Айжан БОҚАЕВА.«Ешқандай кикілжің болған жоқ, барлығын журналистер ойдан шығарды!» - дейді өткен жылдың мамыр айында Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттік жариялаған «бүкілхалықтық ең үздік олимпиадалық киім-кешек байқауының» жеңімпазы Айжан БОҚАЕВА.
«МЕН – НАҒЫЗ ПАТРИОТПЫН»
Естеріңізге салсақ, өз Сән үйінің негізін салушы, қазір Атырауда тұратын 27 жасар Айжан финалға шыққан үштіктің арасынан интернет арқылы дауыс беру бойынша бірінші орынға ие болды. Агенттік 2014 жылғы олимпиадаға қатысушылардың спорттық киімдерінің топтамасы Боқаеваның сызбалары бойынша тігіледі деп ресми түрде жариялады. Осыдан кейін, желтоқсанның аяғында олимпиадалық киім-кешекті таныстыру шарасы өткізілді, алайда бұл киімдер жеңімпаз сызбаларына мүлдем сәйкес келмеді. Республикалық БАҚ беттерінде Боқаеваны коллекцияны өзі тігуді қалап, жанжал тудырып отыр деп айыптады. Байқау талаптары бойынша, жеңімпазға ынталандыру сыйлығы ретінде Сочидағы Олимпиадалық ойындарға екі билет беріледі деп уәде етілген-ді, ал шығармашылық байқауда жеңіске жету толық өндірістік кезеңді білдірмеген болатын:
- Иә, бұл дизайнерлік байқау ғана болғанын білемін. Әрине, мен өз киім үлгілерімнің Олимпиадаға барғанын қаладым, алайда спорт комитеті тапсыру мерзімін асықтырды, - деп жағдайға түсінік берді Боқаева. – Біздің еш мүмкіндігіміз болған жоқ, спорттық киім-кешектердің бір ерекшелігі – коллекцияны сызба жұмыстарынан дайын бұйымға дейін жеткізуге кем дегенде бір жыл керек. Сондықтан да менің спорттық киімдерім Сочиге бармайды. Қазір ол конструкция, технология және материалтану тұрғысынан әзірлеу мен модификациялау кезеңінде.
А.БОҚАЕВАНЫҢ олимпиадалық киім-кешегінің дизайны.Кейін анықталғандай, Олимпиадалық ойындар қарсаңында коллекцияны дайындау байқаудың келесі бір финалға қатысушысы, 2-орын алған - "КазСПО-N" ЖШС тігін фабрикасына (Zibroo брендімен) тапсырылған. Компания өкілі Боқаеваның дизайнынан дайын өнім жасау мүмкін емес, сондықтан да спорттық киім-кешекті өз сызбалары бойынша дайындап жатқандықтарын мәлімдеді.
- Мен мамандығым бойынша технолог-конструктор және материалтанушымын. Сондықтан да сызбаларымды дайындағанда, қандай қиындықтар кездесетінін анық білдім. Иә, бұл - өте қиын пішу үлгісі, алайда мен оны қалай шынайылыққа айналдыруға болатынын білемін және оны айналдырамын. Мен қазір осы бағытта жұмыс жасап жатырмын, - дейді Боқаева. – Мен өз үлгімді патенттеп, спорттық киім тігу саласында үлкен тәжірибесі, қажетті жабдықтары мен қызметкерлері бар «Бигпишпро» (Алматы) компаниясымен әріптестік келісімге келдім. Қазір бірлесе жұмыс жасап жатырмыз. Әзірлейміз, тігеміз, бракқа шығарамыз, сосын кейін бастаймыз. Қалай болғанда да, бұл ойларымды жүзеге асырамын – мен асықпаймын, жыл-жыл жарым уақыт кетер, мен бұған кәсіби деңгейде қол жеткіземін. Бұл ұлттық киім үлгісі болмақ, мен өз әзірлемелерімді масс-маркетке (бұқаралық тұтыну өнімдері) жіберуді ойлап отырмын, егер люкс санатты тапсырыстар болса, оны да өндіремін. Былай жазыңыз: мен нағыз патриотпын, мен өз киім үлгімді қарапайым адамнан кәсіпқой спортшыға дейін, жұмысшыдан бизнесменге дейін – барлығы кигенін қалаймын.
- Сіз пішімі мен материалдарының сапасы өте жоғары болуға қол жеткізсем дейсіз, киімдеріңізді Қазақстанда тігу де сіз үшін маңызды. Алайда бұл өнімнің өзіндік құны мен сіз айтқан «қарапайым адамдардың» қолжетімділігіне қалай әсер етеді?
- Мен «Мерседесте» туған жоқпын, осылай жазыңыз, сондықтан да 6-7 баласы бар отбасы көп нәрсеге «қол соза алмайтынын» жақсы білемін, алайда менің киімім қолжетімді болады. Біз барлық аспектілерді – рационалдық, экономикалық және басқа да жақтарын қарастыратын боламыз, - дейді Айжан.
Уәде етілген ақпан айында Олимпиадаға бару жолдамасынан басқа Боқаева еш нәрсе алған жоқ. Алайда байқаудың жеңімпазы деген атақ бірталай пайдасын тигізді:
- Менің клиенттерімнің саны көбейді, Құрманғазы мәдениет үйінің үлкен тапсырысын тіктім, алайда бұл тек біздің құр атағымыз емес, сондай-ақ жұмысқа қабілеттілігіміз ғой.
- Сіздің Спорт және дене тәрбиесі жөніндегі агенттікке қояр талабыңыз бар ма?
Менің ойымша, Айжан адаммен сөйлескенде сезімге бой беріп, адуынды сөйлейді екен – маған бүгінге дейін осылай жаз деп әлі ешкім көп айтпап еді, алайда Агенттікті еске алғанда, өзін тіктеп, бойын жинап алды:
- Менің оларға қояр еш талабым жоқ, дәл осылай жазыңыз, мен барлығына ризамын, рахмет! – деді ол мысқылын жасыра алмай.
Дегенмен, менің ойымша, Айжанның талап қоятын барлық негізі бар. Агенттік бұл жерде өзін лайықсыз көрсете білді: Құралай Нұрқаділованың Лондон-2012 жазғы ойындарына дайындаған киім үлгілері қоғам тарапынан, соның ішінде Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелерінен де үлкен сынға ұшыраған. Биылғы «халықтық» деп аталған, асығыс жарияланған (өтінім қабылдауға 10 күн, 3 күн онлайн дауыс беру, комиссияның үш сағат талқылауы мұндай үлкен көлемді іс-шара үшін мардымсыз уақыт екені белгілі) бұл байқау спорт атқамінерлерінің көзбояушылығы екені көрініп-ақ тұр. Алайда шенеуніктердің бұл бастамалары да кезекті жанжалмен аяқталды: байқау жалған жариялыққа құрылып, аяғына дейін дұрыс ойластырылмаған екен. Тәжірибелі технолог-конструктор жасаған дизайнды қолданысқа енгізудің «мүмкін еместігіне» сілтеме жасап, жүзеге асыруды оның бәсекелесіне тапсыру – іскерлікке жатпайды. Жеңмпазы далада қалған бұл байқау кімге керек болды?
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суреттер «АЖ» мұрағатынан алынды.