13 қаңтарда облыстық табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВТІҢ (суретте) тапсырмасымен табиғат қорғау прокуратурасының, су полициясының, балық қорғау қызметінің және «Ақжайық» резерватының тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын браконьерлікпен күрес жөніндегі мобильдік топ құрылды.
Күш құрылымдарының қызметкерлері браконьерлермен күресті жаңаша қолға ала бастады. Енді олар браконьерлердің мұз бетімен балық таситын мотоциклдерін алып қоюда. Операция басталған уақыттан бері 10-нан астам мотоцикл алынды. Олардың барлығы ішкі істер органдарына тіркелмеген және қожайындарына оларды «Арнаулы автобаза» КМК-нің айыппұл тұрағынан алу үшін әкімшілік айыппұл төлеп, есепке тұруы керек.
Біздің заң қызметкерлеріне шығармашылық та жат емес. Қазіргі тәркілеулер «сынақ» қана болды, ал 27 қаңтарда бір ай мерзімге браконьер-мотоциклшілермен күрес жөнінде кең ауқымды акция жарияланатын болады. Табиғат қорғау прокуратурасындағылар шараның атауын ойластыруда. «Жайық – көлік жолы емес!», «Браконьер-байкерлер, сендерге бұл жерден орын жоқ!» және т.б. атаудағы нұсқалар қарастырылып жатыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