Бизнесті тексеруді жоспарлау және тіркеу процесі таяу уақытта ашық түрде жүргізілмек. Адам факторынсыз жұмыс істейтін жаңа электронды бағдарлама туралы бақылаушы органдардың өкілдеріне Атырау облыстық құқықтық статистика және арнайы есеп басқармасындағылар әңгімелеп берді.
«Е-жоспар» деп аталатын жүйе екі бөлімнен тұрады: «Тексерулерді электронды жоспарлау» және «Тексерулерді электронды тіркеу» бөлімі. Ол жоспарлаудан бастап, нәтижелерге дейінгі тексерулерді автоматтанған режимге толықтай аударуды жобалайды. Жүйе жоспарлау кезінде тексеру үшін кәсіпкерлер субъектілерін өзі анықтайтын болады. Мұнда кәсіпкердің мәртебесі, алдыңғы тексерулердің нәтижелері, субъектінің заң бұзушылықтарға ұшырағыштығы секілді жайттар ескеріледі. Бұдан басқа, бақылаушы органдардың қызметкерлері жоспарлы және жоспардан тыс тексеру өтінішін кабинетінен шықпай-ақ өзінің жұмыс компьютерінен тікелей тіркеуге жібере алады.
Мемлекеттік органдардың тексерулерді тағайындау туралы он-лайн режимде жіберетін мәліметтері бірыңғай дерекқорға түспек. Кәсіпкерлер өз кезегінде тексерулер туралы ақпаратты өзін танытып үлгерген «Бизнес тірегі» электронды жобасы арқылы алатын болады.
Өткен жылы облыстық прокуратура өкілетті органның 66 актісін жойып, өзгерткен болатын. Лауазымды 50 тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралар 347 кәсіпкердің құқығын қорғауға мүмкіндік берді.
Бақылаушылар көбінесе субъектілерді тәуекелділік деңгейіндегі топтар бойынша қате бөлетін, домалақ арыздар бойынша және тексеру тағайындау туралы актіні шығармастан, тексерулер жүргізу секілді заң бұзушылықтар жасайды.
Тамара СУХОМЛИНОВА