Атырау, 26 қараша 18:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Әкімнің комментарийі

3 184 просмотра

Мақат ауданының әкімі Ерболат УМАРОВ «Қараусыз қалған Мақат» («АЖ», №2, 9.01.2014 ж.) және «Жаңа округтің ескі проблемалары» («АЖ», №3, 16.01.2014 ж.) атты мақалаларға орай редакциямызға комментарий жолдады. Онда аталған мақалалар авторы, яғни, тілшіміз Ләззат ҚАРАЖАНОВАНЫҢ көтерген мәселелеріне дер кезінде берілмеген ресми ақпарат келтірілген. 

«ЖАҢА ОКРУГТІҢ ЕСКІ ПРОБЛЕМАЛАРЫ»

Бәйгетөбе – Мақат аралығындағы автокөлік жолы мәселесі, газетте жазылғандай, күрделі мәселе. Бұл автокөлік жолы шамамен өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған, қазіргі таңда ескірді. Аталған мәселе бірнеше мәрте көтерілді, бұған дейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қаржы бөлу жөнінде ұсыныстар берілген болатын. Қазір облыстық басқарма жолдың жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауда.

Дегенмен, қаржы мәселесіне қарамастан, жолды тазалау жұмыстары жүргізіліп отыр. Соңғы рет 2013 жылы аталған жол қырылып, тазаланып, қиыршық тас төселді.  

Бәйгетөбе ауылдық округіне такси күнделікті жүреді, осы елді мекеннің тұрғыны Айтжан Жұбанышев «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында несие арқылы жаңа  «Toyota Hiace» шағын автобусын алып, бүгінгі таңда жолаушы тасымалымен айналысуда (біздің қолда бар деректер бойынша, Жұбанышев Бәйгетөбеден Атырауға ғана қатынайды – ред.).

2009 жылы салынып, пайдалануға берілген Бәйгетөбе орта мектебінде Бәйгетөбе, Нефтепровод, №402 бекет елді мекендерінің балалары оқиды. Оқушылардың мектепке қатынауында күрделі мәселе жоқ, «Аджип» КҚО компаниясының демеушілігімен алынған «Газель» автокөлігі арқылы №402 бекетте тұратын оқушылар сабаққа қатынап отыр.

Бәйгетөбе округіндегі қордаланған қоқыс екі айлық тазалық кезінде шығарылды. Тендер жарияланғаннан кейін жеңімпаз ретінде танылған мекеме округ тазалығымен айналысатын болады.

Округ маңында орналасқан қоқыс төгетін полигон бұған дейін екі рет қоршалған болатын, алайда, қоршаулары ұрланып кеткендіктен, қазіргі таңда бұл мәселе аудандық ішкі істер бөлімінің бақылауына алынып, іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Көктемде қоқыс полигонын қайтадан  қоршау жоспарланып отыр.

Бәйгетөбе – Мақат тұрғындарының жаяу қатынасына арналған көпір «Атырау жол дистанциясы» мекемесінің меншігіне жатады. Аталған көпірге өткен жылдан бастап «КазстройинвестLTD» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде (көпірге жарық шамдарын орнату қарастырылған). Жұмыстар ағымдағы жылдың І тоқсанында аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Бәйгетөбе ауылдық округіне қарасты №402 бекетке газ құбырын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға облыстық бюджеттен 6 млн теңге қаражат бөлінді, осыған орай, аудандық құрылыс бөлімі құжаттар дайындап, оны тендер өткізуге жауапты облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық басқармасына жолдады.

 

«ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН МАҚАТ»

Жылу. Қазіргі таңда аудан бойынша көп пәтерлі 98 үй бар, ондағы пәтер саны - 2 348. Оның ішінде Мақат поселкесі бойынша 72 үй, пәтер саны - 1 986, Доссор поселкесі бойынша 26 үй, пәтер саны - 362.

