Әбуталиев (ХДСШ) – екі дүркін Азия чемпионы; «Атырау» ДСК-нде нұсқаушы; А. Максин (ХДСШ) – Азия чемпионы, Азия чемпионатының екі рет «күміс» жүлдегері; АМӨЗ операторы, спорт шебері Дмитрий Акунишников; ЭкспрессГлобалСтрой компаниясының қызметкері (дир. Алмаз Бүйенбаев), спорт шебері Н. Қазиханов.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***
Жүлделі жарыс
Алматыда балалар мен жастар арасында муай тайдан Қазақстан чемпионаты өтті.
Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен280 жас спортшы қатысты. Атырау командасының құрамында 22 адам болған, солардың 14-і үйлеріне жүлдемен оралды. «Алтын» - Юсуф Мухтасип (6-7 жас), Еламан Өтегенов және Жұмабек Орынғалиев (12-13 жас), Абылай Құралбаев (14-15 жас), Еламан Саясатов пен Әбіл Ғаллиев (16-17 жас); «күміс» - Мақсот Мұхаммедали (12-13 жас), Еркебұлан Асқарұлы, Дидар Жеңіс және Айысбек Тынышқалиев (14-15 жас); «қола» – Артем Лян (12-13), Қуанышбек Тұралиев, Айбек Ақылбеков (14-15 жас) және Әлішер Мұхтаров (16-17 жас). Ю.Мухтасип «үздік вайкру үшін», А.Кұралбаев пен Е.Саясатов «үздік техникасы үшін» сыйлықтарына ие болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***
Мектептегі мұз айдыны
Дамбы ауылдық округі Амангелді орта мектебі оқушыларының өз мұз айдыны пайда болды.
Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Бақтыгерей ОРЫНБАСАРОВ:
- Ауладағы мұз айдыны хоккей стандарттарына сәйкес келеді. Қоршау көлемі - 56х26 метр. 2009 жылы Қостанай облысының Рудный қаласында әріптестерім маған мектепте хоккей сабағын қалай ұйымдастыруға болатыны жөнінде әдістемелік құрал берді. Ел болып жиналып мұз айдынын салдық. Ауыл әкімі Ұзақбай БАЙЗУЛЛИН үлкен көмек жасады. Оның тапсырмасымен 13 цистерна су құйылды. Алаң жолақтарын сырмен жүргіздік. Мұз сарайынан кем емес айдын болып шыға келді.
Өткен демалыс күндері осы мұз айдынында мектеп кәсіподағы сыйлығына арналған хоккейден ашық турнир өтті. Ашылу рәсімінде Дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығы директорының орынбасары Руслан ЖҰБАНЫШӘЛИЕВ, мектеп кәсіподағының төрағасы Мереке ТАЙЫРОВ сөз сөйледі.
Турнирге шақырылған қала мектептерінің командалары келмей қалды. Алайда турнир қызықты өтті. Мұз айдынына А. Иманов пен Жамбыл орта мектептерінің және Дамбы ауылдық округінің командалары шықты. Жарыс достықпен аяқталды. Турнирдің үздік ойыншылары Эльдар Байырхан (шабуылшы), Фараби Өтеген (қақпашы) және Нұрлыбек Қазбек (қорғаушы) футбол доптарымен марапатталды. Мейірхан Мәжитов, Нұрхан Өтеген, Ерсұлтан Қабекен, Сержан Бекболатов, Эльдар Сариев және Бабаш Ерланға естелік сыйлықтары тарту етілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***
Құтқарушылар шаңғымен жарысты
Жайықтың жағасында «Су-құтқару қызметі» ММ бекетінің маңында облыстың ТЖД бөлімшелері арасында шаңғы спортынан жарыс өтті.
ТЖД баспасөз қызметі ақпараттары бойынша, жарыстар 4 жас ерекшелік тобында 2,5 және 5 шақырым қашықтықта өткен.
3-жас тобында (35 пен 40 жас аралығы) ТЖД қызметкері Т. Құсайынов жеңімпаз атанса, екінші орынды Атырау қалалық өрт сөндіру бөлімі №2 отрядтың бөлімше командирі Т. Қапсалимов алды.
4-жас ерекшелік тобында (40-тан жоғары) «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің аға инженеріР. Қайреденов үздік атанды. Ерлер арасында 5 шақырымдық шаңғы жарысында 1-жас ерекшелік тобында (30 жасқа дейін) Махамбет аудандық №4 өрт сөндіру отрядының командирі Р. Салихов бірінші орын алса, екінші орынға «Батыс өңірлік аэромобильді шұғыл арнайы отряд» ММ қызметкері Е. Қалабаев табан тіреді. 2-жас ерекшелік тобында (30 бен 35 жас аралығы) 5 шақырымдық шаңғы жарысында ТЖД қызметкері В. Умновқа тең келер ешкім болмады, мәреге екінші болып Құрманғазы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің күзет басшысы А. Мәмбетов келсе, үшінші орынды «Батыс өңірлік аэромобильді шұғыл арнайы отряд» ММ қызметкері М. Марабаев алды.
4х2,5 шақырым шаңғы эстафетасында «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» ММ командасы жеңіске жетті. Жеңімпаздардың ішінде Индер аудандық №5 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы А. Ғұмарова жақсы нәтиже көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша ҚР ТЖМ-нің VI қысқы спартакиадасына қатысатын ТЖД құрамасы іріктелді.
Анастасия ПАСТУХОВА