– Салондардың біріне педикюр жасағаннан кейін табанымның құрғап, нығыздалған қабыршақты дақтар пайда болғанын байқадым. Аяғымды басқан кезде орны ауырады. Жеке емхананың дерматологы педикюр кезінде зарарсыздандырылмаған аспаптар арқылы сүйел вирусы жұқтырылғанын растап отыр. Ештеңе жасау қажет емес екенін айтты. Осы дұрыс па?
Люция
Облыстық тері-венерологиялық диспансердің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Шамиль АБДРАШИТОВ оқырманға жеке емханаларға жүгіре бермей, өзі басқарып отырған мемлекеттік мекемеге дерматолог дәрігерден тексерілу үшін келуге кеңес берді.
- Авангардтағы тері-венерологиялық диспансерде оған тегін кеңес беріп, анализ жасау үшін табанынан қырма алады. Оның нәтижесі сол күні дайын болады. Содан кейін оған ем тағайындайды. Бір ғана шарт: дәрігерге барар алдында жараға ештеңе жақпай, аяқты екі күн жумау керек.
Абдрашитов сондай-ақ, әйелдер қауымына сұлулық салондарындағы аспаптардың зарарсыздандырылу мәселесіне ыждағаттылықпен қарауға кеңес берді.
– Маникюр мен педикюр үшін қолданылатын аспаптардың дұрыс зарарсыздандырылғанына көз жеткізіңіздер. Аспаптар алдыңғы клиенттен кейін спиртпен сүртілген емес, сіздің көзіңізше арнайы стерилизатордан шығарылуы тиіс. Салондарды тексерумен СЭС айналысады. Салондарда аспаптар дұрыс өңделмейді деген күдігім бар. Бұл ең алдымен клиенттердің көп келуінен, уақыт үнемдеудің салдарынан орын алып жатады. Біздің талабымыз бойынша, әр клиентке күніне жеке аспаптар жинағы тиесілі болуы тиіс.