Атырау, 26 қараша 16:33
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бизнес - класс!

3 363 просмотра

Жыл қорытындысы бойынша үздік кәсіпкерлерді марапаттау Атырау облысында жақсы дәстүрге айналды. Осы жылы құттықтау рәсімдерін ұйымдастыруға облыстық Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағымен бірге Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қатысты.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ айтуынша, бүгінде белсенді қызмет етіп жатқан шағын және орта бизнес кәсіпорындары 29 мыңнан асты, оларда 86 мыңнан астам адам жұмыс жасауда. Біздің облысымыз елде жем-шөп дайындауды субсидияландыратын жалғыз өңір. Егер өткен жылы осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 182 млн теңге бөлінсе, биыл 330 млн-нан астам бөлінді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге осындай қолдау көрсету кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға үлкен әсер етеді. Облыс аумағында бірқатар инвестициялық жобалар жүріп жатыр, олардың екеуі – республикалық: АМӨЗ-ді модернизациялау және мұнай-химиялық кешен салу.

Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер ода-ғының төрағасы Әлия БЕКҚО-ЖИЕВАНЫҢпікірінше, өткен жыл бизнес үшін сәтті болды. Биыл бірінші рет шаруа қожалықтары облысты ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз ете алды. Тағы бір мысал: Астанада жақында өткен «Қазақстанның үздік тауары» сыйлығын тарту ету рәсімінде «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясының ІІ дәрежелі дипломын «Шеврон Мұнайгаз ИНК. Атырау құбыр желісі арматурасы зауыты» алса, «Інжу-Маржан» ЖШС құрмет грамотасына ие болды.

Облыстық көлемде марапаттар келесідей бөлінді: «Ауыл бизнесі» номинациясында Махамбет ауданынан Енисей ЮН басқаратын «Феликс» шаруа қожалығы үздік атанды. Оның ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі көп, бірнеше жылдар бойы өзінің ЖК-сін басқара отырып, кәсіпорнын көкөністің барлық түрін өсіретін мықты шаруа қожалығына айналдырды. Биыл қожалық қызметкерлері әр гектардан 30 тонна картоп жинады! Егін маусымы қызғанда қожалық 95 адамды жұмысқа тартып, ауыл тұрғындарын қаражат және азық-түлік қорымен қамтамасыз етті.

Қаламызда алғаш ашылған, тек коммерциялық емес, сондай-ақ, әлеуметтік шараларды жүзеге асыруымен әйгілі болған «Тамаша» отбасылық ойын-сауық орталығы «Үздік сауда үйі» сыйлығына ие болды.

Соңғы бірнеше жылда кәсіпкерлер өздерінің жетістікке жеткен әріптестерін ғана емес, сондай-ақ, бизнес әлеміне алғаш (және сәтті) қадам басқан кейінгі толқынды да қолпаштауды қолға алған. «Жылдың жас кәсіпкері» номинациясында «ҚазБетонПродакс» ЖШС басшысы Ғибрат СӘРСЕНОВ үздік атанды. Бұл серіктестік осы жылдың басында ғана құрылған, жалпы Ғибраттың бизнестің түрлі саласында әрекет етіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Қазір ол сұйық бетон өндірісін қолға алды және жаңа технологиялар енгізудің арқасында қысқы уақытта да жұмыс жасай береді. Өзінің жеке өндірістік базасы бар, қарамағында 30 адам жұмыс жасайды. «ШевронМұнай Инк», «Нефтемаш», «ЖігерМұнайСервис» нысандарынан жұмыс көлемдерін орындап, басқа ұйымдар сияқты жеке тұлғаларға да қызмет көрсетеді.

«ПромАльпАтырау» ЖК (басшысы Вадим ТАРАБРИН) «Қызмет көрсету саласының үздігі» болып танылды. Жігіттер қашанда жоғарыда болуға үйреніп қалған: кәсіпорын өнеркәсіптік альпинизм әдісімен жұмыс жасайды. ПромАльпАтырау халықаралық сапа, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес келеді, Аджип, Мариотт, Шелл, Шеврон және т.б. жұмыс жасайды.

90-жылдардың ортасында Қазақстанда мұнай өндіру мықтап қолға алынды, мұнда «Шеврон», «Мобил», «Тексако», «Шелл», «Аджип», «АВВ», «Тоталь» және т.б. ірі трансұлттық корпорациялар келді, машина жасау өнімдеріне сұраныс пайда болды. Бастапқыда барлығы импорт есебінен жабылды. Алайда кейіннен Атырауда «АтырауНефтеМаш» ЖШС пайда болды. Басында зауыт тек бұрғылау жабдықтары мен құрал-саймандарын шығарды, алайда соңғы жылдары НГСВ-1,4-1200 блокты газ сепараторын және басқа да заманауи жабдықтарды шығару игерілді. Бүгінде бұл Қазақстандағы мұнай және газ саласына қызмет көрсететін бірден-бір мамандандырылған кәсіпорын болып табылады. Осы үшін «АтырауНефтеМаш» ЖШС басшысы Александр ДОНСКОВ «Атырауда жасалған» сыйлығына ие болды.

«Дентюум К» стомато-логиялық клиникасының басшысы Құрал ТИШБАЕВ өз бастамасымен №1 интернат балаларына тегін емдеу жүргізеді, өз клиникасы базасында жас дәрігерлерді дипломнан кейін оқытуды ұйымдастырады, шеберлік дәрістерін өткізу үшін шетелден мамандар шақырады, осы үшін де ол «Әлеуметтік жауапты бизнес» номинациясы бойынша үздік болып марапатталды.

«Медицина» АҚ басшысы Забира ДӘУЛЕТЖАНОВАНЫҢ (суретте) сауаттылығы мен белсенділігі оның жұмыстастары, әріптестері және клиенттері арасында беделін арттырып, «Жылдың әйел кәсіпкері» номинациясында үздік атануға мүмкіндік берді. Бүгінде «Медицина» АҚ облыста және бүкіл Батыс Қазақстанда дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды жеткізуші ірі кәсіпорын болып табылады. «Медицина» АҚ желісінде 26 дәріхана бар. Алға қойған жоспарлары – дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, сүт қоспалары өндірісін дамыту.

Ал ең басты сыйлық – «Кәсіпкер-2013» марапатын «Арал» ЖШС-н басқаратын Дүйсенбек ИСМАҒҰЛОВ алды. Бұл бизнесмен қашан да жаңа салаларды игеруде: сауда, құрылыс, құрылыс материалдарын, дәрі-дәрмектер жеткізу, ал соңғы жылдары көбік бетон өндірісін қолға алды. «Арал» фирмасы Алмагүл мен Нұрсая ықшамаудандарында, Астанада көп қабатты үйлер салды, бірқатар қала кәсіпорындарында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізді, Нұрсая-2, Еркінқала-2, Сарықамыс-2 ықшамаудандарына электр желілерін тартып, жолдар салды. Д. Исмағұлов, сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы төрағасының орынбасары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің, түрлі сараптамалық және қоғамдық кеңестердің мүшесі ретінде де танымал.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

31 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.