Атырау, 26 қараша 16:50
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Роза Төлетаеваны қоныс колонияcына ауыстырады

2 515 просмотра

Роза ТӨЛЕТАЕВА. Фото: www.lada.kzРоза ТӨЛЕТАЕВА. Фото: www.lada.kz9 қаңтарда Атырау қалалық №2 соты Жаңаөзендегі наразылық қозғалысының белсендісі Роза ТӨЛЕТАЕВА үшін жаза өтеу режимін өзгертті. Оны қоныс колонияcына ауыстыратын болды.

2012 жылдың 4 маусымында Ақтау қалалық сотының үкімімен ол ҚР ҚК-нің 241-бабының 1-тармағымен («Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сол сияқты олардың өкiмет өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру») кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алған болатын. Жазаны өтеу мерзімі 2012 жылдың 4 маусымынан басталады (бұл мерзімге 2012 жылдың 3 қаңтарынан бастап 3 маусымына дейінгі алдын-ала қамауда болған күндер қосылған). 2012 жылдың тамызында оны этаппен Атырауға әйелдердің УГ 157/11 колониясына әкелген еді.

Бүгінде 50 жастағы Төлетаева мерзімінің үштен бір бөлігін өтеді. ҚР қылмыстық-атқару кодексінің 73-бабының 2-тармағына сәйкес, бұл кезеңде «Өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандар жазасын одан әрi өтеу үшiн жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларынан қоныс колониясына ауыстырылуы мүмкiн».

Бұл туралы өтінішті (кейбір басылымдарда расталатындай, сотталушылардың өздері емес) режимдік нысанның басшылығы ғана береді. Өткен жылдың қарашасында сотқа ҚАЖК департаменті УГ-157/11 әйелдер колониясының әкімшілігінен осындай өтініш келіп түскен. Іс материалдарына сүйенсек, №2 қалалық соттың судьясы Зәуре ҚАЗАҚБАЙ ҚАЖК департаментінің өтінішін қанағаттандырған. Р.Төлетаеваны қоныс колониясына ауыстыру туралы қаулы сот шешімі жарияланған күннен бастап 15 күннен кейін, яғни 24 қаңтарда күшіне енеді. Бейресми ақпарат бойынша, 5 ақпанда оны этаппен Маңғыстауға алып барады.

Судья Қазақбайдың айтуынша, әрі қарай жаза өтеу орнын өтініш берген колония әкімшілігі белгілейді:

– Әдетте, егер сотталушының тіркелген жері бойынша қоныс колониясы бар болса, ол сол жаққа ауыстырылады, – деді ол телефон арқылы.

Маңғыстау облысында мұндай нысанның бар екені белгілі. Төлетаева туған жеріне, балаларына жақын жерге оралмақ. Оның қартайған әкесі бұл күнді көре алмады, бірнеше ай бұрын ол қайтыс болған еді. Роза оны соңғы сапарға шығарып сала алмады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

 

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
ҚР қылмыстық-атқару кодексінің 125-бабынан: «Бас бостандығынан айыруға сотталғандар  қоныс колонияларында: күзетсiз, бiрақ қоныс колониясы әкiмшiлiгiнiң қадағалауында болады; қоныс колониясы аумағы шегiнде еркiн жүрiп-тұру құқығын пайдаланады; қоныс колониясы әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен eгep олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша не оқуына байланысты қажет болса, түзеу мекемесiне iргелес аумақ шекаралары шегiнде қадағалаусыз жүрiп-тұра алады; азаматтық киiм киiп жүре алады; өзiнде ақша мен бағалы заттар ұстай алады; ақшаны шек қоюсыз пайдаланады; санына шек қойылмай кездесе алады, өздерiне арналған жатақханаларда тұрады. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзуға жол бермеген және отбасы бар сотталғандарға қоныс колониясы бастығының қаулысы бойынша түзеу мекемесiне iргелес аумақта, не қоныс колониясы орналасқан елдi мекен шегiнде жалға алған немесе өзiнiң тұрғын алаңында отбасымен тұруына рұқсат етiлуi мүмкiн».

14 қаңтар 2014, 14:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.