"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет.25 желтоқсан күні «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында «Саяхат» қоғамдық бірлестігі «Атырау облысындағы жастардың төлқұжатын»таныстырды.
Үш айға созылған әлеуметтік зерттеу облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде жүргізілді. Оған жергілікті бюджеттен 2,5 млн теңге бөлінген. Сауалнамаға 14 пен 29 жас аралығындағы 1000 адам қатысқан (олардың 300-і қаладан және облыстың 7 ауданынан 100 жастан). Бұл - жоғары сынып оқушылары, студенттер, жұмысбасты жастар мен жұмыссыз жастар, отбасылы жастар мен отбасын әлі құра қоймаған жастар. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім ҚАЛАУИДЫҢ айтуынша, біздің өңірде «жастардың төлқұжаты» бірінші рет жасалып отыр. Енді ол жыл сайын жаңартылып отырады.
- Бұл төлқұжат жастардың әсіресе дінге, отбасына, айналасына, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатына қатысты көзқарасын білу үшін жасалып отыр, - дейді М.Қалауи.
Ал «Саяхат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дана ЖАЙЛАУБАЕВА:
- Сауалнама ішінде «материалдық жағдайды жақсартуға қандай жолмен жетуге болады?» деген сұраққа жастардың басым бөлігі «біліммен», «еңбекпен» деп жауап берген. Бұл - жастардың өмірлік ұстанымдарын аңғартып отыр, - дейді .
Әлеуметтанушы Айдын ЛҰҚПАНОВ та әлеуметтік зерттеу қорытындысының негізінен позитивті екенін айтады. Десе де, сауалнама жастарды бұрыннан келе жатқан жұмыссыздық, баспана мәселесі мазалайтынына тағы бір көз жеткізген.
Бүгінде Атырау облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 157 мыңнан асады, соның ішінде қала жастары 76 мыңға жуық, ал ауыл жастары 81 мың.
Айнұр САПАРОВА