Атыраулық финал
Қарағанды облысы Шет ауданы Ағадыр ауылында 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында самбодан Закир Көкжаловты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
48 келіге дейін салмақта финалда екі атыраулық палуан – Айдынбай Қайырберді мен Ерсін Сиғуатов кездесті. Айдынбай жеңімпаз атанды. Тағы бір «алтынды» - 55 келіге дейін салмақта 1-БЖСМ шәкірті Парасат Жұмабай иеленді. 66 келіге дейінгі салмақта Дәурен Болатбекұлы «қола» алды.
***
Байқоңырдан келген жүлделер
Бапкер К. Табынбаев, А. Еспусинов, А. Құлман және Е. Әлжанұлы. Байқоңырда 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында самбодан халықаралық турнир өтті.
Атыраулықтар арасында 35 келіге дейінгі салмақта Асқар Еспусинов (№22 мектеп) жеңімпаз атанса, өз салмақ дәрежелерінде Абылай Құлман (№9 мектеп) мен Ерасыл Әлжанұлы (№10 мектеп) қола иеленді. Командалық есепте 1-БЖСМ командасы турнир қожайындарынан кейін екінші орын алды.
***
Жаңажылдық ринг
2-БЖСМ командасы Астрахан облысы Красный Яр қаласында өткен 1998-99, 2000-01, 2002-03 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан Бүкілресейлік жаңажылдық турнирге қатысты.
Өз салмақ дәрежелерінде Бекнұр Бектұрғанов, Мұрат Тажиев және Муас Қалихаев «алтыннан» алқа тақса, Ақылбек Оңаев, Ернұр Рашид және Сұлтан Өтегенов «күміс» ұтты, ал Бекет Юлдашев пен Аманжан Қаметов «қола» олжалады.
***
Алтынсыз қалған жоқ
Қостанай облысының Арқалық қаласында 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында Рамазан Сыдықовты еске алуға арналған дзюдодан ашық республикалық турнир өтті.
Облыс құрамасының сапында Парасат Жұмабай (55 келіге дейін) жеңімпаз атанса, Айболат Ыстыбай (46 келіге дейін), Дәурен Болатбекұлы (66 келіге дейін) және Әбілсейіт Сұлтанов (73 келіге дейін) «қолаға» ие болды.
***
Намысты қолдан бермеді
Астраханда өткен кекушинкай каратеден ашық қалалық турнирде «Намыс» облыстық федерациясының командасы сәтті өнер көрсетті.
Біріншілікке Ресейдің Оңтүстік Федералды округінің 14 қаласынан мықты командалар келді. «Намыстықтардың» құрамында Александр Грузинцев пен Изабелла Зауытқалиева жеңімпаз атанса, Сұлтан Забиғоллаев, Ратмир Тоғашев, Александра Босс және Ерлан Шаймерденов «күміс» алды, «қола» Альфия Даироваға бұйырды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