2013 жылдың 4 желтоқсанында «Атырау-Жарық» Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына ТМРА департаментінің 2013 жылғы 25 қарашадағы электр энергиясының тарифін 8,3 пайызға төмендету туралы бұйрығын жою туралы талап арыз берді. Біздің дереккөзіміз хабарлағандай, экономикалық сот бұйрықтың күшін тоқтату туралы ұйғарым шығарған.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (ТМРА) енгізген тариф қалыптастырудың жаңа ережелері бойынша өңірлік электр желілері компаниялары (ӨЭК) үшін тариф Х-фактор негізімен салыстырмалы талдау әдісі - бенчмаркинг бойынша анықталады. Облыстық ТМРА департа-ментінде өткен жұртшылық тыңдауында «Атырау Жарық» АҚ өкілі Х-фактордың көптеген белгісіздіктері бар жиырма теңдеуден тұратын күрделі матрица екенін, оның мөлшерін анықтаумен ТМРА жүйесінде орталық компьютер айналысатындығын, ведомствоның жыл аяғына дейін елдегі 20 ӨЭК-тің әрқайсысы үшін Х-факторды жария ететінін мәлімдеген болатын.
Сонымен «машинаның» үкімін жария ететін кез де келді. ТМРА бенчмаркинг формуласын қолдана отырып, «Атырау-Жарықтың» тарифін 42 тиынға төмендетті («АЖ», №49, 5.12.2013 ж., «Жарық үшін тариф төмендеді»).
Сол кезде Атырау облыстық ТМРА департаментінің басшысы Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА хабарлағандай, «ағымдағы жылдың 25 қарашасындағы департамент бұйрығымен 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Атырау-Жарық» үшін бір киловатт-сағатқа 4,73 теңге (ҚҚС есебімен) мөлшерінде салыстырмалы талдау әдісі қолданылған электр энергиясын беру және тарату тарифі бекітілді. 2013 жылдың қолданыстағы тарифі бір киловатт-сағат үшін 5,15 теңгені құрады. Төмендеу 8,3 пайызды құрады».
«Атырау-Жарықтың» электр энергиясын беру және тарату тарифі облыс тұтынушылары үшін «Атырау Энергосату» ЖШС тарифінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Мәселен, егер «Атырау-Жарық» тарифі 2013 жылы бір киловатт-сағатқа 5,15 теңгені құраса, тұтынушылар үшін кесімді тариф 5,95 теңгені құрады. Департамент шыққан бұйрыққа сәйкес «Атырау Энергосату» ЖШС-нің 2014 жылғы тарифін тиісті төмендетумен есептеуге әзірленген болатын. Алайда ол орын алмады. Біздің дереккөзіміз хабарлағандай, экономикалық сот бұйрық күшін тоқтату туралы ұйғарым шығарған. Жаңа жылда тұтынушыларға есепшоттар бұрынғыша, 2013 жылда қолданыста болған тариф бойынша келе ме, әлде ТМРАД бізге «машина» сыйлаған электр қуатының бағасын төмендетуге қол жеткізе ме, әзірге белгісіз болып отыр.
Бізге «машина» төмендеткен тарифті жою үшін соттың нені басшылыққа алғаны да белгісіз. Тарифті төмендету шешімін шығарған ТМРА компьютеріне келер болсақ, ол еш нәрсені – жеке компаниялардың мүдделерін де, тұтынушылардың мүдделерін де, әділдік орнатуды да басшылыққа алмағаны сөзсіз. Ол бағдарлама нұсқауын ғана орындады. Алайда бұл туралы компьютер айта алмайды. Ол жеке тұлға болып табылмайды және құқық субъектісі бола алмайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