Мақат және Доссор поселкесі бойынша жылу орталықтары жұмыс жасап тұрғанына қарамастан, төмендегі көп қабатты тұрғын үйлердің пәтер иелері әр жылдары өз еріктерімен жылу орталығынан ажырап, дербес жылу қазандығын қондырып алған. Атап айтқанда, 1990-2000 жылдар аралығында 448 пәтер; 2000-2010 жылдар аралығында 1 658 пәтер. 2011 жылдың жаз айында үйлердің қалған 218 пәтер иесі дербес жылу қазандығын қондырды (оның ішінде аз қамтылған жанұяларға тегін қондырылып берілді), қазіргі таңда 100 пайызға жетті (Мақат желілік өндірістік басқармасына қарасты 24 пәтерден тұратын екі тұрғын үй блоктық жылу қазандығынан жылу алады).

Жылу орталықтарынан жылу алғаны үшін тұрғындардың бережақтары төленбеуі салдарынан жылу орталықтарының (газ, су, электр, жалақы, салық) бережақтары шектен тыс көбейіп кетуіне және жылу орталығы тұрғындарға қажетсіз болуына байланысты жұмысын тоқтатты. Ал, Мақат поселкесіндегі «Теміржолшылар» ықшам ауданындағы 1966 жылғы екі қатарлы апатты жағдайда тұрған жылу орталығы аудан әкімдігінің 2011 жылғы 12 мамырдағы №96 санды қаулысы негізінде бұзуға шығарылды. 

Қазіргі таңда дербес жылу қазандықтарын қондыру жұмыстарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ұйымдастыруда.

Кәріз жүйесі. Аудан бойынша кәріз жүйелеріндегі өзекті мәселелердің бірі - кәріз жүйесі бойындағы ақаулар. Сол ақауларды күрделі жөндеуден өткізу мақсатында Мақат поселкесіндегі 2 шақырым және Доссор поселкесіндегі 650 метр кәріз құбырын күрделі жөндеуден өткізуге 2013 жылы 61 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыстар 90 пайызға орындалды, ал қалған пайызы 2014 жылға қалдырылды.

Қазіргі таңда аудан бойынша кәріз және ауыз су жүйелері бір қалыпты жұмыс жасауда, сонымен қатар кәріз және ауыз су жүйелеріндегі апаттарды «АтырауСуАрнасы» КМК уақытылы қалыпқа келтіріп отырады.

Тазалық. 2013 жылы Мақат поселкесі бойынша қаңтар-тамыз аралығында санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысқан «Тазалық-Көгал» ЖШС поселке ішін өз деңгейінде санитарлық талаптарға сәйкес тазалап отырды.

Төменгі бағамен Мақат поселкесінің санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуді ұтып алған жеке кәсіпкер Б.Нұрғалиев 2013 жылдың тамыз-желтоқсан айларында келісімшарт негізінде жұмыстар жүргізген болатын.

Алайда, кәсіпкер осы аралықта тазалық жұмыстарымен өз деңгейінде айналыспау салдарынан поселке ішінде қатты тұрмыстық қалдықтар қордаланып, санитарлық талаптар бұзылды. Санитарлық тазалық жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастырмай, тұрмыстық қалдықтардың қордалануына жол берген Мақат поселкесі әкімі аппаратының қызметкерлеріне тиісті шаралар қолданылды. Осы жағдайды ретке келтіру мақсатында аудан әкімдігі тарапынан демеушілік көмек ұйымдастырылып, 2014 жылдың қаңтар айында Мақат поселкесінің тазалығы қалыпқа келтірілді.

Қазіргі таңда Мақат ауданы бойынша поселкеішілік санитарлық тазалық жұмыстарымен «Тазалық-Көгал» ЖШС айналысып отыр.                                         

«Теміржолшылар» ықшам ауданындағы үй. Мақат поселкесіндегі «Теміржолшылар» ықшам ауданындағы 80/3 көп қабатты тұрғын үйдің жер төлесі кәріз суға толып, адам көргісіз жағдайда болған емес, себебі, жертөледегі коммуналдық жүйелерде апаттар болған жағдайда оларды «Рустем» ПИК және «АтырауСуАрнасы» КМК уақытылы қалыпқа келтіріп отырады.

Мақат ауданының әкіміЕрболат УМАРОВ

6 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.