Кеше, 30 қаңтарда Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ҰҚТ ісі бойынша куәгерлерден жауап алуға кірісті.
Бұл бөлім «AB Group» ЖШС салған Сәтпаев даңғылы, 35 мекен-жайында орналасқан зәулім үйдегі 9 пәтерді заңсыз алу фактісіне арналған.
Қаржы полициясының жорамалы бойынша, Аманжан РЫСҚАЛИЕВалаяқтық жолмен осы 9 пәтерге меншік құқығын иеленген. Бейресми ақпарат бойынша, бұл үйде облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТІҢ жәнебұрынғы қала әкімі Асқар КЕРІМОВТІҢ пәтерлері болған.
Куәгер ретінде шақырылған «AB Group» ЖШС-нің бұрынғы бас есепшісі Әлия ТӨЛЕНОВА 2008-2009 жылдары әңгіме қозғалып отырған тоғыз пәтердің нарықтық бағадан төмен бағамен басқа тұлғаларға рәсімделгенін, бірақ өздерінің ақша алмағандығын айтты.
– Маған фамилиялар жазылған дайын келісімшарттарды алып келді де, директор («AB Group» ЖШС-нің директоры КАМАЛОВ– С.Т.) кассалық-кіріс ордерін жазуға бұйрық берді. Мен келісім-шартта көрсетілген сомаға жалған кассалық-кіріс ордерін жазып бердім. Іс жүзінде біз бұл ақшаны алған жоқпыз. Кіріс құжатында біздің мөріміз тұр, бірақ олар бойынша чектер соғылған жоқ. Келісімшартта нарықтық бағадан төмен пәтерлер құны көрсетілген.
Бұрынғы бас есепшінің айтуынша, осы тоғыз пәтердің меншік иелерінің бережақтары бойынша компания заңгерінен де, басқадан да талаптар болмаған. Алайда сотта оқылғандай, іс материалдарында «AB Group» ЖШС құрылтайшысы ӘЛИЕВТІҢ атынан 200 млн теңге талап етілген талап арыз бар.
Сондай-ақ, осы эпизод бойынша Бергей Рысқалиевтың сыныптасы Күмісай ТОҚМЫРЗИЕВА да куәлік жауабын берді. Оның айтуынша, 2008 жылдың басында оған танысы Еркін МОЛДАШОВ келіп, Сәтпаев, 35 мекен-жайындағы №19 пәтердің бір бума құжаттарын беріп, кейін оны өзіне қайта рәсімдеймін деп, қолын қоюды өтінген.
– Содан кейін, 2008 жылдың маусымында ол маған келіп, пәтерді өз атына аударғысы келетінін айтып, Жеңіс саябағы жақтағы нотариусқа баруды өтінді. Мен адамгершілік танытып, оның өтінішін орындауға келістім. Содан кейін Еркін банкке баруды ұсынды. Пәтерді сатып алуға несие алатынын айтып, құжаттарға қол қоюымды өтінді. Мен қолымды қойдым. Осы уақыт бойына пәтерді бірде-бір рет көрген жоқпын, қолыма ақша да ұстағаным жоқ. Ал 2012 жылдың маусымында салық қызметінен менің атыма 9 млн теңгеге пәтер сатып алып, оны 21 млн теңгеге сатқандығым, сол үшін 1 млн теңге сомасында салық төлеуге тиіс екендігім туралы хабарлама келді.
Тоқмырзиеваның айтуынша, ол Рысқалиевтардың отбасын жақсы білген. Өйткені олар көрші тұрыпты:
– Бергей Рысқалиев 1981 жылға дейін Мақаттағы мектепте менімен бірге оқыды. Үйлерімен көрші тұрдық, бәрін танимын, бір ауылда өстік қой.
Осы қылмыстық процесс бойынша барлығы 400-дей куәгерден жауап алу жоспарланған. Бұдан бұрын мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Гүлмира ДӘУЛЕТОВА жауап алу басталғанға дейін дәлелдерді тексеру тәртібін бекіткен еді:
– Сот «Пәтерлер» блогынан бастауды белгіледі. Оған тоғыз пәтерді алаяқтық жолмен алу және арендалық баспана құрылысы туралы кіреді. Әрі қарай «Нысандарды жекешелендіру» блогы, үшінші блок «Көпірлер», төртінші блок «СнабОйлСтрой», әрі қарай мемлекеттік «Бизнес көмек» қоры, «Газдендіру», «Көлік жолдарын қайта жарақтау», «Азиямаркет С» ЖШС, бұған инженерлік инфрақұрылым, су алу және су тазарту құрылғыларын салу кіреді. Тоғызыншы блокта «Сумен қамтуды» қарау жоспарланған. Әрі қарай «Электрлендіру», «Жалған кәсіпкерлік» және соңғы блок «Парк». Мұнда осылар арқылы келісімшарттар жасалған бүкіл кәсіпорындардың қызметтерін әшкерелеу жоспарланып отыр.
Сот отырысы дүйсенбі күні, 3 ақпанда жалғасатын болады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА