"Сириядағы Қазақстан жиһадшылары" туралы бейнежазба кадры.2014 жылы Ауғанстаннан коалициялық күштердің шығарылуы Орталық Азиядағы тұрақтылыққа қаншалықты деңгейде әсер етеді? Қазақ жастары не үшін Сирияға соғысуға кетіп жатыр? Оларды қандай экстремистік идеялар жетелеп жүр? Бұл сауалдар бүгінде қоғамымызды толғандыруда, алайда бұларға нақты жауап беру қиын. Елдегі және оның сыртындағы экстремистік күштердің әрекеттерімен байланысты болуы мүмкін қатерлерге жасалған шолуды ұсынамыз.
«ТАЛИБАН» ӘЛЕММЕН БАЙЛАНЫС ІЗДЕЙДІ
Өкінішке орай, Ауғанстандағы жағдайға біз Вашингтон мен Кремльдің геосаяси көзқарастары арқылы ғана көз жүгіртуге мәжбүр болып отырмыз. Ал бұл көп жылдарға созылған соғыстардан зардап шегіп, тоз-тоз болған елдегі жиналып қалған барлық проблемалар мен шындықтарды көріп-білуге мүмкіндік бермейді. Ең кең таралған болжам – Ауғанстаннан НАТО өз қарулы күштерін шығарғаннан кейін ортаазиялық өңірде тұрақсыздық басталады. Билік басына радикалды топтар мен есірткі саудагерлеріне қолдау көрсететін тәлібтер келіп, террор басталады.
Алайда, менің ойымша, Қазақстан мен Орта Азияда діни экстремизммен байланысты ахуал күрт нашарлауы мүмкін деген пікір артықтау айтылған сияқты. АҚШ пен Ресей өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін мықты күш керек деп құлағымызға құйып жатыр және бұған көпшілік келісуде.
Әрине, Ауғанстан көршіле-рін қиын кезең күтіп тұр. Американ-дық қарулы күштер толықтай шығарылған жағдайда «Талибан» мен Хамид КАРЗАЙДЫҢ қуыршақ режимі арасындағы текетірес ұзаққа бармайтынын барлығы жақсы түсінеді.
Тәлібтер «ислам төңкерісін» көрші елдерге таратқысы келе ме? Бүгінде бәрін толғандырып, қорқытып отырған басты сұрақ – осы. Менің ойымша, бұл сұрақтың жауабын, ең алдымен, осы саяси қозғалыстың идеологиясынан іздеу керек.
Бұл үшін біз ауған тәлібтерінің, бізге сипаттап жүргендей, басбұзар сомалилік қарақшылар еместігін дұрыс түсінуіміз керек. Бұл - Ауғанстан Ислам Әмірлігі (тәлібтер өз мемлекетін осылай атайды) аумағының көп бөлігін бақылауында ұстап отырған үлкен саяси күш. «Талибан» - Мұхаммад ОМАР молла басқаратын көп тарапты діни-саяси ұйым. Оның үлкен әкімшілік және әскери ресурстары, үкіметі, мемлекеттік туы (шахада жазылған ақ ту) бар. Ханафиттік фикхқа (мұсылман құқығы) негізделген қатал шариғат заңдары Ауғанстанда ғасырлар бойына билігін жүргізіп келеді. Ал тәлібтердің заманауи идеологиясына келетін болсақ, олардың джиһадтық ақидасы (діни сенімі) 80-жылдардағы кеңестік жаугершілік кезеңінен бері кең таралған. Сол кезде ауғандық қарсылық күштеріне палестиналық шейх-идеолог Абдулла АЗЗАМ жетекшілік еткен араб ерікті-жанкештілері көп көмектескен еді. Кейіннен джиһадтық ақида «Талибан» қозғалысының бірыңғай идеологиясына айналып, сол арқылы 90-жылдардың ортасында билік басына келді.
Бүгінде халықаралық террорға қарсы операциялардың жүргізілуіне байланысты күшейген «Талибанның» жабықтылығы мен оқшаулануына байланысты батыстық әскери коалицияның басты қарсыласы туралы шынайы да объективті ақпараттар алу қиын болып отыр.
Урду, пуштун, парсы және араб тілдерінде хабар тарататын «Джиһад дауысы» Ауғанстан Ислам Әмірлігінің басты ақпарат көзі (Voice of Jihad) болып табылады және бұдан әскери ақпарлармен қатар, тәлібтердің ел ішіндегі және шетелдегі қызметтері жөнінде көп қызық нәрселер білуге болады.
