Үйдегі алғашқы жиын
Жаңа жыл қарсаңында облыстық «Атырау» футбол командасының алғашқы оқу-жаттығу жиыны (ОЖЖ) аяқталды. Бұл туралы футбол клубының баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын Атырауда «Судоремонтник» стадионында өтті. 20 күн бойы футболшылар күніне екі рет жаттығу жасады: түске дейін жүгіру жолағында немесе тренажер залында, түстен кейін – доппен жұмыс жасады. ОЖЖ-ға35 футболшы қатысты, оның 9-ы – легионер.
Баспасөз қызметі атап өткендей, «Каспий» (Ақтау) футбол клубында жалда болған Азамат Ізбасаров командаға қайта оралды. 22 жасар қорғаушы «Каспий» құрамында 27 ойын өткізді.
«Атырау» капитаны Валентин Чуреев жарақатынан жазылды. Қақпашы Андрей Шабанов емделіп жатыр. 27 жасар қақпашы командаға Анталияда өтетін екінші ОЖЖ-да қосылады.
***
«Атырау» Түркияға аттанды
Облыстық «Атырау» футбол командасы екінші оқу-жаттығу жиынын (ОЖЖ) өткізу үшін Түркияға кетті.
«Атырау» ФК-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа жылдық мерекелер алдында команда басшылығы 20 жастағы Қазақстан жастар құрамасының қорғаушысы Кирилл ПАСЕЧНИКПЕН келісімшартқа қол қойды, ол «Атырауға» «Астана» командасынан ауысып келді.
Сонымен қатар белгілі қазақстандық футболшы Андрей КАРПОВИЧПЕН де ауызша келісімге қол жеткізілді. 32 жастағы жартылай қорғаушы келісімшартқа «Атырау» ФК директоры Асылбек ЖҮНТЕРБАЕВ Түркияға келгеннен кейін қол қояды.
Өткен жылы Карпович «Ордабасы» командасында өнер көрсетті. Шымкенттік клубтың құрамында 28 ойын өткізіп, 2 гол соқты. Карпович кезінде «Ертіс» (Павлодар), «Ростсельмаш» (Ресей), «Динамо» (Ресей), «Қайрат» (Алматы), «Ақтөбе» командаларының құрамында ойнаған. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Карпович 52 ойын өткізіп, 3 гол соққан.
Командадан тағы екі футболшы – жергілікті футбол шәкірттері Бейбіт ТАТИШЕВ пен Денис РОДИОНОВ кетті. Олар талдықорғандық «Жетісу» командасына ауыспақшы.
Түркияға «Атырау» келесі құраммен аттанды: қақпашылар – Андрей ШАБАНОВ, Нұрболат ҚАЛМЕНОВ, Александр ЗАРУЦКИЙ, Антон ЦИРИН; қорғаушылар–Валентин ЧУРЕЕВ, Ринат АБДУЛЛИН, Майкл ОДИБЕ, Кирилл Пасечник, Азамат ІЗБАСАРОВ, Григорий САРТАКОВ; жартылай қорғаушылар – Ги ЭССАМЕ, Филипп РУДИК, Алексей ШАКИН, Асылбек СЕЙІТҚАЛИЕВ, Алексей МАРОВ, Георгий ПЕЙКРИШВИЛИ, Михаил АФАНАСЬЕВ, Андрей Карпович, Савио НСЕРЕКО, Евгений КОСТРУБ; шабуылшылар – Алексей ЩЁТКИН, Дмитрий ПАРХАЧЕВ.
***
Әй, Максим...
Атырауда облыстық «Бейбарыс» командасы мен павлодарлық «Ертіс» арасында хоккейден ел чемпионатының бірінші айналымының соңғы екі матчы өтті.
2013 жылғы сәуір айында «Ертіс» «Бейбарысты» Қазақстан чемпионатының плей-офф финалында жеңген болатын, сондықтан да бұл қос команда бір-біріне негізгі қарсылас атанатын. Олардың Мұз айдынындағы кездесулерінде трибуналар жанкүйерлерге лық толы болды.
