24 қаңтарда облыстық прокуратура өткен жылдың қорытындылары бойынша есеп берді.
Облыс прокурорының орынбасарлары, сондай-ақ басқарма басшылары қатысатын дәстүрлі брифинг болған жоқ. Қадағалаушы орган өзінің ресми өкілі Асылан НҰРҒАЛИЕВТЫҢ есеп беру баяндамасымен шектелді. Ол әлеуметтік-экономикалық салада 20 мыңға жуық заң бұзушылықтар анықталып, шара қабылданғаны, 1 200 заңсыз құқықтық актілердің күші жойылғаны туралы хабарлады. 37 мың адамның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, соның ішінде 10 мың кәмелет жасқа толмағандардың құқығы қорғалды (бұл жерде әңгіме тек алименттер туралы ғана емес, сол сияқты ыстық тамақ беру бойынша мектептерді, интернаттарды тексерулер жөнінде). Прокурорлардың араласуымен 370 млн теңге сомада жалақы бойынша қарыздар төленді, 400-ден аса кәсіпкер қызметтеріне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғалды.
«Баланы балалық шақтан айырма – алимент төле» және «Балаңды есіңе ал – алимент төле» акцияларының барысында 284 баланың пайдасына 15 миллионнан астам теңге өндірілді. Алимент төлеуге мүмкіндігі жоқ 1 008 қарызгердің 265-і жұмыспен қамтылды, екеуі кәсіби оқуға, біреуі қайта даярлауға, тағы екеуі әлеуметтік жұмыстарға жіберілді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА