Атырау, 4 мамыр 13:03
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Түнде атылған оқ

7 458 просмотра

Дәурен САТАЙБАЕВ (суретте) осыдан жеті ай бұрын Мақат кентінде белгісіз біреулердің атқан оғынан қаза тапты. Оның өліміне кінәлілер әлі табылған жоқ.

ОҚИҒА БЫЛАЙ БОЛҒАН 

Оқиға 2013 жылғы маусымның 4-інен 5-іне қараған түні кенттегі Теміржолшылар көшесі 32/1 үйдің 1-ші подъезі алдында болған. Туыстарының айтуынша, Дәуренге дос қызы телефон соққанда машинаның дыбысы, балалардың шулаған айқайы, мылтықтың даусы естілген. Содан кейін телефоны жауап бермеген.

- Бытыра оғы Дәуреннің бетін ғана емес, екі алақанын да тесіп өткеніне қарағанда, ол басын қалқалап, қорғанған болуы керек. Мылтық жақыннан атылған сияқты. Қылмыс болған жерде Дәуреннен басқа тағы бірнеше бала болған. Бірақ қасындағылар жарытымды ештеңе айтпай отыр, -дейді Дәуреннің туған  апасы Самал САТАЙБАЕВА.

Сот-медицина сараптама-сының қорытындысында да Дәуреннің өлімінің себебі оң жақ бет аузы мен екі қолына бытыра оғы тигеннен болғандығы көрсетілген. Осылайша ол Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіндегі оқуын тәмамдап, дипломын қолына алуға небары 20күн қалғанда кісі қолынан ажал құшты. Самал анасының Оралда жүрген Дәуренді үй ішіне жөндеу жүргізуге көмектесуге шақырғаны үшін өзін кейде кінәлайтынын айтады. Ол үйінің жалғыз ұлы болатын.

- Інім 2013 жылдың 31 мамырында Оралдан келгесін біз үйді жөндеуге кірістік. Ол маусымның 4-і күні түнгі сағат 23.00 шамасында «далаға шығып келем» деп бізге ескертіп кетті. Кейін кенттегі № 80/1үйде тұратын нағашы апамның үйінде екендігін айтты. Мен бір сағаттан кейін сонда телефон соққанымда, ол «Дәурен қазір ғана шығып кетті» деді. Дәуреннің ұялы телефонына хабарласқанымда, бұл кезде түнгі сағат 00.21 болатын, ол «балалардың қасында тұрмын, қазір барамын» деді. Ал сағат 1-ден 5 минут кеткенде, ұялы телефоныма бөлем Жомарт соғып, Дәуренді белгісіз біреулер атып кеткенін хабарлады. Бұл туралы Жомартқа Мақат поселкесінің тұрғыны Виталик КРАСНОЯРОВ жеткізіпті. Біз ауруханаға барғанда қызыл қанға малынған Дәуреннің кеудесінде жаны бар, сөйлейтін қалде болмады. Ол аз уақыттан кейін ауруханада ауыр жарақаттан көз жұмды. Төрт күннен кейін ол 22 жасқа толатын еді, - дейді Самал.

Туыстары Дәуреннің денесін ауруханадан алып кетпек болғанда, АІІБ-нің тергеу бөлімшесінің қызметкерлері сот-медицина сараптамасы үшін Атырауға апаратынын айтып, бермей қойыпты. Ал келесі күні, 5маусымда сағат 11.00шамасында Атыраудағы мәйітханаға барғанда, марқұмның денесі мұнда жоқ болып шықты.

- Сорақысы, біз мұның себебін білу үшін аудандық ІІБ-не барғанда, Дәуреннің денесінің ашық-шашық күйде бөлімшенің гаражында жатқанының үстінен түстік. Бауырымның мұншама қорланған жағдайда жатқаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді, ашу-ызамды туғызады,  - дейді ашынған күйде Самал. -Жазды күні дене бұзылмай ма, АІІБ-дағылар көлік табуға жағдайлары жетпейтінін о баста неге ашып айтпады? Оқиға болған түні-ақ інімнің денесін қалаға өзіміз апарар едік қой. Ал бізге олар «денені қалаға апаратын көлік табылмады» деп қарап тұр. Онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған бізге бұл ауыр соққы болып тиді. Сол жерде айқай-шу көтеріп, көлікті өзіміз таптық, денені Атыраудағы мәйітханаға жеткіздік. Осыған байланысты АІІБ бастығының атына өз істеріне жауапсыз қараған қызметкерлерге шара қолдану жөнінде шағым түсірдік, бірақ ол қараусыз қалды.    

