Жылан жылы жүлделерге толы болды. Атыраулық спортшылардың жетістіктері және өзекті мәселелері туралы облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Асан РАУШАНОВПЕН (суретте) сұхбаттастық.
ЖЕҢІМПАЗДАР ТІЗІМІ
- Асан Сайынұлы, бұқаралық спортпен шұғылдану бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
- Спорт басқармасының барлық 12 балалар және жасөспірімдер спорт мектептері тегін жұмыс жасайды. БЖСМ залдары тегін жаттығулар жасау үшін кешкі уақыттарда да ашық. 2013 жылы облыста 850 сауықтыру, бұқаралық дене шынықтыру іс-шаралары өткізілді.
«Спорт нашақорлыққа қарсы» ұранымен жыл сайын кір тасын көтеру, роликтермен сырғанау, «асық ату» ұлттық ойыны және «Көңілді старттар» бойынша спорттық шаралар өтеді.
Кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлері арасында спартакиадалар өткізу дәстүрге айналды. Атап өтсек, 2013 жылы ТЖ департаменті, құқық қорғау органдары бөлімшелерінің, медицина қызметкерлерінің, мұнайшылардың, педагогтардың, мемлекеттік қызметшілердің арасында жарыстар өткізілді.
Өткен жылы 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 11 Қазақстанның спорт шебері, 30 спорт шеберлігіне үміткер дайындалды. Ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазақ күресінің мәртебесін арттыру үшін жыл сайын «Атырау» спорт кешенінде жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында «Атырау барысы» облыстық турнирі өткізіледі.
- 2013 жылғы Атырау спортшыларының қандай жетістіктерін ерекше атап өтер едіңіз?
- 2013 жылғы желтоқсанда «Нарын» деген лақап аты бар Арман Қошқаров Астанада өткен халықаралық бүркітшілер фестивалінде және Көкшетауда болған халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.
Кикбоксингтен Әлем кубогының бірнеше дүркін чемпионы Абзал Жүсіпов Анталияда өткен әлем чемпионатында алтын медаль алып, өзінің шеберлігін тағы бір дәлелдеді.
Қыздар арасында бокстан әлем чемпионатында Ақмарал Шәмшиденова күміс жүлдегер атанды. Ал Ержан Ордабаев Атырауда өткен ересектер арасында бокстан Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды.
2013 жылғы қарашада Башқұртстанның Салават қаласында өткен белдесе күресуден әлем чемпионаты өтті. Осы жарыста жерлесіміз, 1-БЖСМ-нің аға жаттықтырушысы Нұрболат Ыстыбаев қола жүлдеге ие болды. Бұл - Нұрболаттың қанжығасындағы белдесе күресуден әлем чемпионаттарының бесінші жүлдесі. Шыны керек, ол (әзірге!) әлем чемпионы бола қойған жоқ.
Назгүл Құбашева дзюдодан ел чемпионы атанды. Алматы қаласында өткен дзюдодан Гран-при сериясының халықаралық турнирінде атыраулық спортшы Асхат Телманов қола жүлде алды. Екеуі де ел құрамасы сапында қатысуға мүмкіндік алды және биылдан бастап 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиадаға жолдама алу үшін рейтингтік ұпайлар жинайтын болады.
Қостанайда өткен еркін күрестен Қазақстан чемпионатында Азамат Өміржанов алтын алса, Айдарбек Баймұратов күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сеулде өткен әскери самбодан Азия чемпионатында өз салмақ дәрежесінде Рүстембек Жереншиев жеңімпаз атанды. Қазір ол Санкт-Петербургте өтетін әлем чемпионатына дайындалуда.
Тізе берсең, жетістіктер жеткілікті...
«ҚОЛ АСТЫНА АЛУДЫ ЖАҢҒЫРТУҒА ТЫРЫСАМЫЗ»
-Олимпиадалық емес спорт түрлерінің жаттықтырушылары жаттығу залдарынан мұқтаждық көруде. Ал Нұрсая мен Алмагүл ықшамаудандарындағы үйлердің ірге қабаттары бос тұр. Егер бұл орынжайларды спортшыларға берсе, мәселе шешілер еді...
- Спортшыларға жаттығу жасау үшін тұрғын үйлердің жертөле орынжайларын беру туралы мәселені шешу Атырау қаласы әкімінің құзыретінде. Ал біз өз тарапымыздан қала әкіміне осындай ұсыныс бердік.
-Әлем чемпионы атанған адамдар өз елі үшін спорттық ерлік көрсетеді. Алайда олардың көпшілігінің өз үйлері де жоқ. Осы мәселені шешу үшін және спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін кейбір бапкерлер облыс бюджетіне үлкен жетістіктерге жеткен спортшылар мен олардың бапкерлерін сыйақылауға қаражат салуды ұсынады. Бұған қалай қарайсыз?
- Бұл мәселе біздің ойымызда бар, мүмкіндігінше шешуге тырысамыз.
- Балаларымен бірге көрші қалаға жарыстарға бару үшін ұйымдарға барып, алақан жаюға мәжбүр болады. Осы спорттық федерацияларды бай ұйымдарға қамқорлық көрсетуге тіркеп қойған ыңғайлы емес пе?
- Біз болашақта спорттық федерацияларға көмек көрсету үшін ірі кәсіпорындардың қамқорлығына беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта облыстың балалар мен жасөспірімдер спорттық мектептеріне9 шағын автобус бөлу мәселесі шешіліп жатыр. Сонымен қатар, 2014 жылы аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімдеріне спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру үшін 5 млн теңгеден бөлінеді.
- «Бейбарыс» хоккей клубының жанкүйерлері болашақта команданың жабылуы мүмкін деген алыпқашпа әңгімелерден мазасызданып жүр...
-Мәмлүктер 2014 жылы болатын барлық жарыстарға қатысатын болады деп мәлімдеймін. Сонымен қатар, облыстық спорт басқармасы «Бейбарыс» балалар хоккей командасын қаржыландыруды өз мойнына алуды жоспарлап отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