Атырау, 21 желтоқсан 10:01
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

1 722 просмотра

«Редзенге» рахмет

3-БЖСМ шәкірттерінен құралған «Атырау барыстары» 1998 ж.т. ер балалар арасында Еуропа жасөспірімдер баскетбол лигасы чемпионатының екінші туры өткен Латвияның Огре қаласынан оралды. 

Турнирге 16 команда қатысады. «Барыстардың» тобында Финляндиядан үш команда, Латвиядан екеу, Ресей мен Литвадан бір-бір ұжымнан ойнайды. Тур қорытындысы бойынша «барыстар» мүмкін болар 10 ұпайдан 8 ұпай жинап, 2-орынға табан тіреді. Бұл оларға үш турдан кейін Еуропа жасөспірімдер баскетбол лигасының төрттік суперфиналында өнер көрсетуге жақсы мүмкіндіктер береді.

«Барыстардың» жаттықтырушысы Амантай ТОРҒАЕВ былай дейді:

- Біз алдымен литвалық «SКМ-98» командасын, финдік «Хонкты» және латвиялық «Редзенді» ұттық, содан кейін екі фин командасы - «AllStars» және «Namika» ұжымдарынан жеңіліске ұшырадық. Соңғы ойында біздің балалар ойын аяқталуға 1 минут 27 секунд уақыт қалғанда финдерді 9 ұпай айырмашылығымен ұтып жатқан, қатар өтіп жатқан ойында «Огре» «Редзенді» ұтқан жағдайда екінші орынға қол жеткізу үшін доп айырмасын арттыру мақсатында біздікілер шабуылға ден қойды. Алайда финдер біздің жоспарымызды «біліп қойып», арттағы олқылықтарды пайдаланып, бізден 4 ұпай артық соқты. Бірақ 2-орын үшін бізбен таласқа түсіп жатқан «Огре» де жеңіліс тауып, екінші орын біздің еншімізде қалды.

Турнирдің символикалық бес үздік ойыншыларының арасында атыраулық екі ойыншы – Артем Парфенов пен Райымбек Сағынғалиевтердің болуы қуанышымызды арттыра түсті.

***

 

Дубль жаңа маусымға дайындалуда

«Атырау» ФК-ның қосалқы құрамы жаңа маусымға «Судоремонтник» стадионында дайындалуда.

- Биылғы оқу-жаттығу жиыны 6 қаңтарда басталды, - дейді қосалқы құрамның аға жаттықтырушысы Тимур ҮКІБАЕВ.Құрамда кейбір өзгерістер болады. 1992 ж.т. ойыншылар Айбар Нұрыбеков пен Асылбек Сейітқалиев «Атыраудың» негізгі құрамына қосылды. Бірінші лигада ойнайтын ақтаулық «Каспий» командасына шабуылшы Нұрсұлтан Мәдиев, тірек жартылай қорғаушы Дәурен Қайырлиев, қорғаушылар Ерболат Харенов пен Райымбек Қауанов сынақ тапсыруға кетті. Босаған орындарға 1995, 1996, 1997 ж.т. футболшыларды қосамыз. Бір белгілісі, алдағы маусымда қосалқы құрамда U-17 Қазақстан құрамасының мүшесі, 1997 ж.т. Валерий Андреев міндетті түрде ойнайтын болады.

***

 

Дамбылықтар ерлеп тұр

Дене тәрбиесі және спорт өңірлік орталығының қолдауымен Мұз сарайында 1998-2000 ж.т. мектеп, лицей және колледж оқушылары арасында шайбалы хоккейден облыс біріншілігі өтті.
Турнир қорытындысында 1-орынды Гагарин атындағы №4 мектеп, 2-орынды Амангелді атындағы орта мектеп (Дамбы), 3-орынды Ф. Оңғарсынова атындағы орта мектеп (Дамбы) алды.

***

 

Легионерлер қатары көбейді

Қаңтарда облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы жаңа ойыншылармен толықты.

Бұлар - 2005 жылы «Динамо» (Мәскеу) командасы құрамында Ресей чемпионы болған 30 жасар Альберт Вишняков, киевтік «Соколдың» 30 жастағы ойыншысы Константин Рябенко және словакиялық 32 жастағы қақпашы Марек Лацо.

19 қаңтарда А.Вишняков астаналық «Номад» командасымен кездескен алғашқы үй матчында нәтижелі паспен көзге түсті. Бұл ойында «Бейбарыс» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алаң иелері сапында барлық үш голды Лукаш Хвила, Мартин Херман және Салонен салды. Келесі күнгі екінші кездесуде біздің хоккейшілер «Номадты» 5:4 есебімен тағы да ұтты.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Мұзға қыздар да шықты

«Бейбарыс» балалар хоккей клубы Рудный қаласында өткен 2001 ж.т. балалар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысты.  

Жаттықтырушы Евгений АНТОНОВТЫҢ айтуынша, команда осы жастағы ойыншылар жетпегендіктен, чемпионаттың бірінші турына қатыса алмады. Сондықтан да 1999-2004 ж.т. балалардан құрылған команда чемпионаттың екінші турынан бастап есептен тыс ойнауды бастады, яғни олар жүлделі орындар үшін таласа алмайды.

Өсіп келе жатқан «мәмлүктер» алғашқы екі матчта жеңіліс тапты: «Устинка-Мальчики» командасынан (Өскемен) 3:8 және «Горняк-Мальчики» (Рудный) командасынан овертаймда 5:6 есебімен ұтылды. 

Балалар чемпионатында ер балалармен қатар қыздар да өнер көрсететінін атап өткен жөн. «Бейбарыс» келесі екі ойында «Горняк-Девочки» (Рудный), «Устинка-Девочки» (Өскемен) командаларымен кездесіп, оларды, сәйкесінше, 7:3 және 5:1 есебімен ұтты. Содан кейін «БЖСМ» (Орал) командасын 16:3 есебімен ұтып, алматылық «Еңбектен» овертаймда 4:5 есебімен жеңіліп қалды.

Тур қорытындысы бойынша Аббас Құрбанов, Еркебұлан Қисымет, Данияр Жұбаев, Кирилл Тен және Асылан Мырзабаев көзге түсті. Чемпионаттың үшінші туры наурызда өтеді.

***

 

Психологтар әкімшілікке есе жіберді

Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-де университет оқытушылары мен басқа да қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада өтті. 

Жарыстардың бас төрешісі Нұролла Мәмбетовтың айтуынша, спартакиадаға жоғары оқу орнының ректоры Бейбіт Мамыраев та белсенді қатысқан. Спартакиада қорытындысы бойынша алты жыл бойы психология, педагогика және өнер факультетінің еншісінде болған көшпелі кубок әкімшілік командасына ауысты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.