 

ҚЫЛМЫСТЫҢБЕТІ АШЫЛУЫ ТИІС 

Дәуреннің өліміне қатысты ҚР ҚК-нің 96-бабы, 1-бөлімімен («Қасақана кісі өлтіру»)  қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, марқұмның туыстарының айтуынша, тергеу ісі тым баяу жүрген. Олар бұған осы қылмыстық іске қатысы бар күдіктілер мен куәгерлердің дер кезінде сұралмауы және жедел түрде шаралар алынбауы себеп болып отыр деп санайды.  

Атырау облысы ІІД бастығының міндетін атқарушы Аян ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ Дәуреннің анасының арызына орай берген 2013 жылдың 5 тамызындағы жауабы: «...Тергеу барысында Сіздің арызыңызда көрсетілген мән-жайлар толығымен тексеріліп, осы оқиғаға куә болған барлық адамдар, соның ішінде сол күні Сатайбаевтың қасында болған Нұрбол МАРАТОВ, Жасұлан ҚАРТҚОЖАҚОВ, Санат ЖОЛАМАНОВ, Айбек ЕСІРКЕПОВ, Қуаныш БАЛМҰХАНОВ және оқиғаға еріксіз куә болған адамдар мен үй тұрғындарынан жауаптар алынып, олардың осы қылмысқа қатыстылығы тексерілді. Жүргізілген жедел іздестіру шаралары нәтижесінде аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адам анықталып, олар қазіргі күні іздестірілу үстінде. Алайда, тергеу құпиясына жататындықтан, күдіктілердің аты-жөнін жария ете алмаймыз. Күдікті адамдарды ұстау және қолданған қаруды табу облыстық ІІД криминалды полиция басқармасының және Мақат аудандық ІІБ тәжірибелі қызметкерлеріне жүктеліп, жедел іздестіру жұмыстары жүруде».

Ал мынау Мақат ауданы-ның прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИННІҢ жауабы:«Қылмыстық істі тергеу барысында тергеуші Абзал КАРИННІҢ ҚР ҚІЖК-нің 24-бабы талаптарын бұзып, істі тергеуді жан-жақты, толық және объективті жүргізуге шаралар алмағандығы анықталды. Сіздің арызыңызда көрсетілген адамдардан жауаптар алмаған».

- Бұл жауаптар бізді қанағаттандырып отырған жоқ. Сол күні Дәуреннің қасындағы екі бала оқтан жарақаттанды деп естіп отырмыз. Оның бірі 1994 жылғы Нұрболат ГАЛИМОВ кейін біздің үйге келіп, сол жақ қолының бас бармақтан жоғары тұсына оқ тигенін өзі айтып, одан қалған тыртықты көрсетті. Бірақ бұл істе көрсетілмейді. Оқиға болған жерде ақ түсті «Нива» автокөлігі болған деседі, бұл не қылған машина және ол кімге тиесілі? Түсініксіз жайттар өте көп. Бұған қарап, іс мүлдем жабылып қала ма деп қорқамыз. Інімнің жастай өмірін солдырған адам қалайша бейбіт өмірде алшаң басып жүреді?... Ол адам жазасын алуы тиіс,- дейді Самал.

Ал бұл жағдайға қатысты Мақат ауданының ІІБ бастығы Ерболат ДОСМАГУЛОВ болса:

- Бұл оқиға болған кезде мен еңбек демалысында болдым. Аудан орталығында мүрде сақтайтын орын жоқ. Осы жағы бізге де талай қиындық тигізіп жүр,- деп отыр.

Мақат ауданы прокурорының орынбасары Досбол БАҒЫТЖАНОВТЫҢ айтуынша, қылмыстық іс тергеу мерзімі біткен соң (айыптауға жататын адамның анықталмауына байланысты) тоқтатылған.Алайда облыс прокурорының орынбасары Бауыржан САУҒАБАЕВТЫҢ мәлімдеуінше, 2013 жылдың 27 тамызында Мақат АІІБ-мен іс бойынша өндіріс қайта жаңғыртылып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық істің тергелу барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынған.Сондай-ақ, жедел іздестіру жұмыстарымен Мақат ауданының ІІБ-нің қызметкерлерінен бөлек облыстық ІІД қызметкерлері де айналысуда.  

P.S.Аудан орталығында мәйітхананың болмауы, полицейлердің өз жұмыстарына немкетті қарауы жалғыз Сатайбаевтар отбасының бас қайғысына айналған мәселе емес. Бұл көпшілікті толғандырған мәселе. Мақатта жүру бұрынғыдай қорқынышты емес дейтін жергілікті тұрғындардың өздері орын алған қылмысты көрсе, бұл туралы полицияға тіс жарудан қорқады. Себебі, олар құқық қорғаушылардың өздерінің құқықтарын қорғауға құлықсыз екеніне көздері жеткен. Бұл туралы да айта беруден олар қашқақтайды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.