Атырау қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» 7-сыныпқа іріктеу байқауын жариялады. Құжаттарды қабылдау 5 ақпанда аяқталады.
Тестілеу екі күн жүргізіледі. 1 наурызда үміткерлер математикадан (40 тапсырма), сондай-ақ, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен (20 тапсырмадан) пәндік тест тапсырады. Барлық тестілерге 180 минут беріледі. Тестіні сәтті тапсыру үшін үміткер математикадан мүмкін болар ең жоғарғы балдың 35%-ын жинау керек. 2 наурызда балалар табиғи-математикалық ғылымдарға қабілеттіліктерін бағалау бойынша тест сынағынан өтеді: кеңістікке ойлаудан 74 сұрақ және мөлшерлік сипаттамаға 60 сұрақ. Бұл тапсырмаларды балалар 77 минутта аяқтаулары керек және «Мөлшерлік сипаттама» бөлімінен 40%-дан артық ұпай жинаулары қажет.
Емтихандар «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономды білім беру ұйымы стратегиялық әріптестері – Cito педагогикалық өлшемдер институтымен (Нидерланды) және CTY Джонс Хопкинстің университетінің талантты жастар орталығымен бірлесе әзірлеген жүйе бойынша өтеді. Тест нәтижелерімен соңғы тестілеу аяқталғаннан 40 күнтізбелік күн өткеннен кейін www.nis.edu.kz сайтынан танысуға болады.
Тестілеуге қатысу үшін үміткерлер қабылдау комиссиясына келесі құжаттарды тапсыруы керек: байқауға қатысуға өтініш; толтырылған сауалнама; туу туралы куәліктің көшірмесі; 086/у нысанды медициналық анықтама; тұрғылықты жері туралы анықтама; сынып жетекшісі мен сәйкесінше білім беру ұйымының мөрімен расталған бірінші жарты жылдықтағы үлгерімі және тәртібі туралы табельдің көшірмесі; ЖСН көшірмесі; екі 3х4 суреті. Құжаттарды қабылдаудан бас тартуға өтінішті белгіленген мерзімі өткеннен кейін тапсыру мен құжаттардың жетіспеушілігі ғана негіз болады.
Құжаттар 5 ақпанға дейін Нұрсая ықшамауданы, 11 көше, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ғимаратында дүйсенбі-сенбі күндері аралығында сағат таңғы 9-дан кешкі 17.00-ге дейін, жексенбі күні 13.00-ге дейін қабылданады. Анықтама телефондары: +7 (7122) 558551, +7 775 6458095.
Зульфия ИСКАЛИЕВА