Атырау, 21 желтоқсан 10:06
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Үмітке толы маусым

3 103 просмотра

2013 жыл «Атырау» ФК-ның футбол орталығы үшін сәтті өтті. Оның шәкірттер командасы Қазақстан чемпионы атанды. Орталықтың осы жылғы жоспарлары туралы «Атырау» футбол орталығының (ФО) техникалық директоры Владимир ГРИГОРЬЕВПЕН сұхбаттастық.

-«Атырау» ФК футбол орталығы командаларының жарыстар күнтізбесі қандай?

- Барлығы да өткен жылдағыдай қалды. 1996, 1997, 1998, 1999, 2000 жылы туғандар (ж.т.) командалары өз жастарына сәйкес Қазақстан біріншілігіне қатысатын болады. Жарыстар сәуірде басталып, қазанда аяқталады. Біз жаттығуды 6 қаңтарда бастап кеттік.

24 ақпан мен 2 наурыз аралығында 1996 ж.т. командасы Таразда өтетін дәстүрлі «Арман кубогы» турниріне қатысады. Осы уақытта 1998 ж.т. командасы Шымкентте «Жастар» кубогы» турнирінде өнер көрсетеді. Бұл жарыстардың мақсаты – Қазақстан құрамасына ойыншылар іріктеу. 1998 ж.т. құрамасы маусымда Қазақстан кубогы президентінің кубогында және қыркүйекте Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында өнер көрсетеді.

Өткен жылы 1997 ж.т. Қазақстан құрамасы ҚР президенті кубогында алғаш рет алтын медальға қол жеткізді және оның құрамында біздің футбол орталығының шәкірті Валерий Андреев жақсы көзге түсті. Ол Қытай құрамасымен болған жауапты матчта гол соқты. Қазір Валера «Атырау» ФК-мен кәсіби келісімшарт жасасып, қосалқы құраммен бірге жаттығуда.

«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ:
Владимир Евгеньевич Григорьев, «Атырау» ФО техникалық директоры, 57 жаста. КСРО 2-лигасының «Динамо» (Ленинград) командасында ойнаған. 1992 жылдан бері жаттықтырушылық жұмыспен шұғылданады, «Динамо» (Санкт-Петербург) және «Ротор» (Волгоград) командаларын жаттықтырған.

-Жас ерекшелігі бойынша ел чемпионаты қандай жүйеде өткізіледі?

- Орталықтың барлық жастағы шәкірттері де алдын-ала кезеңде «Ордабасы», «Ертіс» және «Тобыл» клубтарындағы құрдастарымен кездеседі. Бірінші тур 8-13 сәуір аралығында өтеді. 1996 ж.т. командасы Атырауда, 1997 және 1999 ж.т. Қостанайда, 1998 және 2000 ж.т. Шымкентте ойнайды. Екінші тур 6-11 мамыр аралығында, үшінші тур 3-8 маусымда, төртінші тур 1-6 шілдеде, бесінші тур 5-10 тамыз аралығында өтеді. Қыркүйекте біріншіліктің жартылай финалы ойындары ойналса, финал қазанға белгіленген. Естеріңізге салсақ, өткен жылдың қазанында 1999 ж.т. жасөспірімдер арасында ҚР біріншілігі финалында біздің команда жеңіске жетті.

-Футбол орталығына балаларды іріктеу жалғасып жатыр ма?

- Біз қазірдің өзінде 1996-2005 ж.т. кез келген ойыншыны қабылдауға дайынбыз. Ол үшін баланың дене бітімі, ептілігі, алаңда өзін ұстай білуі және т.б. қасиеттері біздің талаптарымызға сәйкес келсе болды.

-Осындай іріктеулердің арқасында нағыз таланттарды тапқан кездеріңіз болды ма?

- Өткен жылы жаттықтырушы Андрей Гусевке 13 жасар бала келіп жазылды, арада бір ай өтпей жатып, ол команданың көшбасшысы болып алды. Осындай қабілетті баланы бапкер Максим Лобашев та тапты. Екі жағдайда да балалар бізге еркін күрес секциясынан келіпті.

-Жаттығуға арналған футбол алаңдарының жағдайы қандай?

- Қазір қалыпқа түсті. Жаттығулар «Мұнайшы» стадионының спорт залында өткізіледі, ол жерде 2003-2004 ж.т. алты топ жаттығу жасауда. «Судоремонтник» стадионының залында 1996-2002 ж.т. он бір топ, «Ривьера» стадионында 2000, 2001 ж.т.төрт топ жаттығады.

Бастысы, футбол федерациясы «Мұнайшы» стадионына кіру есігінен оң жағындағы футбол алаңы үшін жасанды көгал алу мәселесін шешті. Бұл футбол орталығына да, негізгі командаға да пайдалы болды. Бұл жерде нағыз футбол ауаны қалыптасқан, балаларға да ыңғайлы – «Мұнайшы» қала орталығында орналасқан.

«Атыраудың» бас бапкері Анатолий ЮрьевичҚазақстан футбол федерациясының спорттық директоры болып жұмыс жасады. Ол футбол орталықтарын дамытуға жетекшілік етті. Сондықтан да оған біздің жұмысымыз жақын. Негізгі команданың оқу-жаттығу жиынынан оралған соң, ол бізге келіп, бәріміз тізе қосып, бірлесе жұмыс жасау стратегиясын әзірледік.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды 

6 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.