Мәселен, ол жерден Ауғанстан Ислам Әмірлігі өзара сыйластық негізінде әлемнің барлық елдерімен және алғашқы кезекте өз көршілерімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді деген үкіметтің ресми коммюникесін табуға болады.
«Джиһад дауысы» ақпараттарына сәйкес, Батыс тәлібтерді халықаралық қоғамдастыққа араластыруды көздеуде және олардың өкілдері Еуропа мен Азиядағы конференцияларға қатысып жүр.
Тәлібтер Вашингтонға елдегі басып алу мен зорлық-зомбылықты тоқтату туралы талай рет бейбіт келіссөздер ұсынған. Американдықтар өздері кеткеннен кейін билік басына күшпен болсын, ашық сайлаулар жолымен болсын, бәрібір тәлібтер келетінін жақсы түсінеді.
Міне, сондықтан да АҚШ-тың бастамасымен жазда Дохада (Катар) Ауғанстан Ислам Әмірлігінің саяси өкілдігі ашылды және мемлекеттік департамент осымен тікелей келіссөздер жүргізіп жатыр.
Жақында тәлібтердің баспасөз қызметі өз көршілеріне ресми мәлімдеме жасады: «Ислам Әмірлігі өз көрші мемлекеттеріне еш зиянын тигізбейді деп жауапкершілікпен мәлімдейді. Ислам Әмірлігі өз елінде, тұтас өңірде бейбітшілікке қол жеткізуге ұмтылады. Алайда Ауғанстанда американдық қарулы күштердің болуы ел ішіндегі және өңірдегі тұрақсыздықтың басты себебі болып табылады».
Әрине, бұл жай мәлімдеме ғана. Мүмкін, бұған Ауғанстанның әлеуметтік жағдайының қатты күйзеліске ұшырауы және американдықтар кеткеннен кейін бірінші кезекте елді қалпына келтірудің қажеттілігі себепші болған шығар. Алайда Ауғанстанның көршілері осы кедей және қираған елдің әскери басқыншылығынан емес, мүмкін болар бассыздық пен бақылаусыз экстремизм экспортынан қорқып отыр.
ТӘЛІБТЕР БІЗГЕ КЕЛЕ МЕ?
Қазақстанда «тәлібтік астыртын ұйымның» пайда болуы екіталай болар. Тәлібтердің өз идеяларын насихаттаумен және шетелде астыртын әрекеттер ұйымдастырумен ешқашан айналыспағаны белгілі. Айтпақшы, шариғат заңдарымен өмір сүргісі келетін радикалды қазақ мұсылмандарының Ауғанстанға қоныс аударуы көбеюі мүмкін. Содан кейін осы эмигранттардың туған жерге деген сағынышы нәзік және бейбіт түрде болады деп ешкім айта алмас.
Қалай дегенмен де, негізгі қауіп Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) бақылау жасап отырған ресми діни саладан аластатылған ішкі экстремистік топтардан шығатын болады. Елімізде негізгі діни наным-сенім турасындағы тартыстар ҚМДБ (матруди ақидасын ұстанатын дәстүрлі ханафит мазхабы) мен сәләфиттік топтар арасында жүріп жатыр. Соңғылары ресми дін басыларын мұнафихтікпен (екіжүзділік) және бидағат енгізумен айыптайды («АЖ», №9, 28.02.2013 ж., «Тағы да қамауға алу, немесе Жас қазақ неге лаңкес атанады?», «Батыс Қазақстандағы Ислам діни идеяларының әсері»).
Көрсетілген қысым әсерінен астыртын әрекет етуге душар болған дінге сенушілердің (мадхалиттік және мүрджиттік ақида ұстанатын сәләфилік топтар) діни көзқарастары кей жағдайлардаы ең радикалды нысанға айналуда. Қазақстанда бұл – джиһадизм мен хариджизм идеялары. Осы діни көзқарастар қақтығыстарының катализаторы ретінде ҚМДБ қызметкерлеріне әрдайым көмек қолын созатын құқыққорғау органдарын тануға болады.
