Атырау, 23 қараша 14:00
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ойыншыққа айналған табыт

8 213 просмотра

Жаңа жыл қарсаңында Атырау дүкендерінде кей кездері нағыз кептелістер орын алады: әр адам мейрамға туыстарына не сыйласам екен, балаларды қалай таң қалдыра аламын деп ойланып, сыйлық іздестіріп, сеңдей соғылысып жүреді. Сіз ойланып жүргенде балалар дүкенінің сөрелерінде қуыршақтарға арналған ойыншық табыттар пайда болды. Бағасы шынайы түрінен кем түспейді.

 

ҚҰБЫЖЫҚТАР МЕКТЕБІНЕ ХОШ КЕЛДІҢІЗ!

Біздің оқырмандарымыздың бірі жөн сілтеген танымал екі дүкенге барғанымда күдігім расталды: бұл ойыншық шынайы табыттың кішірейтілген көшірмесі екен. Қара барқыт көмкермесі, кішкентай жастығы бар бұл ойыншық көбінесе қыз балаларға арналғандықтан, ішкі жағы ашық қызғылт жібекпен безендірілген. Қысқасы, эмо өкілдерінің уақыты келіп жетті!

Қуыршақтарға арналған табытша - 6 жастан жоғары балаларға арналған Monster Hight ойыншығы сериясының аксессуары. Қуыршақтардың өздерінің беті өліктердікіндей көк, қуқыл немесе жасыл түсті болып келген. Кейбірінің тістері ақсиған, кейбірінің беттерінде тыртықтары бар... Дегенмен, жәдігөйленіп қайтем (айта кету керек, сапасы керемет), маған бұл қуыршақтар жиіркенішті болып көрінбеді: ашық макияж, (көздері шытынаған көптеген қуыршақтардан айырмашылығы) жылы шырайлы көзқарас, үйлесімді киім...

Кеңестік дәуірдегі томпақ қуыршақтар қауымдастығында жоқпын, ырымға да сенбеймін. Сондықтан қуыршақтар мен оларға арналған табыттар туралы өз пікірімді қалыптастырмас бұрын ғаламтордың іздеу жүйесіне кіріп, Ютубтағы өте танымал «Құбыжықтар мектебі» («Школа Монстров») мультсериалын тауып алдым. Оның әрбір сериясын жарты миллиондай адам көрген екен. Танысып шықтым, пікір қалыптастыру үшін міндетті түрде бірер сериясын көруім керек болды. Оның ішінен ерсі, заңға қайшы ештеңе көрмедім. Есесіне, кекшілдік пен суицидті насихаттау жоқ екендігіне көзім жетті.

 

…ШАЛҒЫ ҰСТАҒАН ӨЛІЛЕР

Сонымен, қуыршақтарға тоқталайық. «Құбыжықтар мектебі» кейіпкерлерінің көпшілігі құбыжықтар туралы үрейлі фильмдер мен классикалық хикаялардан алынған. Олардың өздері тірі емес, өлілер әлемімен астасады. Бұлар: Зомбидің бүкірейген, мылқау қызы; Дракулауру – вампир граф Дракуланың қызы; Френки Штейн – Франкенштейннің қызы; құбылғыш Клодин Вульв және басқалар. Оның ішінде жағымды да, жағымсыз да кейіпкерлер бар. Кейде араларында қақтығыстар орын алғанымен, зұлымдықты ізгілік жеңіп жатады. Иә! Сонда біздің оқырманымызды қатты қорқытқан сол табыт болды. Мультикте ол сүйкімді келген Дракулаурудың демалатын кереуетінің қызметін атқарады. Ол вампир, солай емес пе? Ендеше, ол қарапайым төсекке ұйықтаса, оғаш болар еді...

Сөреден басқа да кереует табылды: ол Франкенштейннің қызына арналған. Бұл жанрдың заңы бойынша, оның ұйықтайтын орны мүрдеханадағы өліктерді союға арналған тот баспайтын секциялы үстел секілді. Тек төсек-жаймасы және ток көзімен қоректендіретін ойыншық жүйесі бар. Осынау ескі үрейлі фильмді көргендер, таяу арада өлген адамды тірілтуі тиіс электр тогымен жасалатын тәжірибе болмаса, бұл хикаяның орын алмайтынын да біледі.

Ал, жалпы айтсақ, мультфильм достықты, махаббатты, жалпы, бүкіл мәңгі құнды нәрселерді насихаттайды. Менің субъективті пікірімше, 10 жастан үлкен балаларға түсінікті.

 

ҚЫЗДАРҒА АРНАЛҒАН «КОШМАРИКТЕР»

Тістері ақсиған қуыршақтар мен табыттар орналасқан сөрелердің жанында тұрып, осы өнімге қызығушылық білдірген жандармен шағын ғана әлеуметтік сауалнама жүргіздім.

