25 желтоқсанда Д. Нұрпейісова атындағы мәдениет сарайында «Ақ Жайық» газетіне жазылушылар арасында дәстүрлі лотерея ойыны өтті. Биыл сыйлық қоры едәуір өсіп, 27 адам 10 000-нан 2 000 000 теңгеге дейінгі аралықта ақшалай ұтысқа ие болды. Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында біз олардың кейбірін әңгімеге тартқан едік.
Дархан ИБРАШЕВ 10 000 теңгелік жұбаныш сыйлығын ұтып алды:
- Мен «Ақ Жайыққа» соңғы екі жылдан бері жазылып келемін. Бұл өте ыңғайлы – кейде газет сатып алатын мүмкіндік болмай қалады немесе ұмытып та кетесің. Биыл, сәті солай болды, лотереяға қатысу үшін ең соңғы күні келіп тіркелдім. Содан соң жұмыста жүріп, мүлдем ұмытып кетіппін. Әкем үйден телефон соғып: «Сен ұтқандардың қатарындасың», - деп хабарлады. Сыйлық үлкен болмаса да, қуаныштымын.
Ермұрат МҰРЗАҒАЛИЕВ 70 000 теңгелік ұтысын алуға жолдасы Айжамалды ерте келіпті. Екеуінің де көңіл күйі көтеріңкі, мәз-мейрам.
- Жылдық жазылымды биыл бірінші рет ресімдедік. «Ақ Жайық» осындай үлкен ақшалай сыйлықтармен ұтыс өткізейін деп жатыр дегенді естіп, тәуекелге бел будым, - дейді Ермұрат.– Қатты ұтқым келді. Бастапқыға 70 мың – аз ақша емес!
Эльмира ЯГЬЯЕВА 80 000 теңге ұтты:
- Мен көп жылдардан бері «Ақ Жайықтың» тұрақты оқырманымын. Әр бейсенбіде газеттің жаңа санын қолыма алу – көптен бері қалыптасқан әдетім. Алайда биыл бірінші рет жазылып отырмын. Ұтамын деп ойлаған да жоқпын, сондықтан да газет бетінен өзімнің аты-жөнімді көргенде, таңғалып, қатты қуандым. Ақшаның көп бөлігін жаңажылдық мерекеге жоятын шығармын. Барлығыңызға денсаулық пен сәттілік тілеймін!
Зейнеткер Жолшыбек БАСЫҒАРИЕВ (90 мың теңге) газетке көп жылдан бері жазылып келеді.
- Туысқандарым, таныстарым телефон соғып, әлі құттықтап жатыр. Ал ұтысымды немерелеріме сыйлық алуға жұмсаймын. Менің 15 немерем бар! – дейді аға масаттанып.
300 000 теңге ұтқан Махамбет селосынан келген зейнеткер Қырым МЕДЕТОВ «Ақ Жайыққа» үш жылдан бері жазылып келе жатыр екен:
- Ұтыс туралы поштадан телефон арқылы хабарлағанда білдім. Әрине, іштей сәттілікке үміттендім ғой, алайда, шыны керек, қатты таңғалдым! Барлық отбасымызбен осы жаңажылдық тосынсыйға қатты қуандық.
Наталья ОСАУЛЕЦ 400 000 теңге ұтқаны туралы естігенде, жылап қоя бердім деп мойындады.
- Сіздердің ұтыстарыңызға бірінші рет қатысып тұрған жоқпын, алайда бірде-бір рет жолым болып көрген жоқ. Бейсенбі күні пошташы газетті әкелгенде, осы жолы кімнің жолы болды екен деп немқұрайлы қарай қойдым. Бір кезде көзіме өз аты-жөнім оттай басылды! Ұтыс та өте қомақты! Кездейсоқтық пен қуаныштан жылап жібердім. Жаңа жыл қарсаңында осындай сый жасаған сүйікті газетіме көп рахмет!
500 000 теңге ұтқан Алмалы селосының 62 жасар тұрғыны Өтеген УНБАЕВ ұтыс ойыны кезінде залда болды. Ол өзінің нөмірі оқылғанда, қуаныштан секіріп, айқайлап жіберді.
- «Ақ Жайыққа» екі жылдан бері жазыламын, бірақ ұтысқа биыл қатысып тұрмын. Міне, бірден мынадай олжаға тап болдым! Менің үлкен отбасым бұған қатты қуанышты. Барлығыңызға да Жаңа жыл құтты болсын!
...Біздің ұтыс ойынымыздың көпжылдық тарихында екі бас жүлде иелерінің бірінің залда болғаны бірінші рет кездесіп отырған жағдай. «Қиырдан» қуанышты дауыс саңқ етті, адамдар таң-тамаша болып, қолпаштауда. Келесі күні зейнеткер Жақсылық ӨТЕПБЕРГЕНОВ жұбайы мен келінін ертіп, өзінің 2 миллионын алуға келді.
- Газетке жазылуға үгіттеген келініміз еді, бұған дейін тек сатып алып оқитынбыз. Кейін лотерея билетін ресімдеуге де көндірді, - дейді бақытты оқырманның жұбайы Орынша апа.
- Ол ұтыс болатын күні ұйқыдан ерте тұрып, мерекеге баратындай дайындалып кетті. Осылай болатынын білген адам сияқты. Атамыз қашан да, қандай жағдай болса да жақсылық пен ғажайыпқа сеніп жүреді. Міне, ол оның өмірінде болды, - дейді келіні.
Ал ағамыз болса, қойнынан төлқұжатын шығарып:
- Мә, қызым, қарай ғой, менің туған күнім қай күн екен...
- 1 қаңтар...
- Міне, сіздер және тағдырым туған күнім мен Жаңа жылға қандай сыйлық жасады!
Жақсылық ағаның айтуынша, бұл ақшаны дәл қазір ұтқаны өте жақсы болған: олар үй салып жатыр екен. Қоныс тойы болар күн жақындай түссін демекпіз!
2 000 000 теңге мөлшеріндегі екінші бас жүлдені Исатай ауданы Жанбай селосының тұрғыны Сүйеу АМАНБАЕВ ұтып алды. 53 жасар мұнайшы ақшаны қолына ұстап тұрып, өз бақытына әлі сене алмай тұрды:
- «Ақ Жайыққа» біздің отбасымыз жыл сайын жазылады және жыл сайын ұтысқа қатысады. Бұған дейін ештеңе ұтқан жоқпыз. Бұл жолы да ештеңе сезе қоймадық. Ұтыс болған күні залда болған таныстарым телефон соғып, екі миллион ұттың деп хабарлағанда, сенген жоқпын. Поштадан телефон соғып, құттықтағанда, аздап сенгендей болдым. Не айтайын, сөз жоқ... Рахмет!
Барлық оқырмандарымызға рахмет. Жаңа жыл құтты болсын!
Жазып алған Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