Қаңтар
4-і күні Құлсары стансасынан 50 шақырым жерде «Атырау-Маңғышлақ» пойызы вагондарының бірі өртенді. 53 жолаушының барлығы секіріп үлгеріп, 15-і құжаттарсыз және жүксіз қалды. 15-інде құтқарушыларға жылжымалы теңіз мұзынан забурындық алты браконьерді құтқаруға тура келді. Атырауда базар сөрелері әжептәуір сиреді. 1 қаңтардан бастап бір мәрте қолданылатын талондар жойылды, бүкіл саудагерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Шетелдіктерге (өзбектерге деп оқыңыз) ол үшін Қазақстанда мекендеу қағазы керек. Сондықтан да базарлардан өзбектер сататын ұсақ-түйек заттар ғайып болды. Сатып алушылар наразы. 2012 жылдың 12 қыркүйегінде полицияға «Насиха» базарына және №17 мектеп-гимназиясына бомба қойылғаны туралы хабарлаған 29 жастағы жалған лаңкеске үкім шығарылды. Осы күні Құлсарыда экстремистерге қарсы арнайы операция жүргізілгенін, халықтың онсыз да тынышы кеткенін ескерсек, «әзілқойға» кесілген екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы қатаң көрінбеді. Облыстық экономикалық сотының шешімімен «Атыраубалық» АҚ банкрот деп танылды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы сыртта орнатылған есептегіштер үшін қысқы уақыттағы «түзету коэффициентін» енгізгеннен кейін тұтынушыларға газ үшін қомақты мөлшердегі есепшоттар келе бастады. Біздің газетіміз республикалық табиғи монополияларды реттеу агенттігіне газшілердің әрекетінің заңдылығын бағалау өтінішімен шыққан еді. 24 қаңтарда №2 Атырау қалалық соты ірі мөлшерде бюджет қаржысын ұрлауға қатысы бар деген күдікпен облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевты қамауға алуға санкция беріп, оған мемлекетаралық іздеу жарияланды. Құқыққорғау органдарындағы дереккөздер оның «өз құжаттарымен шекараны кесіп өтпегенін» «АЖ»-ға хабарлады.
Ақпан
Құлсарыда полицияның екі қызметкері 33 жастағы тараздық әйелді ұрып-соғып, зорлаған. Астанадан келген ішкі істер министрінің орынбасары А.Күреңбеков ІІД-де шұғыл кеңес өткізіп, Жылыой АІІБ-нің бастығын орнынан босатты. Кейіннен «формалы зорлықшының» екеуі де 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Қаржы полициясы Б.Рысқалиевтың тұсында құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жетекшілік еткен облыс әкімінің орынбасары Асқар Әбдіровті ұстады. Атырау-Доссор тас жолында «Дэу Нексия» мен жүк көлігі бетпе-бет соғысып, жеңіл көліктегі бес адам түгел қаза болды. «Номенклатураға қайтарды»: Сәлімжан Нақпаев қайтадан Атырау облысы әкімінің орынбасары орынтағына жайғасты. Облыстық әкімдікте өткен кеңесте мынадай цифрлар оқылды: балабақша кезегінде 15771 бала тұр, жаңа балабақшалар құрылысы көбейіп жатқанына қарамастан бұл цифр өсуде. Атырауда 80 жастағы қала тұрғынының жүрегін ашып жасаған ота сәтті өтті. Пациенттің жасын ескерсек, бұл медицинадағы сирек жағдай. «Қызуын түсірдік!»: атыраулықтар («АЖ»-ның септігімен) «қомақты» түзету коэффициентінсіз тұтынылған газ үшін ақы төлеу құқығын қорғап қалды. Өткен қыста жоғары есепшоттар бойынша ақша төлегендерге ақшалары қайтарылды.
