Атырау, 5 мамыр 00:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Оқиғалар тізбегі

2 074 просмотра

Желтоқсанның 29-да күндіз «Фанки Таун» ойын-сауық кешенінде Өркен (бұрынғы Жұмыскер-2) ықшамауданында тұратын 10 жасар қыздың «Самсунг С-76» фотоаппараты қолды болған. Тергеу жүргізілуде.

***

Желтоқсанның 30-да ертемен Атырау-Индер тас жолында Ақжар поселкесінің маңында «Лады» ВАЗ-2113 көлігінің 28 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні – педагогикалық колледжде оқитын 19 жастағы қызды қағып кетті. Ол алынған зақым салдарынан сол жерде көз жұмды.

***

Желтоқсанның 30-да күндіз «Насиха» базарында бутиктердің бірінде сатушының жоқ болған сәтін аңдып, 33 жастағы ер адам манекеннен күртені шешіп алып, бой тасаламақ болған. Жұмыс орнына келген сатушы оны ұстап алып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

***

Желтоқсанның 30-да күндіз «Фанки Таун» ойын-сауық кешенінде орналасқан «Наше кино» кафесінде 33 жастағы қала тұрғынының сөмкесінен 45 мың теңге ақшасы бар әмияны ұрланды. Полицейлер бақылау камерасынан жазбаларды алды, ұрының жеке басы анықталуда.

***

Желтоқсанның 30-да кешкісін «Тамаша» СОК-дегі «Лидер» супермаркетінен касса алдында белгісіз біреу 44 жастағы сатып алушының сөмкесінен әмиянын ұрлап кеткен. Тергеу жүргізілуде. 

***

Желтоқсанның 30-да сағат 8-ден 22-ге дейінгі аралықта Томарлы селосында белгісіз біреулер пластик терезені итеріп шығару арқылы жеке үйге түсіп, зергерлік бұйымдарды, қаракүзен ішігін және қолма-қол 50 мың теңге ақшаны қолды қылған. Тергеу жүргізілуде.

***

Жаңа жыл басталғаннан кейін «Рамстор-Қазақстан» ЖШС директорының орынбасары полицияға бір жарым сағат бұрын 20 жастағы компания күзетшісінің қоймадан 4 қорап төсек-жайма бұйымдары мен бір қорап шырын ұрлағандығын хабарлады. Күдікті ұсталды.

***

Желтоқсанның 31-іне қараған түні белгісіз біреулер Махамбет көшесінің бойындағы «Эсмо» шаштаразы ғимаратының есігін сындырып, ішіне кірген. Құны 145 мың теңге тұратын «Самсунг» теледидарын ұрлап кеткен. Тергеу жүргізілуде.

***

Желтоқсанның 31-іне қараған түні белгісіз біреулер орталық мешіттің аумағында орналасқан діни әдебиеттер дүңгіршегінің терезесін сындырып, 50 мың теңгенің кітабын ұрлап кеткен.

***

Желтоқсанның 31-інде сағат 22-де Б.Нысанбаев көшесінің бойындағы №50 үйде ұрлық жасалғандығы туралы дабыл түсті. Полиция ұрылардың терезені сындырып үйге түскенін анықтады. Шағын сөмке мен балалар сыйлықтары қолды болған. Зиян 14,5 мың теңгені құрайды. 

***

1 қаңтарда түнгі он екі жарымда Сәтпаев даңғылы бойындағы 34-үйдің 60 жастағы тұрғыны аулада белгісіз ер адамның жұртты Жаңа жылмен қатты айқайлап құттықтап, ұйқы бермей отырғанын полицияға хабарлады. Келген полиция жасағы тыныштық бұзушыны анықтап, онымен түсіндіру әңгімесі жүргізілді.

***

Қаңтардың 1-інде түнде СМП-136 ықшамауданындағы №4 үйдің маңында жергілікті тұрғындар қойылған көліктерді теуіп, дабылы іске қосылғанына мәз болған жасөспірімді ұстады.

6 қаңтар 2014, 12:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.