Діни ортаны жазықсыз жала жауып, жазалау әдістерімен тазалау дінге сенушілер көзқарас-тарының болашақта радикалдануына, тіптен, қарсы әрекеттер жасауға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Мысалы, өткен жылғы Атырау ҚІІБ-не, сондай-ақ, Тараз, Ақтөбе, Алматыдағы құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасау - мұның айғағы. Бұл терактілер экстремистер үстінен ашылған қылмыстық іс қозғау және соттау процестеріне жауап, арнайы операциялар кезінде қаза болған бауырлары үшін кек қайтару еді.
Тағы бір мүмкін болар қауіп-қатер – қазақ содырларының Қазақстан жерінде астыртын террористік қызметтер жүргізу үшін елге қайтып келуі. Билік басына тәлібтер келсе, шетелдік содырлардың қайда баратыны – уақыттың еншісінде. Олардың қазір Ауғанстанмен шекаралас жатқан Пәкістан аумағында, Оңтүстік Вазаристанда шоғырланғаны белгілі. Олардың ел ішінде қозғалуын және әскери іс-қимылдарға араласуын «Талибан» басшылығы қатаң реттеп отырғанын көп адам біле бермейтін шығар. Атап өтсек, діни экстремизмге мониторинг жасаумен шұғылданатын белгілі The Long War Journal ағылшын тілді сайтының ақпараты бойынша, Пәкістан аумағында содырлар тәлібтердің беделді пуштундық тобы – Хаккани кланына бағынады екен.
Ауғандықтар, әрине, өздерін құрбан етіп жүрген діни бауырларын құрметтейді, алайда ол жерде шетелдіктерді көп жарата қоймайды, мысалы, тәлібтер бақылау жасайтын елді мекендердің атқару органдарында бірде-бір шетелдік жоқ. Бірнеше жыл бұрын Кветт Шурасында («Талибан» қозғалысының ірі этникалық топтары қатысатын командалық орталығы) шетелдік еріктілерге: «Кресші-басқыншылармен соғысыңыздар, алайда еліміздің ішкі шаруаларына араласпаңыздар!» - деп түсіндіріп айтқан болатын.
Мұны қазақстандық арнайы қызметтер ұстаған «Джунд уль Халифаттағы» қазақ «солдат-интернационалистерінің» интернет жазбалары да растайды. Онда олар өз жеке мақсаттарын көздейтін тәлібтердің жүргізіп отырған саясатына наразылықтары, қолбасшылылыққа риза еместіктері, моджахедтердің этникалық белгілері бойынша бөлінулері, қазақстандық экстремистер арасында да идеялық және қаржылық келіспеушіліктер бар екендігі туралы жазады.
Сонымен қатар, Атырауда бірнеше рет болған терактілер содырлардың шетелде отырып-ақ, қазақстандық астыртын ұйымдармен байланыста болып, олардың террорлық қызметтерін реттеп отыратынын көрсетті.
ДӘЖЖАЛМЕН СОҢҒЫ СОҒЫСҚА...
"Сириядағы Қазақстан жиһадшылары" туралы бейнежазба кадры.Кейбір саясаттанушылар мен сарапшылар радикалды қазақ мұсылмандарының Сирияға қоныс аударулары себептерін елдегі әлеуметтік жағдайдан іздеп, уағыздаушылар туралы, ақша үшін соғысатын жалдамалы содырлар туралы әңгіме қозғап, тіпті, оларды үйге қайтару туралы да айтып жүр. Бірақ басты нәрсеге назар аударылмайды.
Ақша үшін соғысуға тек арнайы әскери дайындығы бар адамдар ғана барады. Ал бұл жерде басқа себеп – дін үшін құрбан болу сенімі тұр. Қазақ жастары Аллах жолында өз еркімен өлуді армандап, кетіп жатыр. Онда неге отбасыларымен бірге кетеді? Мүмкін, тәуелсіз мұсылман уммасын (қоғамын) тауып, сол үшін айқасып, шариғи мемлекет құрамыз деген үмітпен шығар. Егер өлмесем, сол жерде үрім-бұтағымды таратамын дейтін шығар.
Кез келген діни экстремизмнің пайда болуының өз идеологиялық негізі болатынын түсінуіміз керек. Міне, сол негіз болашақта топтардың көзқарастары мен қимылдарын анықтайтын болады.
