Атырау, 26 қараша 16:40
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Сіздерден сұрадық...

1 695 просмотра

Біздің 2013 жылғы дәстүрлі әр апталық сауалнамаларымызға, орта есеппен алғанда, 700-ден 1 300-ге дейін «АЖ» сайтының оқырмандары қатысты. Сонымен қатар, біздің сайтымызға күн сайын 18 мыңға жуық адам кіріп, әрқайсысы орташа 13 материалды оқиды.

Дауыс берушілердің ең көп қатысқаны тамыз айында берілген 90-жылдардан осы күнге дейін Атырау облысының ең үздік әкімі туралы сауалнама болды. Оған 3 767 адам қатысты. Ең көп дауысты Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ (3 163 адам немесе 83% дауыс) иеленсе, екінші орында Бергей РЫСҚАЛИЕВ (431 адам, 11% дауыс). Салыстыру үшін 2012 жылғы 4 қыркүйектегі сауалнама нәтижелерін келтірейік. Дауыс берген 1 222 адамның 396-сы (32%) Б. Рысқалиев жақсы әкім болды деп есептеді – ұрласа да көп нәрселер салып, қаланы аббаттандырды және т.б. Алайда 786 адам (59%) мұнымен келіспеді.

«АЖ»-ның пікірінше, егер 2013 жылы президент сайлауы болса, додаға түсе алады деген Қазақстанға белгілі 12 тұлға ішінен И. Тасмағамбетовтың ҚР президенттігіне үміткерлігіне сауалнамаға қатысқан 1 496 адамның ішінен 1 138-і немесе 76%-ы жақтап дауыс берді.

Біздің сауалнамаларымыз, әрине, әлеуметтік ғылымдардың қатаң критерийлеріне сәйкес келе бермесе де, әр аптада орта есеппен 1000-ға жуық адамның қатысуы қандайма бір қорытындылар шығаруға негіз бола алады.

Мәселен, қатысушылардың жиынтық бейнесін былай көрсетуге болады: ол бай емес, өйткені банкте сақтайтын ештеңесі жоқ (дауыс берген 757 адамның ішінен 489 адам немесе 64%-ы) және баласын жазда шипажайда немесе лагерьде демалтуға ақшасы да жоқ (дауыс берген 649 адамның 329-ы немесе 50%-ы); алайда ол үй салып жатыр немесе пәтерін жөндеуде (757 адам ішінен 441-і немесе 58%-ы), сондықтан да заңсыз мигранттардың еңбегін пайдалануды заңдастыруды қалайды. Айтпақшы, сауалнамалардың бірінде дауыс берушілердің 57%-ы баласын балабақшаға ақшамен орналастырғанын мойындады.

Әрине, біздің атыраулық оқырмандарымыздың ішінде балық аулауды ұнататындар жеткілікті. Сауалнамаға қатысқан 907 адамның 186-сы қармаққа көксерке, сыла, сазан, қарагөз түсетінін айтса, тағы 29 адам жайын мен шортан ұстаған екен. Алайда 558 балықшы (әзілдеді ме екен) қармақтарына тек ескі кебіс пен қоқыс түскенін айтты. Келесі бір сауалнамада 595 адамның 217-сі, яғни 36%-ы әуесқой балық аулауға тыйым салуды алып тастауға болмайды деп есептейді. Әрине, көпшілік (59%) тыйым салуды алып тастауды жақтайды, өйткені бұлар – негізінен, әуесқой балықшылар. Алайда қатысқандардың үштен бірі жойылып бара жатқан балықтарды құтқаруымыз керек дейді. Оған қоса, сәуірде жүргізілген сауалнамада дауыс берген 817 адамның 712-сі (87%) соңғы рет қашан уылдырық жегендері естерінде жоқ екен.  

Уылдырық деген не бопты! Оны да қоя тұрып, 2012 жылғы 6 қарашада жарияланған сауалнаманың адам шошырлық деректерін келтірейік. Сауалнамаға қатысқан 1 227 адамның 700-і (57%!) Атырауды біржола тастап, отбасыларымен Қазақстанның басқа қалаларына көшуге дайын екендіктерін білдірді. Өйткені біздің өңір экологиялық зиянды аймаққа айналып бара жатыр, Атырау вахталық қалаға айналуы тиіс. Әрине, «дайынбыз» дегендері қалай да көшеміз деген сөз емес қой, осы 700-дің көпшілігіне бұл жай ғана арман шығар. Алайда жергілікті халықтың ақырзамандық көңіл-күйлері көрініп-ақ тұр.

2013 жылғы сауалнамаларға қатысқан достарымыз биліктің мәлімдемелері мен әрекеттеріне еш сенбеулерімен ерекшеленеді. Мысалы, сауалнамаларға қатысқандардың 83%-ы Н. Назарбаевтың «Қазақстан адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді» деген сөзімен келіспесе, тағы бір 81%-ы қазір «теңгенің девальвацияға ұшырауына еш негіз жоқ» дегенімен келіспейді. 66%-ы ҚР үкіметінің қызметіне нашар деп баға береді, алайда, бір қызығы, 27%премьер Серік АХМЕТОВТЫ не мақтауды, не даттауды білмейді. Ал денсаулық сақтау министрлігінің қыздарды папиллома вирусына қарсы егу туралы бастамасына сауалнамаға қатысушылардың 88%-ы үзілді-кесілді «жоқ» деді. Жергілікті биліктің кейбір идеялары да сенім ұялатқан жоқ: қатысушылардың 74%-ы Талғайраңда ипподром салуды құптамайды.

