«Біздер қаладағы Шәріпов көшесіндегі №32а мекенжайы бойынша орналасқан химия зауытының ескі жатақханасында тұрамыз. Жатақхана өткен ғасырдың 50 жылдары тұрғызылған. Әбден тозған жатақхананың төбесі әбден шіріп, құлауға шақ тұр. Пәтерлердің іші де үнемі ылғалданып тұрады. Шамасы жеткен тұрғындар өз әлдерінше бөлмелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сырттан су тартып алған. Қалғандары суды бірінші қабаттағы әжетханада орналасқан шүмектен тасиды. Ал газ мүлдем жоқ, тартылмаған. Тамақ пісіруге пеш қолданамыз. Электр сымдары ашық-шашық күйінде жалбырап тұр, шатыр да солай. Біз, 21 пәтердің иелері, бұған дейін қала әкімі атына бірнеше рет хат жолдап, жағдайымызды айтып едік. Біздің жатақханада ПИК көп жылдан бері жоқ. Бұрын «Гүл» ПИК-і қызмет көрсеткен, бірақ бұл үй өте ескі, инженерлік желілері тозған деп қызметтерінен бас тартты. Соңғы рет 2010 жылдың 30 наурызында әкімдікке хат жолдаған едік. 12 сәуірде сол кездегі қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТІҢ атынан келген №02-3553 нөмірлі хатта біздің үйіміз құлауға жататын үйлер тізімінде делінген. Соған қуанып қалғанбыз, бірақ оның бер жағында бірнеше жыл өтті, ешқандай қозғалыс жоқ. Жатақхананың қашан күрелетінін білгіміз келеді».
Осы мәселеге орай қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ біздің жолдаған редакциялық сауалымызға былай деп комментарий береді: «Шәріпов көшесіндегі №32а жатақхана ғимаратының апаттылығы танылмағандықтан Атырау қаласы бойынша апатты жағдайдағы көп пәтерлі тұрғын үйлер тізіміне енгізілмеген, сондықтан тұрғындар үйдің техникалық жағдайын зерттеу үшін төмендегі тізімде көрсетілген эксперттерге жолығулары қажет:
1. «Құрылысконсалтинг» ҰҚ АҚ, Жақсыбаев С., Абай көшесі, №15-1А, телефон: 32-65-78;
2. «Цинк И.П.» ЖК, Абай көшесі, №15-1А, телефондары: 32-04-15, 8701 566 84 18;
3. «ЗапКазЭксперт» ЖШС, Амиров Ж.Б., Жарбосынов көшесі, №62, телефон: 20-34-99;
4. «АССАМ» ЖШС, Уразгалиев А.У., Азаттық даңғылы, телефондары: 8 701 566 15 97, 8 701 313 35 29;
5. «Есеналиев Даут» ЖК, Молдағалиев көшесі, №31, 1 кеңсе, телефондары: 45-37-12, 8 701 354 78 47;
6. Картимов Теміржан, Авангард, 4-18-32, телефондары: 21-13-40, 8 701 907 29 42».
7. «НұрПроектИнвест» ЖШС, Қанатов К.А., Досмұхамедов көшесі, №90, телефондары: 20-15-73, 30-50-36;
8. «КазПроектСтрой-А» ЖШС, Наурызалиев Ж.Т., Авангард, телефондары: 50-93-80, 8 701 794 98 17;
Біз «Құрылысконсалтинг» ҰҚ АҚ-да бізге былай деп жауап берді:
- Үйдің техникалық жағдайын тексеру үшін сол үйдің тұрғындары бізге хабарласып, үйдің апаттылығын тексеру өтінішімен шығу керек. Бірақ біздің қызметіміз ақылы, сондықтан тұрғындардың нақты келісімі қажет, егер олар белгіленген соманы төлеуге келісіп жатса, біз келісімшартқа отырып, үйге тексеру жұмысын жүргіземіз.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор