6 қаңтар күні кешке Атырау қаласында газбен қамтуда іркілістер пайда болды.
Газдың жоқтығы жөнінде «АЖ»-ға алғаш болып Авангардтың 4-ықшамауданының тұрғындары хабарлады. Олар апатты газ қызметінің «104» номеріне телефонмен еш хабарласа алмаған екен - соққан уақытта «бос болмаған». Біз осы номерге жарты сағат бойы телефон соқтық - «бос емес екен».
Содан кейін біз қалалық әкімдіктің апат қызметінің диспетчерлігіне хабарластық. Телефонды өзін Гүлфина деп таныстырған диспетчер қыз көтеріп, «көгілдір отынның» жоқтығына оң жақ жағалауда қатарласып орналасқан Авангард, Лесхоз, Жұмыскер және Еркінқала елдімекендерінің тұрғындары шағымданғанын айтты. Ол сондай-ақ, ешбір жауапты лауазымды тұлғамен хабарласа алмағанын алға тартып, газды айырудың себебін атай алмайтынын жеткізді.
Ал қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ телефон арқылы былай деді:
- «Атыраугазинвест» ЖШС жүйесінде электр қуатының тұрақсыздығына байланысты автоматты тоқтату орын алды. Қазіргі уақытта жүйе жұмысы қалпына келтірілді.
Алайда, бүгін, 8 қаңтарда Нұрсая мен Атырау ықшамаудандары газбен қамтудан ажыратылды. Біз қаланың осы аудандарына газ беруге жауапты «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының бас инженері Александр БАЛАКИНГЕ қоңырау шалдық.
- Таңертең «Фин қазандығы» ГТС-нде газ қысымының төмендеуі орын алды. Ол жерге жаңа құбыр салғанбыз. Бұл біздің кәсіпорынның ішкі мәселесі. Қысым бір сағат ішінде қалпына келтірілді.
- Осындай жағдай Авангард 4-ықшамауданында да болды ғой...
- Мен сол ықшамауданда, №18 үйде тұрамын, ешқандай ажырату болған жоқ.
Қалай дегенмен де, бұл оқиғалар «мұнайлы астананың» екі газбен қамтушы кәсіпорны да қатты салқындыққа дайын еместігін көрсетті. Барлық «жеке секторлар» мен кейбір көппәтерлі үйлер (автономды газ қазандықтарына көшкендер) үшін газдың жоқтығы үйдің сууы мен жылу жүйесінің қатып қалуына әкеліп соқтыратынын ескерген жөн.
Бүгін, 8 қаңтарда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалының баспасөз қызметі «Финская» АГТС-те 8 қаңтарда 6 сағат 35 минутта газ қысымының төмендегені туралы хабарлама таратты.
Баспасөз бетшесінде қазіргі уақытта газбен қамтуды жұмыс режимін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатқаны көрсетілген.
Сонымен қатар, баспасөз бетшесіне тұтынушыларға арналған «Газ ажыратылса, не істеу керек?» деген жадынама тіркеліпті.
Газды ажырату апатты түрде немесе жоспарлы түрде жүргізілуі мүмкін. Екінші жағдайда сіздерге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ескертулер жасалады. Ал газ кездейсоқ ажыратылған жағдайда келесідей әрекет етіңіз: 1. Пәтер ішіндегі газ құбырының тыйғышын жабыңыздар (егер бар болса, газ есептегіш алдында тұрған тыйғышты жабыңыз). Газ плитасын, газ жабдықтарын ажыратыңыз. 2. Газдың иісі сезілсе, пәтердің ас бөлмесін және басқа да орынжайларын желдетіңіз. 3. Газ тыйғыштарын жапқаннан кейін, «104» номеріне телефон шалып, газдың неге ажыратылғанын анықтаңыз. 4. Осындай қауіпсіздік жұмыстарын жүргізу керектігі жөнінде көршілеріңізге хабарлаңыз.
Газ кері қосылғанда, неге үйде болуыңыз керек?
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін газшылар қосуды реттеу жұмыстарын жүргізеді, яғни тұтынушылар үйіне газды кері жібереді. Егер сіз жеке меншік үйде тұратын болсаңыз, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚӨФ газ қызметі қызметкерлерін үйге кіргізуге мүмкіндік жасауыңыз қажет – мамандар жабдықтардың ақаусыздығын, газ кетулердің жоқтығын тексереді, содан кейін ғана үйіңізге газ келе бастайды. Көппәтерлі тұрғын үйлердің әр пәтеріндегі газ жабдықтары тек газ кетулер анықталған жағдайда ғана тексеріледі – пәтерлердің бірінде тыйғыштың ашылып қалуы немесе газ аспаптары жұмыс күйінде қалдырылуы мүмкін.
Егер сіз демалысқа кететін болсаңыз, газ жабдықтарының барлық тыйғыштарын жабуды ұмытпаңыз, мүмкіндік болса, кілтті жақын туыстарыңызға немесе көршілеріңізге тастап кетіңіз. Егер газ кету дәл сіздің пәтеріңізде болып, газшілер қайта жіберу кезінде ішке кіре алмаса, көрші пәтерлердің тұрғындары көп уақытқа дейін газсыз қалады.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының Атырау облысы аумағына ортақ апатты-диспетчерлік қызметінің телефоны – «104»
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