Атырау, 26 қараша 16:41
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Тас жолдағы құтқарушылар

2 673 просмотра

Жаңа жыл қарсаңында Атырау-Ақтау тас жолының Доссор кенті аумағында («Гелиос» жанар-жағар май бекетінің қасында) трассалық медициналық құтқару бекеті (ТМҚБ) ашылды.

«Апаттар медицинасы орталығы» ММ облыстық филиалының басшысы Мейіржан ӘЛЖАНОВТЫҢайтуынша, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, ТЖ департаменті және ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасы біріге отырып, Атырау-Орал, Ақтөбе-Атырау-Астрахан және Атырау-Ақтау республикалық маңызы бар тас жолдардың апатты-қауіпті учаскелерінің картасын әзірледі. Осы картаға сәйкес, 2013 жылы Мақат ауданы Доссор кентінде және Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Чапаев кентінде ТМҚБ салу жоспарланған еді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды.

ТМҚБ жол-көлік оқиғалары, табиғи және техногендік төтенше жағдайлар кезінде, сондай-ақ, азаматтардың өтініштері бойынша шұғыл көмек көрсетуге арналған.

ТМҚБ-да вахталық әдіспен жұмыс жасайтын10 адам қызмет көрсетеді. Әр ауысымның құрамында дәрігер, фельдшер, фельдшер-диспетчер, жүргізуші-құтқарушы, құтқарушы сияқты 5 маман болады. Бекетке Hyundai County («Хендай» автобусының базасында жасалған) реанимобилі берілген. Бұл көлік «Астана Моторс» компаниясының зауытында ТЖ министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша дайындалған. Машина 125,5 ат күші бар дизельді қозғалтқышпен жабдықталған. Бір уақытта 5-7 зардап шегушіні эвакуациялауға, соның ішінде 4 зембіл тасымалдауға мүмкіндігі бар.

Машинада апатқа ұшыраған көліктен зардап шегушілерді шығаруға мүмкіндік беретін гидравликалық қайшы, кескіш, домкрат және басқа да жабдықтар бар. Реанимобиль, сондай-ақ, жылжымалы өкпеге жасанды жел айдау аппаратымен, электр кардиографпен, венаішілік дәрі жіберу аппаратымен және басқа да медициналық жабдықтармен жасақталған.

2015 жылдың аяғына дейін Қазақстан тас жолдарында 40 ТМҚБ салынатын болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

1 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.