3 ақпанға қараған түні Атырау қаласы Болашақ ықшамауданындағы №47 үйдегі пәтерлердің бірінде май радиаторы жарылып, төтенше жағдай орын алды.
Пәтер қожайыны Амандық ӘБІШЕВ әңгімелейді:
- Бұл кезде біз әйелімізбен және үш баламызбен ұйықтап жатқан едік. Кешкісін дүниеге жаңа келген сәбиімізді жуындырдық. Сондықтан да май радиаторын түнге қосып қойғанбыз. Қатты дүрсілден оянып кеттік. Жарылыс асүйдегі қаланған тас қабырғаны бұзып, терезе блогы мен балкон есігін қиратып тастапты. Мен балаларым мен әйелімді шашыраған жалыннан қалқалап, жатын бөлмедегі өртті 5 литрлік баклажкалармен сөндіре бастадым. Өрт сөндірушілер келген кезде отты өшіріп болған едім.
Өрт сөндірушілер жатын бөлмедегі радиатордың асүй терезесі мен есігін қалай жұлып кеткенін әлі анықтауы тиіс. Амандықтың болжамы бойынша, көрші пәтерде (ол жерде қазір ешкім тұрмайды) әлдебір себеппен газ жиналып, оның пәтеріне өтіп кеткен, ал жарылыс түн ортасында радиатордың қосу-ажырату таймері іске қосылған кезде орын алған.
Азғана күйік алған жұбайына медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, Амандық оны балаларымен бірге Жұмыскердегі туыстарына апарып тастапты. Ол жұмыс істейтін «СБП “ҚазМұнайГаз-Бурение”» ЖШС ұжымы әріптестерінің тап болған қиындығына дереу қол ұшын берген. Бригада келіп, бөлме өлшемдерін алып, құм, цемент, пластик терезе мен есіктер сатып алуға кірісіп кетіпті.
ТЖ департаменті қызметкерлерінің айтуынша, жатын бөлмеде тұрған май радиаторының жарылуына қатысты алдын ала болжам сараптама қорытындысымен расталады. Газдың жарылуы мүмкін деген жорамал жоққа шығарылып отыр. Асүйде күйенің ізі жоқ. Радиатор жарылысының толқынынан қабырғаның ар жағындағы бөлменің терезесі мен есігі неліктен қопарылып жұлынып, ал жатын бөлменің терезесіне еш нәрсе болмаған? Мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келіп отырғандарын айтқан мамандар бұл сұраққа жауап бере алмады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