Бүгін тағы да Атырауға және Атыраудан ұшатын бүкіл рейстер атмосфера қысымы өте жоғары болғандықтан ұшпай қалды. Әуежай қызметкерлерінің айтуынша, соңғы 37 жылда мұндай жағдай болмаған екен.
"Эйр Астана" баспасөз қызметі төмендегідей хабарлама жолдады:
«Эйр Астана» бүгінгі Астана-Атырау-Ақтау-Атырау-Астана бағытындағы КС 981/181/182/982 және Алматы-Атырау-Алматы бағытындағы КС 885/886 рейстері Атырау қаласының әуежайындағы жоғары атмосфералық қысымға және әуе компаниясының әуе кемелерін пайдалануға қойған шектеулеріне байланысты ұшпай қалғандығын хабарлайды.
Ұшпай қалған рейстердің жолаушылары маршруттың пайдаланылмай қалған учаскесі үшін билет құнын кері қайтарып ала алады немесе басқа рейстерге қайта броньдай алады.
Өз рейстеріңіздің мәртебесін әуе компаниясының http://airastana.com/kaz/ru/Arrivals-and-Departures.aspx сайтынан тексеріп алуларыңызды өтінеміз".
Атырау әуежайы диспетчерлерінің айтуынша, мұндай жоғары атмосфералық қысым соңғы 37 жыл ішінде алғаш рет орын алып отыр екен:
- Жоғары атмосфералық қысым кезінде "Боинг" және "Аэробус" типті үлкен ұшақтар қона алмайды. Кеше тек шағын "Челенджер" ғана қона алды, - дейді диспетчердегілер.
"Қазгидромет" Атырау филиалының кезекші синоптигі Айна ҚАЗҒҰЛОВАНЫҢ айтуынша, кеше-бүгін Атырауда атмосфералық қысым 790 мм сынап бағанасын көрсеткен:
- Бұл жоғары атмосфералық қысым тән болатын суық арктикалық антициклонмен байланысты. Ертеңгі күннің қысым көрсеткіштері де осындай. 4 ақпанға дейін осылай жалғасады. 4-5 ақпанда сынап бағанасы 700-770 мм-ге төмендейді деп күтілуде. Содан кейін 6 ақпаннан бастап, қайтадан баяу қозғалатын суық арктикалық антициклон басым болады, - дейді Қазғұлова.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
1 ақпан 2014, 16:08