НСОС баспасөз қызметі болат үлгілеріне талдау жасау, сондай-ақ «Қашағаннан» «Болашақ» зауытына дейін тартылған газ құбырын жалпы тексеру нәтижелерін жариялау мерзімін нақтылады.
«TWI (Ұлыбритания) және басқа да мамандандырылған зертханалар жүргізген болат үлгілеріне талдау жасау нәтижелері қаңтардың аяғы, ақпанның басында дайын болады деп күтілуде, - деп жазылған НСОС баспасөз бетшесінде. – Газ құбырын «диагностикалық құбырішілік снарядпен тексеру» аяқталды, мәліметтері зерделенуде. Бұлардың да қорытындылары қаңтардың аяғы, ақпанның басында дайын болу керек».
Баспасөз бетшесінде, сондай-ақ, «2014 жылғы 11 қаңтарда жүргізілген «диагностикалық құбырішілік снарядпен тексеру» барысында мұнай құбырының «Болашақ» МГКДҚ-ға жақын жер үсті учаскесінде аз мөлшерде дизельді отын табылды. Төгілген жер топырағы алынып, сәйкесінше құбыр желісінің учаскесі оқшауландырылды және отынның пісіру тігісінен кеткені расталды.
Өндірісті кері бастау жүргізілуі тиіс жөндеу жұмыстарының көлеміне байланысты. Ал оның мөлшерін TWI жүргізіп отырған болаттың жарылу себебін зерттеу және «диагностикалық құбырішілік снарядпен» құбырларды тексеру нәтижелері белгілі болғаннан кейін ғана анықтауға болады».
Бүгін қазақстандық ақпарат сайттарының бірінде Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап, жарияланған «Қашағанда мұнай өндіру қаңтардың аяғы, ақпанның басында басталады» деген ақпаратты НСОС баспасөз қызметі ағылшын тілінен аударғанда кеткен қате мәлімет деп есептейді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА