- Жақын арада жанар-жағармай стансаларының бірінен ауа тазартқыш сатып алған едім. Ол жарамсыз боп шықты. Мен тауарды кері қайтарғым келген. Бірақ оны кассир чек соғып қойдым деп қабылдамай, тауарды әлдебір фирма жеткізеді, соған барыңыз дегенді айтты. Қандай ақымақтық десеңізші, қазір тауарлардың жартысы Қытайдан әке-лінеді емес пе?! Сапалық тұрғыда талап қою үшін Қытайға бармайтын шығармын. Ауа тазартқыш қымбат тауар емес. Оны лақтыра салуыма болар еді. Бірақ жанар-жағармай стансаларында азық-түліктерді де сатады ғой. Ал бұл жағдайда сапасыз тауар үшін кім жауап береді?
Владимир И.
«Сатылған тауар туралы жауапкершілік, егер тауарды сатып алушының өзі бүлдірмеген болса ғана сатушыға жүктеледі, - дейді Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының кеңесшісі Валентин РОТЕНБЕРГ. Заң бойынша сатушы тұтынушының алдында жауап береді. Ол сапасыз тауарды ауыстырып беруі немесе сатып алушының қалауы бойынша оған ақшасын қайтарып беруі тиіс. «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңның 14-бабының 1-тармағында, тұтынушы тауардың сапасыздығын анықтаған жағдайда, ол өз таңдауы бойынша сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді немесе тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге немесе сапасыз тауарды ауыстыруды немесе шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы делінген. Кепілдік мерзімдер нормативтік-техникалық құжаттармен немесе келісім-шартпен белгіленеді және тауар сатылған күннен бастап есептеледі. Ал жарамдылық мерзімі дайындалған уақытынан бастап саналады. 2-тармақта, тұтынушы осы баптың 1-тармағында көрсетілген талабын тауар үшін белгіленген кепілдік мерзімі ішінде тауарды сатып алған сауда мекемесіне, сатушыға немесе оның өкіліне қоюға құқылы делінген. Кепілдік мерзімі белгіленбеген тауарлардан кемшіліктер анықталған жағдайда, сатып алған күнді есептемегенде 14 күн ішінде немесе зертханалық анализ немесе сауда сараптамасы бюросы анықтаған жасырын ақаулар болған жағдайда 6 ай ішінде талап қойылады... 4-тармақта, сатушы, дайындаушы (олардың өкілдері) тауарды тұтынушыдан қабылдап алуға міндеттілігі айтылған. Тауар болған жағдайда тұтынушының оны ауыстыру жөніндегі талабы тез арада қанағаттандырылуы тиіс. Ал сапаны тексеру қажеттігі туындаған жағдайда, республиканың заң актілерімен немесе тараптардың келісімімен бекітілген мерзім ішінде (бірақ 14 күннен көп емес) қанағаттандырылуы тиіс.
Тауар болмаған жағдайда тұтынушының ауыстыру туралы талабы тиісті өтініш жазылған уақыттан бастап 2 ай мерзім ішінде қанағаттандырылуы тиіс.