2 қаңтарда Атырауда Құрманғазы атындағы Мәдениет үйіндегі (Жилгородок) жаңажылдық қойылым кезінде 7 жасар қыздың үстіне өте жоғары биіктіктен ауыр дыбыс зорайтқыш құлап түсті. Бүлдіршін басынан және кеудесінен зақым алды.
СҰМДЫҚ ЖАҒДАЙ
- Мен Әлияның дәстүрлі жаңажылдық қойылымды көргенін қалаған едім, бірақ қойылым басталғанша фойеде балаларға арнап хоровод ұйымдастырыпты. Шудан шаршап кеткен қызым мені сыртқа қарай сүйреді. Ол өзін жайсыз сезінген соң, тыныстауға жеңіл болсын деп басындағы сиқыршының қалпағы мен костюмінің жағасын шештім. Құдайым-ай, неге шештім екен, мүмкін киім сәл де болса тиген соққыны жеңілдетер ме еді... Қыстырылысып қалған соң қызымды алға қарай өткізіп жібердім. Бір кезде көз алдымда бірдеңе қарауытты да, Әлияшым шыңғырып еденге құлап түсті, - дейді оқиғаны есіне түсірген қыздың анасы Шынар АМАНЖОЛОВА көз жасына ие бола алмай. – Балалар толы залдың ішінде медицина қызметкері де, әкімшілік өкілі де болмады. Дыбыс аспабын басқарып тұрған қызметкер оқиғадан соң ғайып болды. Кейінірек мен үшінші қабатқа көтеріліп, неліктен колонканың құлап түскенін білмек болып едім. Сөйтсем осы бүкіл ауыр аппаратураның бәрі балконның қанатында еш бекітусіз тұрғандығын көріп шошыдым. Яғни, әкімшілік ешқандай қауіпсіздік шарасын алмаған. Салмағы 20 келілік бұл динамик жоғарыдағы биіктіктен кез келген уақытта балалардың бастарына құлап кетуі мүмкін еді.
САРАПТАМА ДЕМАЛЫСТА
Шынар Аманжолова қызымен бірге травматологиялық пунктте. Суретті түсірген Қ.Елеуов.Шынар Аманжоловажедел жәрдемді, полицияны шақырған. Медиктер алғашқы көмекті көрсеткен соң есеңгіреп қалған қызды облыстық балалар ауруханасының травматологиялық пунктіне алып кеткен. Әлияның ата-анасы жүгінген адвокат оларға полицияға тіркелген олардың арыздарының нөмірін және сод-медициналық сараптама органдарына куәландыру үшін жолдаманы міндетті түрде алуға кеңес беріпті. Бұл құжаттарды Шынар Аманжолованың айтуынша, оған ҚІІБ-нен әрең алыпты. Келесі күні, 3 қаңтарда ата-аналары сәбилерін сот-медициналық сараптамаға апарған, бірақ сарапшыларда «басқа жұрттар секілді» дүйсенбіге дейін демалыс екен.
- Бұл қалай болғаны, мұндай қызмет орнының осындай ұзақ демалыста болғандары қалай? – дейді наразы болған Шынар. Онымен келіспеске болмайды. Оның үстіне, заң бойынша зардап шегушілер үшін куәландыру мерзімі үш күнмен шектелген. Бұл жағдайда заңды сот-медициналық сараптама қызметкерлерінің өздері бұзып отырғаны ғой.
«ҮНЕМІ ОСЫЛАЙ БОЛАТЫН»
Зардап шеккен Әлия. Суретті түсірген Қ.Елеуов.Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінің директоры Арғын ҚҰЛМАНОВ болған жағдайға абыржып қалды:
- Бірнеше жылдан бері біз аппаратураны осылай орнатып жүрміз, ешқашан ешқандай төтенше жағдай болған емес. Оны балкон қанатына бекіту мүмкін емес. Бекітетін жер жоқ. Оны төменге холлдың еденіне қойған да келіспейді, дыбыс дұрыс естілмейді. Сондықтан да жоғарыға орнатамыз. Шамасы, келушілердің біреуі шнурды іліп кетіп, колонка төмен қарай құлаған болар. Аппаратурамен жұмыс жасайтын біздің операторымыз сасқалақтап қалған. Бұл біздің тәжірибемізде орын алып отырған бірінші жағдай. Колонканың қыздың тас төбесіне емес, жанап құлағанына шүкір, әйтпесе қатты мертігіп қалап еді. Біз сәбидің емін төлеуге әзірміз. Қазір қауіпсіздік шаралары алынды, біз аппаратураны балконның қанатынан еденіне түсірдік.
Қазіргі уақытта отбасы сәбилерін емдеуді қолға алған. Біраз уақытқа қыздарына спортты ұмытуға тура келеді. Қазір оған тыныштық керек, кітап, сабақ оқуға болмайды. Үздік оқитын Әлияны қапаландыратыны да осы. Ал ата-аналары Мәдениет үйінің әкімшілігімен соттасуға ниет еткен.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