Бүгінде Қазақстаннан, Орта Азиядан және Солтүстік Кавказдан шыққан содырлар өз идеялық басымдықтарын өзгерткен және басқа қақтығыс нүктелерінен Сирияға қарай ағылып жатыр. Міне, дәл сол жерде араб шейхтарының көпшілігінің батасын алып, джиһадшылар әлемдік ақырзаман соғысының алғашқы майданын ашпақшы. Егер күні кешеге дейін исламдық бауырластық парызы және «басқыншылыққа ұшыраған Ислам аумағындағы» мұсылмандарға көмектесу содырлардың Ауғанстанда, Балқан түбегінде, Солтүстік Кавказ бен Иракта соғысуына басты сылтау болса, бүгінгі Таяу Шығыстағы қақтығыста оларға күрделі діни-догматикалық негіз жүктеліп отыр.
Мәселен, сүннет мұсылмандардың сенімі бойынша (кейбір хадистерге сәйкес), Ақырзаман қарсаңында оларға ең бірінші болып «мәджусилер» - отқа табынушы парсылар (яғни, олардың қазіргі ұрпақтары: Башар АСАДТЫҢ алавиттік режимі, шииттік Иран, ливандық «Хизбалла» радикалдық тобы) қарсы шығады, солардан бүкіл арабтық Шамды (Сирия, Ливан, Иордания) азат ету керек.
Содан кейін сүннет мұсылмандар Шамда өз мемлекетін құрып, Дәжжалмен соңғы айқасқа түсетін Иса (Иисус) пайғамбардың келуін күтеді.
Ал шииттердің сенімі бойынша, Таяу Шығыстағы соғысқа қатысушылардың, нақтылап айтқанда, сириялық жанжалға Батыстың араласуының артында белгілі бір күштер тұр. Шииттер ойларынша, дінсіздер мен дінбұзарлар өңірдегі АҚШ-тың, Израильдің және саудиялық монархтардың үстемдігін жоятын 12-ші әулие МАХДИ имамды тауып, оны жоюды мақсат етеді. Міне, бүгінде осы идеялық негізде және Ирак пен Иран (Ресей мен Сирияның басты саяси одақтастары) аятоллаларының басшылығымен шииттік содырлар соғысқа аттануда.
Бұдан көріп отырғанымыздай, қарсыластардың бір-бірін өлтіруге деген идеялық себептері жеткілікті. Содан соң, әрине, әлемдік державалардың өз геосаяси үстемдіктері үшін күрестерінде осы діни көзірлерді шебер ойната білуі сириялық қырғынға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған экстремистердің ағылуын қамтамасыз етеді.
ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ТҰСАУ ЖОҚ
Қауіп-қатер тақырыбын айтқанда, Орта Азия елдері мен Қазақстан арқылы өтетін есірткі тасымалдаудың күшею қаупін айтпай кетуге болмайды.
БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2012 жылы әлемдік заңсыз апиын өндіру көлемінің 74 пайызы Ауғанстанның үлесіне келген екен. Натолық қарулы күштер енгізілгеннен кейін бұл елдегі апиын өндіру 40 есе артқан. 30 жылға созылған соғыс ел экономикасын түбегейлі ойсыратты, ол жерде бидай еккеннен гөрі көкнәр еккен тиімдірек. Бұл жерде радикалды тәлібтер де еш нәрсе жасай алмас – бұл ел кірісінің негізгі көзі ғой.
Ауған героині бүгінде Орталық Азия мен Ресейден кедергісіз өтіп, Шығыс Еуропаға жол тартуда. Мысалы, «Душанбе – Мәскеу» жолаушылар пойызы героин тасымалының күре тамыры болып саналады. Тек 2013 жылдың басынан бастап бұл «есірткі пойызынан» ресейлік шекарашылар Қазақстан мен Орта Азиядан еш кедергісіз өткен екі героин партиясын (100 келі) құрықтады.Есірткі тасымалы өтетін елдерде ұсталған героиннің мөлшері жыл сайын азаюда. Мұның басты себептеріне сарапшылар құқыққорғау органдарындағы жемқорлық пен осы ел билігінің есірткі саудагерлеріне қолдау көрсетуін жатқызады.
Осыдан шығатын тағы бір қайғылы жағдай – есірткі тасымалы осы елдердегі есірткі пайдаланушылар санының артуына үлкен әсер етеді. Мысалы, Ресейдің ауған героинін тасымалдау елінен бас тұтынушы елге айналғанына бірталай уақыт өтті. Тасымалдау картасында келесі Қазақстан тұр... Апиынның күні өткені қашан – қазір бәрі героинге көшті.
Азамат МАЙТАНОВ