Бүгін, 17 қаңтарда Атырауға ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан ДҰҒАЛОВ, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық акредиттеу орталығының бас директоры Тимур Нұрашев және мемлекеттік стандарттарды реттеу жөніндегі органдардың басқа да басшылары келді.
Облыстық әкімдікте ірі кәсіпорын басшыларымен және кәсіпкерлермен кездесу кезінде Ғ.Дұғалов Кедендік одақ (КО) шеңберінде енгізілген техникалық регламенттердің мәнісін түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі күні КО-ның 21 техникалық регламенті жұмыс жасайды екен. Ал барлығы осындай 60 құжатты бекіту жоспарланған. Стандарттарды жасаумен белоруссиялық, ресейлік және қазақстандық сарапшылар айналысады. Атап айтқанда, қазақстандықтар «Астық туралы», «Дизель отыны туралы» және басқа да техникалық регламенттерді жасаған. Ал қазір олар химиялық өнімдер туралы регламентті жасаумен айналысуда.
- Біз осы құжат бойынша сіздердің ескертпелеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдау үшін келдік. Өйткені ол көбінесе сіздердің өңірлеріңізбен байланысты, - деді Ғ.Дұғалов. – Таяу жылдарда Қазақстанда құрамына 150 ел кіретін Халықаралық ISO стандарттар ұйымының Бас ассамблеясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл Қазақстанда стандарттауды, метрологияны және сертификаттауды дамыту үшін орасан зор түрткі болмақ.
18 қаңтарда облыстық әкімдікте техникалық реттеу және метрология комитеті өкілдерінің қатысуымен семинар өтеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