Құлсары қаласындағы №8 бағыттағы автобустың 17 жүргізушісі жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автостоянка-А» ЖШС мекемесінің үстінен құзырлы органдарға шағым түсірді.
«ЖШС КЕЛІСІМ-ШАРТТЫ БЕРМЕЙ ОТЫР...»
Олардың бәрі де жекеменшік қоғамдық көліктері бар жеке кәсіпкерлер, бұрын «Автостоянка-А» ЖШС-мен келісімшарт арқылы бірлесіп жұмыс істейтін. Ал қазір мекеме олармен жаңадан келісімшартқа отырудан бас тартып отыр.
- Тендер өтерде ЖШС иесі «тиісті құжаттарың дайын емес» деп, бізді қатыстырған жоқ. Ал біз ол кезде тиісті құжаттарды жинақтап қойғанбыз. Бірақ, кейін өзара келісіп, келісімшартқа қол қойдық. Бұл келісімшарт үш ай сайын өзгеріп тұратын болды. Бірақ уақыт өте келе, ЖШС келісімшартты уақытылы бермеуге айналды, - дейді шамданған жүргізушілер.
- 2011 жылы тендерді жеңіп алған уақытта біздің және №6 бағыттағы (бұл да «Автостоянка-А» ЖШС-мен келісімшарт жасаған) автобустар саны он шақты болатын. Кейін олардың саны 32-ге жетті. Әрбір жүргізуші маршрутқа шығуға рұқсат алу үшін 20 мың теңге жарна төлеуге тиіс болды. Жұмысқа кейін орналасқандар 30 мың теңгеге дейін төледі. 2012 жылдың мамырынан бастап ЖШС басшылығы күн сайын екі мың теңгеден төлеуге міндеттеді. Біз бұл соманы 1 мың теңгеге дейін түсіруін талап еттік. Жол парағын серіктестіктің механигі беріп және күнделікті тексеріп отыруға міндетті. Бірақ олар бізге жол парағын бермей отыр. Бізбен ЖШС келісімшарт жасаудан да бас тартып отыр. Тек олар өздерінің таныстарын ғана қалдыруда. Өткен жылдың тамызынан бері маршрутқа құжатсыз шығып жүрміз.
«ОЛАР АҚША ТӨЛЕМЕЙ ОТЫР...»
Бұл мәселеге қатысты «Автостоянка-А» ЖШС-нің директоры Зәуре ИДРИСОВА былай деп комментарий берді:
- Бізбен келіспеушілік туындаған соң, 15 жүргізушімен өзара келісімшарт жасап, күнделікті ақыны автокөлік иелерінің келісімімен екі мың теңге деп белгіледік. Ал шағымданып отырған 17 жүргізуші тамыздан бері мүлдем бермей қойды. Ақша төлемегесін келісімшартты да созбай отырмыз. Олар жолаушыларды заңсыз тасымалдап жүр және біздің жұмысымызға кедергі келтіріп қана қоймай, табысымызға ортақтасуда. Бұл жөнінде біз аудан әкімшілігіне, құқық қорғау органдарына арыз түсірдік.
- Жүргізушілер маршрутқа автобустарды көптеп алудың салдарынан табыс көлемі төмендеп кетті деп отыр...
- Бұл маршрутта халық тығыз орналасқандықтан күніне кемінде 10-нан астам көлік үздіксіз жүруі тиіс.
Бұл жөнінде Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКІН жүргізушілердің әкімдікке арызданғандарын айтты:
- Алайда бұл еңбек ұжымының ішкі мәселесі және оған біздің араласуға құқымыз жоқ деп есептейміз. Бірақ құжатсыз жолаушыларды тасымалдауға мүлдем болмайды.
Жылыой аудандық ІІБ бастығы Руслан ӘДІЛОВТЫҢ мәлімдеуінше, өткен жылдың аяғында қала маршруттарына рейд жүргізілген. Сол кезде ҚР ӘҚБтК-нің 470-бабы, 1-бөлімінің талаптары бұзылып, яғнижол парағы болмаған №8 және №6 маршруттардың жүргізушілеріне хаттама толтырылып, әкімшілік шаралар алынған.
Бүгінде ЖШС басшылығы Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа арызданып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА