Қаны грек канадалық Джордж ВОНАС өз тәжірибесін атыраулық әріптестерімен бөліскен шетелдік кәсіпкерлердің «алғашқы қарлығашы» болды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша «Үлкен сеньорлар» жобасы жүзеге асырылуда: халықаралық ұйымдар Қазақстанға кәсіпкерлік саладағы сарапшыларды жіберіп жатыр. Олардың барлығы - зейнеткерлік жасында өз тәжірибелерімен бөлісуді шешкен жоғары санатты мамандар.Олар қызметкерлерді оқытып, техникалық және ұйымдастыру сипатындағы мәселелерді шешуге практикалық көмек көрсетеді. Шетелдік менторды өздеріне экономиканың басымдық берілген секторларында жұмыс жасайтын кіші және орта бизнес кәсіпорындары шақыра алады. Қызметтер сарапшыларының жол шығындары республикалық бюджет есебінен төленеді. Сарапшының Қазақстанға келуіне байланысты шығындарды (жатын орын, тамақ, көлік, тәуліктік ризық, аудармашы қызметі) шақырушы кәсіпорын өз мойнына алады.
Біздің бизнесмен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына өтінім беруі керек, әрі қарай оған осы сала бойынша ең білікті деген кеңесші таңдалады.
Бағдарлама жыл басында басталған болатын, Атыраудағы оның ең алғаш қатысушысы балалар мен ересектерді оқытумен және аударма қызметімен айналысатын Unique Global Business орталығы болды. Орталыққа батыс стандарттары бойынша бизнес құруға бизнесті басқару жөніндегі нұсқаушы Джордж Вонас көмекке келді. Ол БҰҰ-ның даму бағдарламасы бойынша Пәкістан мен Филиппиндегі жобаларға қатысқан, Кореяда, Гонконгте, Францияда, Ұлыбритания мен Грекияда түрлі бизнес тапсырмалары бойынша клиенттермен жұмыс жасаған.
Вонас мырзаның Атырауға келуі Қазақстанға алғаш сапары еді. Біздің бизнестің қалай жұмыс жасайтынын өз көзімен көру үшін ол қалалық базарларға, дүкендерге, үлкен супермаркеттерге, тіпті, мал базарына да барды. «Дина» мен «Рамстордағы» бағаны салыстырды және олардың мақсатты аудиториясының әр түрлі екендігін бірден айтып берді. Канада мен Қазақстанның жұмыс әдістерін салыстыра отырып, ол бізде әр үлкен фирмада өз сату және клиенттер тарту бөлімі жұмыс жасаса, Батыста мұнымен клиенттерді тартатын аутсортингтік компаниялар айналысатынын айтты. Unique Global Business орталығына әзірге бос тұрған осы қызмет түрімен айналысуға кеңес берді. Айта кетсек, Ресейде бұл бизнес қазір жақсы дамып жатыр.
Вонас орталық қызметкерле-рінің қалай жұмыс жасайтынын бақылап қана қойған жоқ, тіл білуші ретінде бірнеше сабақ та берді. Оған тыңдаушылардың білімге құштарлығы, ашықтығы қатты ұнады, алайда ол Атырауда кез келген адамға күле бермейтін салмақты адамдар тұратынын атап өтті. Дегенмен, бұл бізге жаңалық емес, біз басқа жақтан келген адамдарға осылай әсер ететінімізді бұрыннан білеміз.
Джордж Вонас өзін шақырған компанияға 5 жылдық бизнес-стратегия әзірлеуге көмектесті, компанияның мықты жақтарын бағалап, әлі де жұмыстану керек сәттерді де ескертті. Оның басты кеңесі: не жасасаңыздар да, ең алдымен, клиенттің жағдайын ойлаңыздар. Тек пайда қуу – бизнес жүргізудің дұрыс емес қағидасы. Сізбен бірге жұмыс жасау адамдарға жағымды болу керек, сонда олар сізге тағы да келеді. Джордж Вонастың пікірінше, бұл қағида кез келген бизнес саласында жұмыс жасайды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА