Атырау, 4 мамыр 12:44
 ашықВ Атырау +15
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Рысқалиевтың ҰҚТ ісі: айыптау қорытындысы

4 535 просмотра

Бүгін, 28 қаңтарда отырыстың төртінші күні аяқталып қалды және екі мемлекеттік айыптаушылардың кезекпен-кезек айыптау қорытындыларын оқығандарына үшінші күн болды.

Оның толық мәтіні 10 мың беттің шамасында. Тіпті кіріспе бөлімі мен куәгерлер жауабын қоспағанда, бұл бөлім 10 томдай болуы мүмкін. Айыптау бөлімімен танысу ертең де жалғасады деп жоспарлануда. Келесі кезең – куәгерлерден жауап алу. Олардың саны шамамен 400 (алғашқы күні сотталушылар мен адвокаттардан қосымша куәгерлерді тарту туралы бірнеше өтініштер түсіп, оларды сот мақұлдаған еді).

Прокурорлар Бергей Рысқалиевты Атырау облысының әкімі лауазымына келген алғашқы күннен бастап қасақана «көпдеңгейлі ұйымдасқан қылмыстық топ» құрды деп айыптап отыр. Прокурор Ақылбек ҚАРАЖАНОВ оқыған бөлімде ҰҚТ 2006 жылдың қазан айында құрылды делінген: «2006 жылдың қазанында (осы айда ол облыс әкімі боп тағайындалды – З.Б.) Рысқалиевта жеке материалдық пайда табу үшін жоспарлар құру және жағдай жасау, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасау мақсатында Атырау қаласынан ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерінің бірлестіктерінен тұратын қылмыстық қауымдастық құру жөнінде қылмыстық пиғыл пайда болды. Б.Рысқалиевтың күйеу баласы Әлбақасов пен Ақтөбе тұрғыны Павличенко бір-бірін өзара толықтыратын ұйымдасқан қылмыстық топтарға басшылық етті (...). Рысқалиев басшылық еткен қылмыстық қауымдастыққа кіретін тұлғалар қала мен облыс аумағындағы газдендіру, электрлендіру, сумен қамту, тұрғын үйлерді, көпір өткелдерін, кәріздік-тазарту құрылғыларын салу және басқа да әлеуметтік нысандар құрылысы секілді әлеуметтік-маңызды нысандарды салу кезінде бюджет ақшаларын ұрлау нәтижесінде материалдық пайда табуға бағытталған бірыңғай қылмыстық мақсатты көздеген».

Айыптау жорамалы бойынша, Рысқалиев сыбайластар ретінде «жеке бас адалдығымен және жең ұшынан жалғасу принципімен заңсыз берілген нұсқауларды нақты және мүлтіксіз орындап, аса ауыр қылмыстарды жүзеге асыру үшін жоспарлар мен жағдайлар жасауға қатысқан» Атырау облыстық әкімдігінің лауазымды тұлғаларын және олармен қызметтік қарым-қатынастық байланыста жоқ жеке тұлғаларды тартқан. Олар құрған иерархияның сенімді тұлғалары мен жоғарғы мүшелерінің қатарында жақын туыстары болған.

Рысқалиевтың айыптылар орындығында жоқ екендігіне қарамастан, оның есімі үнемі іс материалында айтылады. Оған коммуналдық меншік нысандарын заңсыз шығарды; жобалау-сметалық құжаттама сомасын аса жоғары көтеріп, жалған кәсіпорындар құру арқылы әлеуметтік маңызды нысандар құрылысына бөлінген бюджет қаржыларын иемденіп, ысырап қылды; алаяқтық пен пара алу арқылы бөгде мүліктік құқықты иеленді; заңсыз жолмен алынған ақшалай қаржылар мен басқа да мүліктерді заңдастырды; мемлекеттік кәсіпорындарды заңсыз жекешелендірді... деген айыптар тағылып отыр.

Бюджет ақшаларын жымқыру сызбасы былайша көрініс табады: «Қылмыстық қауымдастық бәсекелестік ортаны қолдан жасап, өз бақылауындағы заңды тұлғаларды байқау жеңімпаздары деп таныған. Кейіннен тапсырыс берушілер – облыстық әкімдіктің мемлекеттік мекемелері – заңсыз өткізілген сатып алулар негізінде жобалау-сметалық құжаттама бойынша көрінеу жоғары көрсетілген сомада әлеуметтік нысандар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының келісімшарттарын жасаған».

Кейіннен ҰҚТ ұрланған қаржыларды заңдастыру мақсатында жалған кәсіпорындар құра бастаған. 2009-2012 жылдар аралығында қылмыстық қауымдастық өз қызметіне дәулеті жоқ тұлғаларды пайдаланып, кәсіпорынды солардың атына рәсімдеген.

«Павличенко қылмыстық топтың белсенді қатысушысы Корицкиймен бірігіп, тұрақты немесе жеткілікті табысы жоқ, материалдық қиындықтарды бастан өткеріп жүрген тұлғаларды іздестірген. Материалдық тұрғыда ынталандыру үшін осы тұлғаларға Павличенко мен Корицкий жалақы ретінде 50-ден 150 мың теңгеге дейінгі мөлшерде ақша төлеген».

Қауымдастыққа, тергеу материалдары бойынша, коммуналдық меншік нысандарын заңсыз жекешелендіру үшін Болат Дәукенов басшылық еткен жеке топ кірген.

«Дәукенов облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Дәукеновтің тобына, Рысқалиевтың жоспары бойынша, облыстық қаржы басқармасының бастығы Жантеміров, облыс әкімінің орынбасары Әбдіров және басқалар кірген. Дәукеновтің рөлі өзіне сеніп тапсырылған қылмыстық қауымдастықтың қылмыстық қызметін үйлестіру болған. Жантеміровтің рөлі мемлекеттік мүліктің тиісті нысандарын жекешелендіру бойынша және нысан құрылыстарының құнын төмендету әдістерін пайдалануда құжаттарды дайындау болған», - деді прокурор.

…Сызбалар, жалған компаниялар, бюджет қаржыларын жымқыру, заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру... Айыптау қорытындысы мафиялық қауымның құрылуы, күнделікті тірлігі және күтпеген сәтсіздіктеріне толы сериалдың кәсіби сценарийіне ұқсайды. Естеріңізге салсам, өткен жазда Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы қазақстандықтар мен мемлекетке зор зиян келтірді деп, брифингтердің бірінде Қазақстанның экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат ЖҰМАНБАЙ мәлімдеген болатын. ҰҚТ қызметінен тигізілген зиян сомасы 71 миллиард теңгеден асты. Оның ішінен тергеу барысында мүлікті және ақшалай қаржыларды қайтару арқылы 23 миллиард теңгесі өтеліп, жалпы құны 39 миллиард теңге болатын мүлікке әрі қарай өтеу мақсатында тыйым салынды. Сол кезде қаржы полициясы ағайынды Рысқалиевтардың және олардың жақын туыстарының Швейцариядағы үш есепшотына тыйым салынғандығы туралы хабарлады. Тыйым салынған қаржылар сомасы 100 миллион еуродан асады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

28 қаңтар 2014, 22:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.