Өткен жылы қала мен облыс бойынша жол-көлік оқиғалары 127 адамның өмірін қиды. Біз Атырау қаласындағы кісі өлімімен аяқталған кейбір апат фактілері бойынша тергеу ісінің немен аяқталғандығын анықтаған едік.
ҚҰТҚАРУШЫ «ЖОЛ КЕДЕРГІСІ»
Әдетте, мұндай жол-көлік оқиғалары өкініштен бастап, кінәлілер үшін қатаң жаза талап ететін оқырмандар реакциясын тудырады. Бұл тенденцияны тіпті жоғарғы жақ та қолдады: еліміздің жолдарындағы ахуал туралы алғаш рет өз сөзінде мемлекет басшысы еске алған еді. Бұдан кейін кінәлі жүргізушілер үшін жауапкершілікті 20 жыл бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданып, күшейту қажеттігі туралы ІІМ басшылығы мәлімдеме жасады. Мұндай түбегейлі шаралар қолдау таппады. Алайда Қылмыстық кодекстегі ақылға қонымды өзгерістерді қоғам мақұлдауға әзір, өйткені бүгінгі күні қолданылатын шаралар, былайша айтқанда, тигізілген зиянға сай келмейді. Адам өледі, ал кінәлі адамға шартты мерзім береді немесе «тараптардың ымыраласуымен» күнәсін жуып-шайып қоя береді.
Статистика артып отыр: Әкімшілік полиция басқармасының мәліметтері бойынша, 2013 жыл ішіндегі апаттар саны облыс бойынша өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға (504-ке қарсы 374) өскен, апатта зардап шеккендер саны 48 пайызға артқан: егер 2012 жылы 422 адам түрлі ауырлық деңгейінде зақым алса, өткен жылы олардың саны 626 болды. 2012 жылы 126 адам қаза тапса, 2013 жылы 127 адам о дүниелік болған.
Бірақ қандай да болмасын жазадан құтылудың ықтимал мүмкіндігі көпшілігіне, әсіресе, «ажырасу» деген сөз некені бұзу емес, кез-келген проблеманы кэшпен немесе «досына қоңырау шалумен» шешу тәсілін білдіретін жандар үшін шексіз мүмкіндік береді.
Ал біздің жолдарымызда қауіп-қатер деңгейін реттеу аспаптары бүгінде қолжетімді. Кейде олар тікелей мағынада, жол бетінде жатады.
Бұрын нашар жол деген атқа ие болған Әлиев көшесінің бойындағы жолға өткен жылдың тамызында «жол кедергілері» орнатылғаннан кейін ірі ЖКО мөлшері азайып қалды. Ал жаяу жүргіншілерді қағып кету фактісі соңғы жарты жылда мүлдем тіркелмеді. Бұл туралы әкімшілік полиция басқармасының штаб бастығы Арман МЕҢДАЛИЕВ хабарлады. Жол полицейлері көп жыл бойына бюджеттен қаржы бөлдіруге әлденеше рет әрекеттенген болатын. Алайда қаржы тек өткен жылы ғана пайда болды. Процесс бірінен соң бірі ірі ЖКО-лар, атап айтқанда, өткен жылдың 9 тамызында 13 жастағы бала қаза болған оқиға орын алғаннан кейін жүре бастады. Әлиевтегі трагедиядан соң үш апта өткеннен кейін Атырауда алғашқы «жол кедергілері» орнатыла бастады. Ал өткен жыл аяғына дейін облыстық және қалалық биліктердің қолдауымен қаладағы мектептер мен жоғарғы оқу орындарының алдына 1 200 қума метр жылдамдық шектегіш орнатылды. Биыл оларды 36 балабақшаның алдына және қауіпті қиылыстарға (1500 қума метр) орнатуға қаржы бөлінді. Сол жылға уәде етілген 18 бағдаршамды орнату келесі жылға шегерілді.
