Атырау, 26 қараша 19:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырауда жер үйге соғылған көлік бір отбасын жазым қыла жаздады

2 657 просмотра

Қаңтардың 18-інен 19-ына қараған түні «Hyundai Tucson» автокөлігі Жұмыскер поселкесіндегі Бекмағамбетов көшесі, №135 жеке тұрғын үйге соғылды. Зардап шеккендер бар.  

Сол күні залда үй иесі, әйелі және аяғы ауыр қызы 3 және 4 жасар екі баласымен бірге ұйықтап жатқан. Сағат 1.30 шамасында көлік соғылған кезде үйдің қабырғасы опырылып құлап, үй иесінен басқасы үйіндінің астында қалған.

Үй иесі Шайхолла ҚАДЫРОВ:

- Гүрс еткен дауыс естіліп, шошып ояндым. Қарасам, отбасым үйіндінің астында қалған. Олар қатар тізіліп жатқан, мен бас жақтағы диванда жаттым. Бірден жиендерім мен қызымды, әйелімді топырақтан аршуға ұмтылдым. Ал көліктің иесі оқиға орнынан қашып кетті. Әйелімнің басынан қан сорғалап ағып жатқанын байқадым, қызым мен жиендерім де ауырсынып жатты, жедел жәрдем шақырттым. Сәл кейінірек жол полициясы мен ҚІІБ қызметкерлері келіп, көлікті алып кетті.  

Қазір Шайхолланың әйелі Сәлима ҚАДЫРОВА жабық бас сүйек-ми жарақаты, миының шайқалуы деген диагнозбен облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Ол болған оқиғаға қатысты былай дейді:

- Қызым сол күні балаларымен бірге қонуға келіп еді. Олар қазір өз үйлерінде, өзінің босанатын күні де жақын. Кеше күйеу балам оның түн ортасында ояна салысымен болған оқиғаны қайталап айта беретінін айтады, шамасы шок алып қалған ғой. Қызым да, жиендерім де жарақат алды, олардың біреуі қазір гипспен жүр.

Облыстық балалар ауруханасының травматолог дәрігері Айбек АХАТОВТЫҢ айтуынша, 3 және 4 жастағы екі ұл бала 19 қаңтар күні сағат 2.30-да жеткізілген және медициналық тексеруден өткен соң, үйлеріне жіберілген. Олардың бірі бетінен жеңіл жарақат алған, ал екіншісінің аяғындағы сіңірі созылған, жарақаттанған жеріне гипс салынған. 

Ш.Қадыров жүйткіген көліктің жолында үй іргесіндегі құдықтың бетін жапқан темір болмаса, жағдай бұдан да қиын болар еді дейді:

- Құдай сақтап аман қалдық. Жардағы үлкен тесікті әзірге презентпен жауып қойдық. Үйдің іші ұлып тұр. Басқа бөлмеге көшіп, пеш жағып отырмыз.

Осы оқиғаға кінәлі адам 38 жастағы Жұмыскер тұрғыны. Ол бүгінде ұсталып, уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Оның анасы үй иесінен кешірім сұрай келген екен, бірақ ол бұл істі сотқа дейін апармақ.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

21 қаңтар 2014, 21:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.