4 жасар қыздың анасы: …

- Жоқ, мультикті көрген жоқпын. Бірақ қызыма бұл «кошмариктер» ұнайды, мен оларды осылай атаймын. Оларды таң қалдыру қиын, ал мыналар бірсарынды қуыршақтардан сәл өзгешелеу. Мұндайлардың тістері ақсиған екеуі бар. Енді басқа қызықты ойыншықтар іздеп жүрмін... Ой... Мынау не... Табыт па?!

8 жасар қыздың анасы: - Менің қызым осы қуыршақтарды жинайды. Құбыжықпен ойнасаң, зұлым боласың, жұмсақ қонжықпен ойнасаң, жақсы қыз боласың деп, үстірт қараудың қажеті жоқ.

Өзі әлі әке болмаған, бірақ жалғыз жиенінің ағайы:- Ойыншықтар бөлімінде неге табыттарды сатады?.. Сексуалды ойынға арналған үрленген қуыршақтар да сатылады, бірақ бұл үшін арнайы дүкендер бар ғой. 6 жастан бастап құбыжықтар болып ойнаудың мәнісін көріп отырған жоқпын. Мұндай ойын сәбиді не нәрсеге үйрете алады? Қандай пайдалы нәрсе береді? Қиялында қандай әсерге жетелейді? Мейірімділік пен адамгершілікке, жақын адамға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу керек...

Кішкентай Назеркенің әжесі:- Қуыршақ мейірімді болуы тиіс. Қарашы, әне, қызым, түрлері қандай жаман. Үстеріндегі киімдері де ерсі. Ал қуыршақтарға арналған кішкентай табыттарды сату деген... Естері дұрыс емес шығар осылардың? Одан да барып әлдебір ханшайымды таңдап алайын.

5 жасар қыздың әкесі: - Ол жерде «6+» деп жазулы тұр ғой. Осы жастан бастап балалар мұндай заттарға дұрыс қарай бастайды деп ойлаймын. Олардың өздері де осындай қорқынышты кейіптегі бұйымдарға қызығады ғой. Есіңізде ме: «чёрный-чёрный гроб уже на твоей уууулице… Чёрный-чёрный гроб уже в твоей квартиииире…». Немен аяқталғаны есімде жоқ. Бала кезімде сабақ кезінде құбыжықтардың суретін салатынмын. Қазір ақыл-есім дұрыс болып өскен секілдімін. Мұның үрейлі ештеңесі жоқ. Тек – қымбат.

– Күн сайын осы топтамадан әлденені сатып алады, өте сәнге айналған қуыршақтар, - деді маған дүкендегі кеңесші. – Сапалы жасалған. Материалдары денсаулық үшін қауіпсіз. Оған біздердің көптеген аксессуарларымыз бар. Кімдер қызығушылық танытады дейсіз бе? Негізінен ата-аналар 10-15 жастағы қыздары үшін сатып алады. Әне, бізде ана жерде журналдар, компьютерлік ойындар, мектеп бұйымдары, әшекейлер бар, бәрі де Monster Hightөндірісінен шығарылған. Олар тек бір қарағанда ғана қорқынышты көрінеді, ал іс жүзінде өндірушінің ойы бойынша, балаларды әлдебір түсініксіз, оғаш қылықтары бар адамдарға дұрыс қарауға тәрбиелейді. Сондықтан әрбір қуыршақтың қарапайым адамнан қандай да болмасын физикалық айырмашылығы бар. Ал табыттың ойыншыққа айналуы... Енді.. Солай..

 

КОЩЕЙДІҢ МҰРАГЕРЛЕРІ

Өкінішке орай, облыстық психикалық-неврологиялық диспансер бұл біздің шаруамыз емес, прокуратураның ісі дегендей, бұған қатысты комментарий беруден бас тартты. Алайда, егер сәби табыттың суретін салса, бұл оның суицид туралы ойлайтындығының айқын белгісі деп атап өтті. Дегенмен, ғаламторда құбыжықтарға қатысты мұндай бірауыз пікір жоқ. Бірі Кеңес дәуірінде де Жалмауыз Кемпір мен Кощей болды, ал енді құбыжықтар бар, онда тұрған не бар деседі.

Басқалары мұндай бағыттағы ойыншықтар ешқандай жағымды ақпарат бермейді және психика үшін зиянды дейді.

Мен өз басым қуыршақтардың өзінде қорқынышты ештеңе жоқ, ал балалар ойынына арналған табытты өз балама сатып алмас едім деп түйдім.

 

Monster High – ойын-шықтар бренді. Ірі Mattel корпорациясы жасаған (штаб-пәтері Калифорнияда, Эль-Сегундоқаласы). Қуыршақтар желісі – Monster High мектебі оқушыларының құрамында үрейлі фильмдерден алынған 7 негізгі кейіпкерлер және тақырыптық атрибутикалар бар. Бүгінде Monster High құбыжықтары Barbie-мен бәсекелес, алайда екі бренд те – Mattel компаниясының «балалары».

Анастасия ПАСТУХОВА

26 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.