«ТАРАПТАРДЫҢ ЫМЫРАЛАСУЫМЕН»
Қылмыс пен жаза мәселесіне қайта оралсақ. Біздің оқырмандарымыз «АЖ» сайтындағы өз комментарийлерінде өткен жылдағы атышулы жол-көлік оқиғаларының тергеу нәтижелері туралы әлденеше рет сұрақ қойған болатын. Біз нақты апаттар көрсетілген бірқатар сұрақтарды сауал етіп қойған едік. Біздің сұрақтарымызға ІІД жауап алу басқармасының бастығы Нығымет МУТИГУЛЛИН комментарий берді.
– 2012 жылдың 15 сәуірінде сағат 08.45-те Балықшы-Жұмыскер көпірінен еуропалық жаққа қарай түсіп бара жатқан кезде «Ниссан» көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, «Дэу Дамас» көлігімен соқтығысты. «Дэудің» 20 жастағы жолаушысы сол жерде көз жұмып, 20 жастағы жүргізушісі ауыр зақым алды. Анықталғандай, ЖКО-ға кінәлі «Ниссан» рөлінде отырған 23 жастағы Атырау ҚІІБ патрульдік-пост қызметінің қызметкері екен.
– Бұл фактіні Атырау облысының арнайы прокурорлары тергеді. Соған байланысты тергеу нәтижелері бойынша ақпаратты Атырау облыстық прокуратурасынан сұрай аласыздар (прокуратура мәліметтері бойынша, ЖКО-ға кінәлі тұлға жалпы режимдегі колонияға 2,6 жылға жаза алған – З.Б.).
– 14 ақпанда 11 сағат 30 минутта Атырауда Әлиев – Алтынсарин көшелері қиылысының маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде «Лада» ВАЗ-2114 көлігінің 30 жастағы жүргізушісі 23 жастағы әйел мен оның 5 жастағы сіңлісін қағып кеткен еді. Екеуі де облыстық аурухананың жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. 18 ақпанға қараған түні апалы-сіңлілердің кішісі қайтыс болды. ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-тармағы («Абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерiн бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданды. №2 қалалық сотының қаулысымен айыпталушыға қатысты қылмыстық қудалау тараптардың ымыраласуымен тоқтатылды.
– 25 мамырда Атырау қаласы Қайыршақты селолық округінің Томарлы селосында белгісіз біреу 2 жасар қыз баланы қағып кетіп, оқиға орнынан таса болды. Зардап шегуші облыстық балалар ауруханасында есін жимаған күйі көз жұмды. Алдын-ала мәліметтер бойынша, сәбиді қатты жылдамдықпен келе жатқан «Газель» жүргізушісі қағып кеткен.
– Анықталмаған көлікпен 2 жасар қызды қағу фактісі бойынша облыстық ІІД-нің жауап алу басқармасы ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-тармағы және 297-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық іс тергелуде. Қазіргі уақытта ол бойынша кешенді сараптама тағайындалды.
КӨМЕКШІ ҮШІН ШАРТТЫ МЕРЗІМ
– 25 шілдеде 22 сағат 10 минутта Абай алаңы жақтан орталық көлік көпіріне көтеріле бергенде «Тойота-Хайлюкс» пикапының 24 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, рөлінде 27 жастағы қыз отырған «Тойота-Хайландер» көлігімен соқтығысқан. ЖКО нәтижесінде пикаптың 24 жастағы жолаушысы облыстық аурухананың жансақтау бөлімшесінде көз жұмды. Пикаптың тағы бір жолаушысы мен жүргізушісі облыстық стационардың травматологиялық бөлімшесіне жеткізілді.
– ІІД-нің жауап алу басқармасы ЖКО фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу кезінде жүріп бара жатқан «Тойота-Хайлюкс» көлігінің сол жақ дөңгелегінің герметизациясы жойылып, ЖКО-ға себеп болғандығы анықталды (бұған негіздеме – сот-трассологиялық сараптама). Сонымен қатар ІІД-ге зардап шегуші тараптан тараптардың ымыраласуы туралы нотариалды расталған арыз келіп түсті. Тергеу нәтижесінде ҚР ҚІЖК-нің 37-бабының 1-тармағының 2-тармақшасының («Қылмыс құрамының жоқтығы») негізінде қылмыстық іс тоқтатылды.
– 2 тамызда, шамамен, сағат 8.00-де «Хёндай-Элантра» көлігінің рөлінде отырған 24 жастағы қыз Сәтпаев даңғылымен келе жатып, «Өнерпаз» тұрмыстық үйі маңындағы жаяу жүргінші өткелінде 27 жастағы қызды қағып кеткен. Нәтижесінде зардап шегуші сол күні кеште есін жимастан облыстық аурухананың жансақтау бөлімшесінде қайтыс болды. Кісі қағып кеткен жүргізуші прокуратура қызметкері болып шықты.
– ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданды. №2 қалалық сотының шешімімен айыпталушы шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды.
(Бұл ЖКО біздің сайтымыздағы ең көп талқыға салынған апаттардың бірі болды. Өйткені кінәлі тұлға – қала прокурорының көмекшісі. Апаттан кейін оны бірден «теріс мотив бойынша» жұмыстан босатқан. Комментарийлерде оның жазадан құтылуы мүмкін екендігі, өйткені прокуратураның жоғарғы шенді қызметкерінің туысы немесе жұбайы боп табылатындығы айтылған. Анықталғандай, бұл болжам негізсіз болмай шықты. Нәтижесінде, ол жазасын алды, бірақ қаншалықты лайықты жаза екендігіне төрелік ететін өздеріңіз – З.Б.).
КІНӘЛІ ЖАН ҚАЙТЫС БОЛДЫ
– 9 тамызда, шамамен, сағат 13.00-те Әлиев көшесінде мемлекеттік нөмірі бар «Хёндай-Элантра» көлігінің жүргізушісі 13 жастағы баланы қағып кетті.
– ЖКО фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ІІД тарапына зардап шегуші тараптан тараптардың ымыраласуы туралы нотариалды куәландырылған арыз түсті. Соған байланысты ҚР ҚІЖК-нің 38-бабының 1-тармағы («Ымыраласу») бойынша күдікті тұлғаға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.
– 15 қарашада таңертең Махамбет ауданының Талдыкөл селосының маңында Атырау қаласына қарай кетіп бара жатқан «Мазда» көлігі «Тойота-Камри» көлігімен соқтығысты. Бетпе бет соқтығысқан кезде «Мазда» жүргізушісі мен оның 31 жастағы жолаушысы алынған зақым салдарынан сол жерде көз жұмды. «Тойотаның» 34 жастағы жүргізушісі мен оның 32 жастағы жолаушысы облыстық ауруханаға жеткізілді (біздің ақпаратымыз бойынша, «Тойота» рөлінде Махамбет АІІБ-нің бастығы, ал жолаушысы – оның орынбасары болған).
– Атырау қаласынан 28 шақырым қашықтықта республикалық маңыздағы Атырау-Орал тас жолында «Мазда» мен «Тойота-Камри» көліктерінің соқтығысу фактісі бойынша облыстық ІІД-нің жауап алу басқармасы ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында ЖКО-ға жүргізілген сараптама негізінде «Мазда» көлігінің жүргізушісі кінәлі деп танылды. Ол ЖКО орын алған жерде көз жұмғандықтан, ҚР ҚІК 37-бабының 1-тармағының 11-тармақшасы («Кінәлі тұлғаның қайтыс болуы») бойынша қылмыстық қудалау тоқтатылды.
– 15 желтоқсанға қараған түні Атырауда Азаттық даңғылы бойындағы 134-үйге қарсы маңда екі жаяу жүргінші – 36 жастағы ер адам мен оның 4 жасар қызы қаза болды. Оқиға орнына келген полицейлер мүрделер жатқан жерден бірнеше метр қашықтықтан «Хонда-Аккорд» көлігін анықтады. Оның 27 жастағы жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған.
– Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-тармағы және 297-бап («Жол-көлiк оқиғасы болған орыннан кетiп қалу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін күдікті тұлғаға қатысты ҚР ҚК-нің 321-бабы («Полиция қызметкеріне қарсылық көрсету») бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА