22-23 қаңтар күндері «Құрманғазы» мәдениет сарайында қала және аудандар командаларының қазақша КВН ойындары бойынша «Жайдарман» фестивалінің маусымы ашылды.
«Қазақстан КВН Одағы» Атырау филиалының директоры Асхат ҚАЛАУОВТЫҢ айтуынша, биыл «Жайдарман» фестиваліне қатысуға 45 команда ниет білдірген. Исатай ауданының командаларынан басқасының бәрі қатысуда.
Біз көзге түскен фестиваль қатысушыларын әңгімеге тарттық. Еркінқала құрамасынан Еркебұлан ҚҰСПАНОВ:
- Мен КВН ойындарына 7-сыныптан бері қатысамын. Қазір жасым 16-да, қаладағы көлік және коммуникация колледжінің 1-курс студентімін, дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алудамын. Осы оқуымды бітірген соң Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсуге құжат тапсыруды алдыма мақсат етіп қойып отырмын.
Қызылқоға құрамасынан Дамир МҰРЗАГЕРЕЕВ жақында 24 жасқа толды:
- Мен үшін КВН ойындары жәй ермек емес, ол әзіл әлемінде өзімнің қабілетімді сынау, адамдардың көңілін көтеру. Өзім Х.Досмұхамедов атындағы АМУ түлегімін. Экономика факультетінің туризм жөніндегі менеджері мамандығы бойынша оқуды тәмамдадым. Қазір вахталық ауысыммен жұмыс істеймін. Команда болып бірігіп отырып, қызықты оқиғаларды ойлап шығарамыз, әзілді көбіне біздің команданың капитаны Ернар САКУПОВ жазады.
Осы кездеЕрнаржанымызға келді. Әзілдемеді, көкейіндегісін айтты:
- Басқа өңірлерде КВН командалары республикалық «Жайдарман» сайыстарына қатысуға барады дегенде, қолдаушылар көп. Оларды керемет тізіп айтып жатады. Ал Атыраудың атынан шығып жүргенімізге екі жылдан асты. Бізді қолдаушылар жоқтың қасы десе де болады. Сондықтан біз қазір демеуші іздеп жүрміз.
Айнұр САПАРОВА