Алғашқы матч алма-кезек шабуылдармен өтті. 1-кезеңнің соңында павлодарлықтар есеп ашты, ал бұған алаң иелері екі голмен жауап қайырды. Матч аяқталар кезде маусымаралық үзіліс кезінде «Бейбарыстан» «Ертіске» ауысқан Максим Шарифьянов есепті теңестірді – 2:2. Буллит кезеңінде алаң иелері дәлірек болып, «Бейбарыс» өз есебіне 2 жеңіс ұпайын қосты.
Екінші кездесуде ел чемпионы ширағырақ қимылдап, өз дегендеріне жетті, есеп – 3:1. Нәтижесінде «Ертіс» турнир кестесінде көш бастап, «Бейбарыс» үшінші орынды теміртаулық «Арыстанға» беріп қойды.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Шебер ыждағаттықтары үшін алғыс айтты
Желтоқсан айының аяғында Қазақстанға мәскеулік EBMAS Вин Чунь мектебінің басшысы, Дай Сифу Эмин Бозтеп, Дай Сихиннің ресми өкілі Олег ДЕМИДОВ айкидо айкикай, дайто рю джиу джитсудың бас бапкері және өкілі, үшінші дан қара белдігінің иегері Нұрлан ШАЙХИЕВТЫҢ шақыртуымен келді.
Атырау қаласында екі семинар және бірнеше жеке сабақ өткізіліп, тыңдаушыларға үлкен пайдасын тигізді. Семинарға қатысушылар Вин Чуннің базалық техникасымен, негізгі қағидаттарымен, жаттығу әдістерімен таныстырылды. Шәкірттердің көп жіберетін қателіктері мен техникаларды орындаудағы ерекшеліктері нақты талқыланды.
Семинарлар аяқталғаннан кейін Олег Демидов республикалық теледидарға қысқаша сұхбат беріп, Вин Чунь Кунг Фу деген не, EBMAS-тың қандай ерекшеліктері бар деген сұрақтарға жауап берді. Сөзінің соңында қалалықтарға қонақжайлылықтары мен жаттығулардағы ыждағаттықтары, білімге деген құштарлықтары үшін алғыс айтты.
Өткізілген іс-шараға Дай Сифу Эмином Бозтеп жазбаша жіберген құттықтауында жоғары баға берді.
Ең басты нәтиже, EBMAS қауымдастығы тағы бір өңірмен және білімге ұмтылған шәкірттермен толықты.
***
Үш дүркін чемпион
«Теңізшевройл» ЖШС ұйымдастырған дәстүрлі III облыстық ашық шахмат фестивалі аяқталды.
Биылғы фестиваль үш санат бойынша өткізілді: абсолюттік біріншілік, 18 жасқа дейінгі ер балалар және 18 жасқа дейінгі қыздар. Жарыстар швейцариялық жүйе бойынша7 турдан өтті. Әр ойыншыға бір ойынға 30 минуттан берілді. Жарысқа Г. А. Айдаралиев атындағы облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин қазылық етті. Жүлде қоры жарты миллион теңгеге жуық соманы құрады.
Абсолюттік чемпион атағы үшін 60-тан аса шахматшы додаға түсті. Жеңіс Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының қызметкері Серік Кенжеевке бұйырды. Ол осылайша үшінші рет осы турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші және үшінші орындарды, сәйкесінше, 2009 жылғы Азияның вице-чемпионы Жәнібек Аманов пен Құрманғазы ауданынан келген Қажиден Сұлтанов иеленді.
18 жасқа дейінгі қыздар арасында жүлделі орындар келесідей бөлінді (1, 2, 3-орындар): Н. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ақсана Ерланқызы, №24 мектептің оқушысы Жұлдыз Елеусін және Сәтпаев атындағы мектептің (Геолог) оқушысы Жазира Боран. №27 мектептің оқушысы Диляра Ғабитова ынталандыру сыйлығына ие болды. Ер балалар арасында №24 мектептің оқушысы Нұрбек Хайрошев жеңімпаз атанса, екінші және үшінші орындарды Сәтпаев атындағы мектептің оқушысы Шыңғыс Боран және Ж. Досмұхамедов атындағы лицейдің оқушысы Нұрбол Ғалымжанұлы жеңіп алды.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