Атырау, 26 шілде 08:30
 дождьВ Атырау +29.6
$ 476.07
€ 541.86
₽ 6.08

Жаңа корпустар, «жедел жәрдемдер» және бәсекелестік туралы

4 827 рет қаралды

Бірнеше жыл бойына әлденеше рет шегеріліп келген Жерұйық ықшамауданындағы 180 орындық облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа ғимаратын пайдалануға беру мерзімі 2013 жылдың желтоқсанынан 2014 жылдың бірінші тоқсанына тағы да кейінге қалдырылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВПЕН (суретте) медициналық мекемелерді салу мәселесінен басталған әңгімеміз біртіндеп жергілікті медицинаның басқа да проблемаларын талқылауға ұласты.

ҚЫМБАТ ӘРІ ҚАЖЕТ АППАРАТТАР

2013 жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі - облыстық балалар ауруханасының 110 кереуеттік жаңа хирургиялық корпусын пайдалануға беру және өткен ғасырдың 70-жылдарының басында салынған ескі ғимаратты күрделі жөндеу болды. Жаңа корпуста орталықтандырылған оттегі берілетін жансақтау бөлімі мен оңалту бөлімі орналасқан. Оңалту қызметтерінің бүкіл түрлерін (физиотерапия, массаждар және т.б.) бюджет төлейді. Соңғы кездері есту қабілеті күмәнді балаларды облыстық балалар ауруханасына қосымша тексеруге жібереді. Сондықтан бұл жерде сурдологиялық қызмет ұйымдастырылған. Оған сурдолог дәрігер, логопед, дефектолог, психолог кіреді. Олар да жаңа корпусқа көшеді. Жөндеуден өткен ескі корпуста клиникалық-диагностикалық бөлім ұйымдастырылады. Ол, әсіресе, ауыл балалары үшін консультативтік көмек беретін емхана ретінде жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта компьютерлік томография сатып алынуда, қосымша диагностикалық жабдықтар сатып алынатын болады. Жаңа ғимарат құрылысы мен ескісін жөндеу демеушіге –  NСРОС компаниясына 2 млрд теңгедей сомаға шықты. Балықшыдағы №4 емхананың сыйымдылығы алаңы 408 шаршы метр жалғаманы пайдалануға бергеннен кейін бір жарым есеге көбейді. Құны 60 млн теңге болатын құрылысты Каспий құбыр жүргізу консорциумы қаржыландырды. Осының арқасында бұл жерден жаңа диагностикалық кабинеттер, УДЗ, рентген, процедуралық кабинеттер мен күндізгі стационар ашылды. Күндізгі стационар үшін дәрі-дәрмектерге қаржы бюджеттен бөлінеді. 

2013 жылы КТК есебінен облыстық кардиоорталық ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, ангиграф үшін жалғама жасалды. Бұл - тамырлар мен тіндердегі өзгерістерді жедел айыратын жаңа рентгендік жүйе. Аппараттың өзі республикалық бюджет есебінен сатып алынды.

Антиографтан бөлек 2013 жылы қымбат тұратын тағы бірнеше диагностикалық және емдеу аппараттары сатып алынды. Жергілікті бюджет қаржысына тері-венерологиялық диспансерге арналған ультракүлгін кабина сатып алынды. Германиялық компания өндірісінен шығарылған жаңа аппарат 20 млн теңге көлемінде тұрады және псориаз, атопиялық дерматит, витилиго, қызыл тегіс теміреткі, шаштың түсуі және т.б. сырқаттарды емдеуге көмектеседі. Бұрын ультракүлгін кабинаға емделу үшін науқастар квота алып, Алматыға баруға мәжбүр болатын.

Қыркүйек айында «Эксонмобил Казахстан инк.» компаниясы облыстық ауруханаға қымбат тұратын «Жасанды бауыр» аппаратын ұсынды.

– Ол гестоздың ауыр түрі бар жүкті әйелдер үшін, гепатиттің, бүйрек-бауыр жетіспеушілігінің ауыр түрлерімен ауыратын науқастарға және т.б. қажет. Қазақстанда тіпті осы аппараттың арқасында бұрын ағза ауыстыруды қажет етеді деп есептелген науқастың бауыр қызметі қалпына келген жағдай да болды, - дейді М.Өтепқалиев. – Жергілікті бюджет есебінен облыстық перзентхана үшін туа бітті даму ақауын анықтау мақсатында ұрықты генетикалық зерттеуге арналған арнайы аппарат алынды. Бұрын зерттеу жүргізілетін жабдықтар ескіріп қалды, ал жаңа аппарат анағұрлым нақты әрі ақпаратты мол береді. 

 

ТҰРҒЫН ҮЙ АЛАҢЫ БОЛСА, ДӘРІГЕРЛЕР ДЕ БОЛАДЫ

Көптен күткен жұқпалы аурулар ауруханасы ғимаратының құрылысын аяқтау келер жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланды. Ғимарат бас корпустан және қосалқы блоктардан тұрады: оттекті блок, тамақтану блогы және шаруашылық блогы. Іші45 кереуеттен 4 блокқа бөлінген. Емделушілерді ауруханаға жатқызу жұқпалы аурулардың түріне қарай жеке жүргізіледі.

Жаңа 4 қабатты облыстық СПИД-орталығы ғимаратының құрылысы аяқталып қалды. Құны 884 млн теңге болатын жобаны NСРОС компаниясы қаржыландырды. Бұл жерде бүкіл бөлімнің: эпидемиологиялық, профилактикалық, емдеу-диагностикалық, диагностикалық зертхана бөлімдерінің толыққанды жұмысы үшін жағдайлар қарастырылған. Жаңа жабдық бұрын Алматы мен Оралға жіберілетін биоматериалдарды зерттеуге мүмкіндік береді.

Көптеген қала тұрғындарын СПИД орталық ғимаратының облыстық перзентханаға жақындығы қынжылтады. Алайда, М.Өтепқалиевтің айтуынша, бұл проблема емес екен:

– Біріншіден, екі мекеме де автономды, екіншіден, ауру жұқтырған пациенттер СПИД-орталықтан емдеуден өтпейді, олар профильді ауруханаларда емделеді: егер ВИЧ жұқтырған пациентте жүрегіне қатысты проблема бар болса, ол кардиологияда емделеді, егер онкологиялық ауруы болса, онкодиспансерде емделеді және т.б. Бұл біздің нормативтік құжаттармен бекітілген.

– «Жедел жәрдем» іс жүзінде жедел жәрдем етпейді деп, оның жұмысына көптеген жандардың көңілі толмай жатады. Бұл сала жақсара ма?

– Жыл аяғына дейін республикалық бюджет есебінен 6 жаңа көлік сатып алынады, оған қоса шалғайдағы ауылдық жерлерге «жедел жәрдем» жұмысы үшін 21 УАЗ-ға жергілікті бюджет қаржы бөледі. Автопарк әлсін-әлі жаңартуды қажет етіп отырады, өйткені көліктерді пайдалану мерзімі – екі жыл, реанимобильдердікі – үш жыл. «Жедел жәрдемде» дәрігерлер жетіспейді, негізінен фельдшерлер жұмыс істейді. Биылғы жылдың басынан бері Атыраудағы жедел жәрдем қызметінің штаты 5 бригадаға көбейді. Бұдан басқа, биылғы жылы автоматтанған диспетчерлік ақпараттық жүйе енгізілді. Ол шақыртуды автоматты түрде тіркейді, қоңырауды бригадаға жедел хабарлайды, пациенттерге қызмет көрсету нәтижелерін тіркейді. Жүйе, сонымен қатар, жалған шақыртуларды тіркеп, телефон нөмірлерін анықтайды.

– Медицина кадрларының тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?

-Өңірде 220 дәрігер жетіспейді, олардың 150-і Атыраудың еншісінде. Әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігерлерге, фтизиатрларға, акушер-гинекологтарға, неонатологтарға, анестезиолог-реаниматологтарға сұраныс өте жоғары. Ең алдымен село халқын, әсіресе, шалғай аудандардың тұрғындарын медициналық көмекпен қамтығымыз келеді. Кадрлық мәселені шешу үшін отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізіліп жатқан елді мекендерде (таяудағы екі жылда олардың 16-сы салынады) облыс әкімінің шешімімен медиктер үшін баспаналар да қатар салынатын болады. Бұдан басқа, бүкіл аудан орталықтарында келесі жылдан бастап әлеуметтік саладағы қызметкерлер үшін үшпәтерлі 10 үйден салынатын болады. Жылыой, Индер, Исатай аудандарында бюджет қызметкерлері үшін 60 пәтерлі үйлер салынатын болады. Атырауда медиктерге арналған 120 орындық жатақхана құрылысын бастау жоспарланды. Бұл бағдарлама іске қосылған кезде ол Атырау мен аудандарға медициналық кадрларды тарту үшін жақсы тетікке айналады.

 

«БІЗ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ЖОЛ АШУҒА ТИІСПІЗ»

– Бір кездері дәрігерлер қарқынды түрде жеке медициналық құрылымдарға жұмысқа кетіп қалып жатты. Қазір басқаша үрдіс бағыт алған. Мамандар мемлекеттік мекемелер мен ақылы емханалардағы жұмыстарын қатар алып жүруді жөн көреді...

– Біз біртіндеп жақсы мамандардың еңбекақылары жеке мекемелердегімен теңесетіндей жағдайға аяқ басып келеміз. Жұмыстардың жоғарғы нәтижелері (өлім жағдайларын, сырқатты кеш анықтаған жайттарды айтпағанда) тоқсан сайын емханалар мен орталық аудандық ауруханаларға 6-7 млн теңге мөлшерінде ынталандыру компонентіне кепілдік береді. Оларды қызметкерлерді оқытуға және өз қызметкерлеріне үстеме ақы төлеуге жұмсайды.

– Жеке медициналық мекемелердің саны өсіп барады, мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде кейбір денсаулық сақтау нысандары меншік түрін өзгерте бастайды. Мәселен, облыстық офтальмологиялық емхана мен №1 емхананы сенімді басқаруға беру жоспарланып отыр. Адамдар бізде көп кешікпей мемлекеттік медициналық мекемелер қалмайтын шығар деп алаңдайды.

– Біз бәсекелес ортаны құруға тиіспіз. Арнайы емдеу мекемелері: психиатрия, СПИД-орталық, туберкулезге қарсы күрес қызметі, жұқпалы аурулар ауруханасы, наркодиспансер мемлекеттік мекемелер болып қала береді. Қалған мекемелер біртіндеп шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме режиміне көшуі мүмкін. Бұл қаржы табуға, клиенттердің тілектеріне жедел әрекет етуге, бір бөлімдерді кеңейтіп, енді басқаларын қысқартып, жаңа қызметтер енгізуге мүмкіндік береді. Олар жағдайды анағұрлым мұқият қадағалап, өз ақшалары болғандықтан, қаржының қалай жұмсалып жатқанына бақылау жасай алады. Олар, сондай-ақ, тапқан табыстарынан түрлі төлемдер жүргізе алады, өз қызметкерлерінің еңбектерін ынталандыра алады. Мемлекеттік бюджет біртіндеп өзінен бұл жүкті түсіруі тиіс. Алайда медициналық мекемелерге табыс табуға мүмкіндік бергеніне қарамастан, олардың барлығы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жұмыс істейді, жүкті әйелдерге, балаларға қызмет көрсетуге, жедел жәрдем көрсетуге және т.б. мемлекеттік тапсырыс алады. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде алынатын көлемді медициналық мекеме тұрғындар үшін тегін жүзеге асырады. №1 емхана мен офтальмологиялық емхана пилотты жоба шеңберінде сенімді басқаруға көшеді. Біз осы тәжірибені бақылайтын боламыз. Олар жаман жұмыс жасамайды, ақша санауды үйренген. Көз емханасында бүгінгі күні Астана мен Алматыдағы орталық емханалардағы секілді күрделі оталар жасалады. Олардың өз қызметтерінің профилін өзгертуге, медициналық мекемені жекешелендіруге және сатып алуға құқықтары жоқ. Сондықтан бұл жерде мазаланатын ештеңе жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

26 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.