Бұл «АЖ» сайтына кірушілер дүниені тәрк еткен нигилистер екен деген сөз емес. Мәселен, Атырау қаласының әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ 20 жер үсті жүргіншілер өткелін салу туралы идеясын сұралғандардың 63%-ы қолдаса, 30%-ы қарсы болды. Дауға айналған зейнеткерлік реформаны қоя тұру туралы президент шешімі барлық қатысушылардың қолдауына ие болды, алайда 59%-ы мұны «сайлаушылардың даусы үшін» жасалды деп бағалады.

Кейбір сауалнамаларда халықтың пікірі қаққа жарылды. Өлімге әкелген жол көлік оқиғасын жасағаны үшін жүргізушілердің жауапкершілігін бас бостандығынан айыруға дейін, сондай-ақ, көлікті мас күйінде айдағаны үшін жүргізу құқығынан айыру және т.б. тәсілдермен қатаңдату туралы сұрақ болды. Осындай шаралар жолдағы ахуалды түзейтініне 41%-ы келіссе, 50%-ы қарсы болды. Иә, таңдау оңай емес: жолдағы ажалды азайту үшін өзіңнің де түрмеге отырып, жүргізу құқығыңнан айырылуға тәуекел  етуің қажет. Ал жол көлік оқиғасынан болатын ажалды азайту үшін ұсынылған шаралар тізбесімен «АЖ» сайты оқырмандарының 35%-ы заң талаптарын күшейтуге келісетіндерін білдірді. Алайда олар ажалға әкелген немесе мас күйінде жасалған жол көлік оқиғасы үшін жазаны қатайтуға емес, жүргізуші куәлігін алу талаптары күшейтілуін қалайды. 24%-ы қосымша темір жол маршруттарын ашу керек десе, 21%-ы тас жолдарда жол полиция патрульдерін көбейту керек дейді. 17%-ы алыс жолдарға таксилер мен «Газельдердің» жүруіне тыйым салғанды жөн санайды. Осындай ала-құла пікір барлық зейнетақы қорларын Бірыңғай Зейнетақы қорына біріктіруге қатысты сауалнамада да көрініс тапты. 49% бұл идеяны дұрыс емес десе, 34% дұрыс дейді, тағы бір 15%-ы не деп жауап беретінін білмейді.

Қашаған туралы да шамамен осындай: 50%-ы егер біздің үкімет Ресейдің 2004 жылы «Сахалин-1» және «Сахалин-2» жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімді бір жақты бұзған тәжірибесін қайталаса, теңіз кенішін отандық мұнайшылар игере алмайды десе, 39%-ы игере алады дейді.

Құқыққорғау органдарына және қарулы күштерге сенім туралы сұрақ 1 098 адамды қызықтырды. Рейтингке назар аударыңыздар: армия - 31%, ҰҚК – 17%, әділет органы – 14%, прокуратура – 12%, қаржы полициясы – 7%, ІІМ – 5%, соттар - 4%. Балық қорғау инспекциясы мен кеден ең соңында - 3%.

«АЖ» сайтындағы сауалнама-ларға қатысушылардың бет-бейнесі 26 қарашада жарияланған діни ұстанымы жөнінде сұрақтан кейін айқындала түсті (барлығы 1 161 адам дауыс берді).

Исламнан өзге діндерге сенушілер 12%-ды құрады (көпшілігі православиеліктер шығар). Қазақстандағы дәстүрлі сүннеттік Әбу-Ханифа мазхабын ұстанушылар - 25%, өздерін сәләфиттік ағымның түрлі мектебіне жатқызушылар - 6%, сопылар - 3%. Бұл адамдарды құлшылыққа ден қойған адамдар деп бір жинасақ, олар 34%-ды құрайды. Егер ханафилер мен сәләфилер жөнінде түсінікті болса, өлкемізде сопылардың бар болуы – жаңалық, өйткені олар әлі өздерін көрсете қойған жоқ. Алайда, олар жасырынып жүрген жоқ (Атырауда Нақышбандия тариқатының мүшелері бар), билік оларды қауіпті деп санамайды.

Ең үлкен топ - 27% -әруақтарға сыйынамын, жағдайға қарай мұсылмандық жораларды орындаймын деушілер. Яғни, олар жаназаларға, садақаларға қатысады, құрбандыққа қой да шалатын шығар, қажет болған жағдайда әулиелердің басына барады және т.б., алайда діни мәселелерге бей-жай қарайды.

Сауалнамада үшінші орында атеистер тұр - 23%. Өздерін солай атағанмен, олардың мұсылмандық жаназаларға, садақаларға бармайтынын немесе құдай жоқ деп насихаттаумен айналысып жүргенін көрмейміз. Қазір олар үндемеуді жөн көреді. Мүмкін, олар өздерін материалистік көзқарастары бойынша атеистпіз дейтін шығар. Яғни, олардың ұстанымы ақылмен және санада қалыптасқан білімге ғана құрылады, сондықтан да олар дін тұрғысында қам жемейді.

Біздің сауалнамаларымыздың барлығы анонимді екені белгілі. Алайда өлім жазасына жасалған мораторийді алып тастау керек деп дауыс берген 74% қатысушының немесе жезөкшелікті заңдастыру идеясын қолдаған 67% жоғарыда атап өткен топтардың қайсысына жататынын білу өте қызықты болар еді. Сонымен қатар, тарифтерді, әйелдердің зейнеткерлік жасын өсіруге немесе биліктің басқа да жағымсыз шешімдеріне қарсы «бейбіт, бірақ рұқсат етілмеген митингке шығуға дайын» 580 жүректінің (сәуір айындағы сауалнамаға қатысушылардың 73%-ы) қолын қысқымыз келеді.

Жеке ақпарат

9 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.