Наурыз
«Біз партияға емес, Бимурзинға қарсымыз»: балық қорғау инспекциясы бұрынғы әріптестері басшылық ететін «Нұр Отан» партиялық бақылау бекетімен бірлесіп жұмыс жасаудан үзілді-кесілді бас тартты. Дегенмен, кейіннен Астанадан ескерту жасалған соң «балық байлығын» қорғау жөніндегі бірлескен жобаға қол қойылды. «SuperКТУ есігін айқара ашты»: Атырауда ресми түрде ағылшын тілінде оқытатын халықаралық деңгейдегі мекеме - мұнай-газ саласы үшін кадрлар даярлайтын өңіраралық орталық ашылды. «Отын-энергетикалық кешендегі қауіпсіздік. Теңіздегі және құрлықтағы мұнай төгінділері» халықаралық конференциясынан кейінгі «АЖ» түйіндемесі: Каспийдегі мұнай төгінділеріне жалпы дайын емес. «Алан Чумак - кешегі күннің аңызы»: кеңестік дәуірдегі танымал емші-экстрасенс Алан Чумактың Атырауға гастролі ниет білдірушілердің жоқ болғандығынан мерзімінен бұрын аяқталды.
Сәуір
Айдың 1-ші жұлдызында Атырау мен Мәскеу арасында жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының есімі аңызға айналған ұшқышы Хиуаз Доспанованың құрметіне «Хиуаз» деп аталған жолаушылардың Embraer-190 жаңа әуе лайнері ұша бастады. ТЖ департаментінде тереңдігі 285 метр тұзды шахтаға құлап кеткен 50 жастағы индерборлықтың денесін жер бетіне шығарған атыраулық құтқарушылардың командаларына құрмет көрсетілді. Туған-туыстары марқұмды салт бойынша жер қойнына тапсыра алды, ал ТЖМ мұндай тереңдіктен денені алып шыққан күрделі операцияны Қазақстан үшін теңдесі жоқ жайт деп атады. Атырауда ТШО-ның 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Мәжіліс сыртында американдық «Теңізшевройл» ардагерлері «қалай басталғаны есіңде ме» деген тұрғыда 20 жыл бұрынғы уақытты сағынышпен еске алды. Сол кезде Қазақстан мен «Шеврон» корпорациясының арасында «ғасыр келісімшартына» қол қойылған болатын. Атырау-Орал тас жолында «Форд Галакси» мен «Лада Приора» көліктері бетпе-бет соқтығысып, жеті адам қаза болды. Оның ішінде 2 жасар қыз бала мен жаңа дүниеге келген сәби бар болатын. Облыстық әкімдікте болған кеңесте облыс прокурорының орынбасары Серік Шалабаев таң қаларлық цифрларды мысалға келтірді: штатында 306 адам бар балық қорғау қызметі бүкіл 2012 жыл мен 2013 жылдың 1-тоқсанында браконьерлікке қатысты бірде-бір қылмысты анықтамаған. ІІД су полициясының осы мерзімдегі «олжасы» - браконьерліктің 9 фактісі. ҚР Қаржы полициясының агенттігі Атырау облысы басшылығындағы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеудің аяқталғандығы туралы мәлімдеді. Тергеу жорамалы бойынша, Бергей Рысқалиев басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топ қызметінің зияны 71 миллиард теңгені құрады.
Мамыр
АҚШ-та Бостондағы лаңкестікке байланысты (дәстүрлі марафон кезінде қолдан жасалған бомбаның екі жарылысы орын алды, нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 260-тан астам адам жарақат алды) сот төрелігіне кедергі келтірді деп айыпталған Қазақстанның екі студенті – Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов қамауға алынды. Азаматтың әкесі – атыраулық кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Әмір Исмағұлов АҚШ-қа дереу ұшып барды. Екі қазақстандық өз достары, лаңкес Джохар Царнаевтың арқа қоржыны мен ноутбугын қоқысқа лақтырып тастап, осылайша заттай айғақты жоюға әрекеттенген деп айыпталуда. «Мен түрмеде ұлыммен тілдестім – ол маған Царнаевпен жай ғана жүзтаныс екенін және лаңкестікке ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, ант-су ішті. Мен оған сенемін, – деді Әмір Исмағұлов «АЖ»-ға берген сұхбатында. – Бәрі анықталмайынша Бостоннан кетпеймін». «Атырау-Астрахан тас жолында «Лада Приора» мен «Лада Калина» бетпе-бет соқтығысып, алты адам қаза болды. «Атыраулық полицейлер Керенский салған ізбен жүр»: таңертең ертемен екі полицей Досмұхамбетов (бұрынғы Тельман) көшесіндегі №5 үйдің 1-қабатындағы пәтерді мекен ететін жезөкшелерге «қонаққа» келіп, қоршауда қалды. Подъездегі наразы болған бірнеше тұрғын «АЖ» тілшісі мен «басқа» полицияны шақырды. Ақыр соңында екі полицей де әйелдер киімін киген күйлері подъезден атып шығып, тұрғындар мен аса құлшыныс таныта қоймаған әріптестерінің арасынан зу етіп өтіп, қашып кетті. «АЖ» сайтында (бейнемәліметтермен бірге) жарияланым шыққаннан соң бір күннен кейін Атырау ҚІІБ бастығы Хамза Үмбетқалиевбаспасөз конференциясын жинап, екі қызметкерінің – патрульдік-пост қызметі сержанттарының полициядан босатылғанын, ал ППҚ командирінің лауазымынан шеттетілгенін хабарлады.
Маусым
«Діндес қылмыскерлер»: 2012 жылдың қарашасында кәсіпкер Досымбаевты өлтірген 8 сотталушыға қарсы үкім жарияланды. Айыптау тараптарының жорамалдары бойынша, бастапқыда қарақшылық шабуыл жасау жоспарланған, ақша Таяу Шығыстағы «діндес бауырларына» бірігіп, жиһадқа қосылулары үшін қажет болған. Сондықтан кісі өлтіруге ҚК-тің «лаңкестік» бабы қосылды. Айыпталушылар 18-ден 23 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасын алды, қылмыстық топтың көшбасшысы Аманжолов іздеуде жүр. 10 маусымда Атыраудан Алматыға «Тұлпар-Тальго» қазақстандық-испандық фирмасының заманауи жайлы вагондардан құралған алғашқы «Сарайшық» жүрдек пойызы қозғалды. 14 маусымда Мәскеуде 67-ге қараған шағында 80-90-шы жылдары АМӨЗ-ге басшылық еткен Владимир Викторович Гафнер көз жұмды. Зауыт қызметкерлеріне ол парасатты басшы, адал, қарапайым жан ретінде есте қалды. Қысқасы, ұрлық жасамаған.
Шілде
Атырау бекіре өсіру зауытының тоғандарынан Жайық өзеніне 2 млн-нан астам шабақ жіберілді. Мамандардың бағалаулары бойынша, теңізге дейін олардың 1 пайызы жетпек. Атыраулық «No Comment», «DoubleFace» және «Pandora» топтары Ақтаудағы ауқымды рок-фестивальда күшті әсер тудырды. D аралындағы теңіз кенішінде Manpower Service LTD мердігер мекемесінің 200-дей құрылысшысы жұмысқа шықпай қалды: жұмыс мөлшері аяқталып қалған, ал олардың қысқартудың орнына «еңбек келісімшарты мерзімінің аяқталуына байланысты» басшылықтың жаппай жұмыстан босату жоспарына қарсы наразылықтары осындай (бірінші жағдайда жұмыс берушіге өтемақы төлеуге тура келмейді). Аралға шұғыл түрде еңбек инспекторы мен прокуратура қызметкерлері ұшып барды. Кешке қарай ереуілшілердің қолына олармен ҚР Еңбек кодексінің 54-бабы бойынша («Қызметкерлер санын қысқарту») еңбек келісімшарттарын бұзу туралы хабарлама берілді: өтемақы болады.
Тамыз
Атырауда хош иісті күкіртсутек өндіру кешенін іске қосу, кем дегенде жарты жылға, 2014 жылдың шілдесіне дейін кейінге шегерілді. Бас мердігер (қытайлық «Синопек инжиниринг» компаниясы) ҚР премьер-министріне тиісті өтінішпен шықты. Құны 1 млрд 40 млн доллар болатын нысан құрылысы 2010 жылдың 1 қазанында басталды. Келісімшарт бойынша, ол тура 39 айдан соң, яғни, 2013 жылғы желтоқсанның аяғында аяқталуы тиіс еді. Кешенді «кілтпен» тапсыруды кейінге қалдыруды мердігер бірнеше себептермен түсіндіріп отыр. Олардың ішінде Қазақстан стандарттары бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жергілікті билік шетелдік жұмыс күшін тартуға кеш рұқсат берді және жабдықтарды жеткізудің кешеуілдеуі деген себептер де бар. «Бергейдің швейцариялық жинағы»: сол жақтағы кедендік прокуратура ақшалай қаржыларды заңсыз жасырды деген күдікпен ағайынды Рысқалиевтарға қарсы қылмыстық іс ашты. Ағайындылардың швейцариялық банктерде жалпы сомасы 100 млн еуродан астам үш есепшоты анықталды.
Қыркүйек
Атырау – Астрахан тас жолында Құрманғазы ауданының 29 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Форд Галакси» көлігі аударылып түсті. Таксидегі үш жолаушының барлығы – екі астрахандық пен украиналық Днепропетровск тұрғыны қаза болды. Жүргізуші зардап шеккен жоқ. 11 қыркүйекте Қашағанда Каспий мұнайының алғашқы баррельдері тәжірибе жүзінде өндірілді. «ҚазМұнайГаз» АҚ басшысы С.Мыңбаевтың айтуынша, кеніштегі коммерциялық өндіру 1 қазанда басталады. Әңгіме «соңғы мерзім» туралы болып отыр: егер NCOC консорциумы осы уақытқа коммерциялық өндіруді бастап үлгермесе, 31.10.08 жылғы Өнім бөлінісі туралы келісім қосымшасына сәйкес, Қазақстан оған шығындарды өндірілген мұнай есебінен өтемейтін болады. Ал бірнеше күн бұрын құрлықтағы мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысында («Болашақ» зауытында) жұмысшыларды қауіпсіз жерге көшіруге әкелген апатты жағдай орын алды. NCOC-тың баспасөз хабарламасында бұл туралы айтылған: «Нысандарды іске қосуды сынап көру кезінде мұнай мен газды айыру учаскесінен газ кетті. Жұмысшылар қауіпсіз жерге көшіріліп, содан соң газдың кетуі жойылды... Оқиғаның орын алу себептерін тергеу жұмыстары басталды». 27 қыркүйекте Теңіз кешенін «Болашақ» зауытымен жалғайтын үш құбырдың бірінен тағы бір газ кету оқиғасы орын алды. Егер NCOC баспасөз хабарламасында тағы да «болмашы газ кету» деп айтылса, «АЖ»-ның хабардар дереккөздері құбырдың жарылып, шикі газдың шыққанын, күкіртсутек шығарындысы орын алғанын, содан соң зауыттың тоқтатылғанын, ал сол кезде құбыр бойында болған бүкіл газ алауларда жағылғанын айтты. Осы апатқа байланысты, NCOC баспасөз хабарламасында хабарланғандай, «нысандар күту режимінде тұр, Қашағандағы ұңғымалар уақытша жабылды».
Қазан
«Уақыт келді, ал Қашаған әлі тұр»: «Болашақ» зауытында D аралынан жүргізілген газ құбырын жөндеу жұмыстары жалғасуда. 6 қазан: жөндеу аяқталды, Қашағандағы ұңғымалар ашылды, мұнай өндіру жалғасты. Бірақ үш күннен кейін тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндіріле бастағанда қайтадан тоқтатылды. NCOC қысқа ғана себебін атады («техникалық ақау») және «ақау жойылғаннан кейін өндіру қайта жалғасады» деп уәде берді. Кейінірек консорциум қырсық шалған газ құбырының құрлықтағы учаскесі (себеп тағы да сол жерде) мұқият тексерілмейінше мұнай өндіру қайта басталмайтынын мәлімдеді. Соған байланысты, «2013 жылдың аяғына дейін мұнай өндіру жалғастырылмайды». Ал тәуелсіз сарапшылар тұрбаларды ауыстыру қажет болған жағдайда оның бір жарым-екі жылға кейінге шегерілетіндігі туралы және мәселенің тек тұрбада ғана еместігін растады: Қашағанның теңіздегі және құрлықтағы нысандары бүгінде мұнай өндіруге дайын емес екен. «Волейбол ісі» бойынша үкім жарияланды: 239 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деген айыппен «Атырау» облыстық волейбол командасы» КМК директоры Ж.Мұханбетжанов, бас бапкер А.Запевалов және КМК бухгалтері С.Харкина 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. «АЖ» сайты редакцияға жолданған бейнежазбаны жариялады. Онда екі қыздың тапа-тал түсте Атыраудың қақ ортасында өздеріне жақсы таныс үшінші қызды қатыгездікпен аяусыз ұрып-соғып жатқаны жазылған. Жұртшылықтың көзқарасының күшімен полиция кінәлі тұлғаларды тез тауып, қамауға алды. Сотта «Бұзақылық» бабымен өтіп жатқан қылмыстық іс тараптардың ымыраласуымен тоқтатылды. Атырау облысының тоғыз тұрғынына ҚК-тің бірқатар баптары, соның ішінде лаңкестік бабы бойынша үкім шығарылды. Басты айыптау: бұл топ «құқыққорғау органдары қызметкерлеріне қарсы бірқатар лаңкестік актілерді жасауды жоспарлаған». Топ жетекшілері Р. Баярисов пен Р. Ким 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына, қалғандары 6-дан 9 жылға дейінгі түрлі мерзімге сотталды.
Қараша
Облыстық өлкетану музейінде ұлттық валютаның 20 жылдығына арналған көрме өтті. Ұмыт қала бастаған жайттар еске алынды: 1993 жылдың қарашасында кеңестік 500 теңге 1 теңге бағаммен айырбасталды. Ал АҚШ долларының бағамы ұлттық валюта алғаш қолданыла бастағанда 4 теңге 75 тиынға тең болды.
Атыраулық Любовь Васильевна Толстова Астанада қазақ тілін дамытуға үлес қосатын жандарға арналған «Тіл жанашыры» құрмет белгісін алды. Оның қазақ тілінен дәріс беріп келе жатқанына 36 жыл болған... Атырауда алғашқы халықаралық Atyrau Invest 2013 бизнес форумы өтті. Соның шеңберінде жалпы сомасы 50 млрд теңгеге меморандумдар мен келісімдер жасалды.
Желтоқсан
Облыстық әкімдіктегі кеңесте Атырау қаласы Бас жоспарының 2045 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Қала тек Жайықты бойлай солтүстікке қарай созылатын болады. Облыс орталығындағы халық саны 2045 жылға қарай 400 мың адамды құрайды деп болжанып отыр. «Бергей мұрасы»: облыстық әкімдікте болған кеңесте 4 миллиард теңге жұмсалып, салынып бітпеген киноконцерт залының 90 пайыз құрылымын опырылып құлау қаупі болғандықтан бұзу қажеттігі мәлім етілді. Ол осылайша «сапалы» салынған екен. 24 желтоқсанда Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында облыстың экс-әкімі Бергей Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды. Айыпталушылар орындығында 22 адам отыр, отырыс жабық режимде өтуде. Бірінші отырыста адвокаттар мен олардың қорғалушылары Атырау облысының бүкіл судьяларына, сонымен қатар мемлекеттік айыптаушыларға сенімсіздік білдіретіндіктері туралы мәлімдеп, оларға қарсылық білдірді. Бұл өтініштері қабыл алынбады. Үш отырыстан кейін облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, негізгі сот отырысы «осы қылмыстық істің ауқымы мен көп эпизодты екені, сонымен қатар процеске қатысушылардың мәлімдеген өтініштері ескеріліп», 23 қаңтарға қалдырылған.
Жаңа жыл құтты болсын!