Алты жасар Айзада ЖЕКСЕНБАЙ Аяз ата мен Қарша қыздың келуіне мұқият дайындалды: өлең жаттады, әдемі көйлегін киді және өзінің бала тілегінің орындалуын күтті. Ол сыйлыққа қуыршақ, сондай-ақ, түрлі түсті қарындаштар, жылтырақ қаламдары және мектепке қажеттілердің барлығы салынған сөмке алсам екен деп тіледі. Балалар церебралды сал ауруы диагнозы қойылса да, сәби қарапайым жалпы мектепке барғысы келеді.
Мұндай сырқатпен ауыратын балалар Атырауда жетерлік. Олардың көпшілігі жүре алмайды, балабақшаға, мектепке бара алмайды, шыршаға бару, өкінішке орай, олар үшін орындалмайтын арман сияқты. Ауыр сырқат төрт қабырғаға жіпсіз байлаған балаларды қуанту үшін «ААА» еріктілер қоғамы қарашадан бастап «Аяз ата» жобасын енгізді. Еріктілер 200 баланың үйіне барып, Жаңа жылда Аяз атадан қандай сыйлық күтетіндерін білді. Содан кейін сол балалардың суреттері мен алғысы келетін сыйлықтарын жазып, «Тамаша» ойын-сауық орталығындағы шыршаға іліп қойды. Барлық көмек қолын созғысы келетін адамдарға өздерін сиқыршы ретінде сезініп, сәбилер тілеген ойыншықтар мен керекті бұйымдарды сатып алып беруге мүмкіндік жасалды.
- Біз сыйлықтарды жинауға екі аптадай уақыт кетеді деп жоспарлағанбыз, алайда көмектескісі келген қалалықтардың көп болғаны соншалық, бір аптада кітаптар, техника, арба, парта мен орындықтар, жаялықтар, сырт киімдер мен аяқ киімдер, түрлі ойыншықтар сияқты сыйлықтар үйіліп қалды. Ал адамдар қайта-қайта телефон шалып, қаржылық, тасымалдау, дайындау сияқты қосымша көмектер ұсынып, бірге барып, балалармен әңгімелесуге сұранды, - дейді еріктілердің біреуі Гаухар САРМАНОВА.
Кейбір балалар жаңажылдық таңертеңгіліктерге бара алмаса да, осындай азаматтарымыздың мейірімділігі мен кеңпейілдіктері арқасында сиқырлы мерекенің бір ұшқынын сезіне алды..
Зульфия ИСКАЛИЕВА