Балабақшаларға орындар бөлу әлі аяқталған жоқ, ал ата-аналар болса қалалық білім беру бөлімін басып алған. 25-мамырда ғимарат жанына дүйім жұрт жиналыпты.
Қалалық білім беру бөліміне кезектерін білуге келген ата-аналарға жолдамалар беру кестесімен танысу үшін 25-мамырда келуді сұраған. «Бұзылған телефон» принципі бойынша ауыздан ауызға тараған бұл ақпарат қалалық білім беру бөлімі ғимаратының жанына орындар бөлінген балабақшалардың ауқымды тізімін көруге асыққан дүйім жұртты жинады. Алайда ол жерде тек қалалық білім беру бөлімі қызметкерлері айтқан жолдама беру кестесі ғана ілінген. Атап айтқанда, мысалы, 30-мамырда №6 «Гүлдер» балабақшасы мен №1 авторлық мектепке дейінгі гимназияға, 31-мамырда – «Золотой ключик» пен «Арман» балабақшаларына және т.б. жолдама берілетін болады делінген. Теңдік, Бірлік және Тасқала тұрғындары жолдаманы соңынан алмақ, олар 9-маусымда келулері керек екен. Алайда бұл ақпаратқа қанағаттанбаған жиналған ата-аналар сәбидің туу туралы куәлігінің көшірмелері мен кезектілік түбіртегін жинап жүрген қалалық білім беру бөлімінің мамандарын қоршап алды.
«Ұлымызға 40 күн толғаннан кейін кезекке тұрған едік. Бұл 2009 жылдың басы болатын. Алғашқы жылы мен қалалық білім беру бөліміне аяқ басқан жоқпын. Содан кейін көршілерім қайта-қайта барып, кезектілікті тексеріп, балабақшадан орын қажет екендігін білдіруім керектігін айтты. Сонда ғана уақытында орын алуға мүмкіндігім бар екен. Қалалық білім беру бөліміндегілер маған келесіде мамырдың аяғында кел деді. Тізім әлі шығарылмаған екен», - дейді екі жастағы Артемның анасы Анжела. «Ал біз 2008 жылы арыз жаздық. Лесхоз ықшам ауданында тұрамыз». «Ал біздің жұмыс орнынан өтінішіміз бар». Бір-бірімен жарыса сөйлеп, әркім өз басындағы жағдайды айтып, баласының не үшін балабақшадан орын алуы тиіс екендігін дәлелдеуге тырысты. «Балабақшадан орын алатынымызға нақты көзімді жеткізбейінше бұл жерден кетпеймін!» - деп айқайлады әйелдердің бірі. Оған балабақшаларға орын бөлетін комиссия өз жұмысын аяқтамағанын, нақты қорытындысын тек бірнеше күннен кейін ғана белгілі болатынын түсіндіруге тырысты.
Қалалық білім беру бөлімінің қызметкерлерінен басқа құрамына «Нұр-Отан» партиясының, қалалық әкімдіктің, тәртіптік кеңестің өкілдері кіретін комиссия жұмысын 10-мамырда бастаған. Жолдамаларды бөлуді аяқтау 28-мамырға жоспарланыпты. «Қазір 2-ден 6 жасқа дейінгі 8 мыңдай бала кезекте тұр. Балабақшадан ата-аналары 2008 жылы арыз берген балалардың барлығы да орын алатынын нақты айта аламын. Олардың саны 2 мыңдай. Бұл №1 авторлық мектепке дейінгі гимназия, №№3, 6, 10, 11, 21, 30, 43, 55 балабақшаларға жалғама салғанның арқасында мүмкін болып отыр. Жалпы саны 1 395 орын болды», - дейді қалалық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің бастығы Гүлнар ЖОЛМҰХАНОВА. – Бұдан басқа, Авангардтағы №19 (бұрынғы №25), Привокзальныйдағы №13 (бұрынғы №6) балабақшаларды күрделі жөндеп, пайдалануға беру есебінен биылғы жылы ата-аналары 2009 жылы арыз берген балалардың кейбіріне де орындар бөлінетін болады. Орындарды бөлу бойынша жеңілдіктер көп балалы отбасылардың, білім беру саласындағы қызметкерлердің, І және ІІ топ мүгедектерінің балаларына, мектепке дейінгі жастағы балаларға тиесілі. Сондай-ақ, бюджет саласында еңбек етіп жүрген ата-аналардың жұмыс орындарынан өтініш-хаттарды да қабылдаймыз».
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген В. Истомин