Таяу Шығыста, «жығылғанға – жұдырық» дегендей, соңғы уақытта қақаған қара суық орнады. Ол ол ма, кейбір өңірлерде қар жауып, палатканы паналаған сириялық босқындардың мүшкіл жағдайын одан ары ауырлатып жіберді.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қызыл Айшық ұйымдастырған акцияның барысы ел аумағында тікелей эфирден көрсетілді. Осының әсері болар, жер-жерден қоңырау шалғандар, қалта телефоны арқылы хабарлама жөнелткендер, қысқасы, сириялық босқындардың басындағы жағдайға бейжай қарамайтындар үн қатып, қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр. Көп болып көмектескендердің қатарында компаниялар мен ұйымдар да бар. Сондай-ақ, ел тұрғындарынан, жекелеген тұлғалардан да осы мақсатта ашылған шотқа қаражат келіп түсіп жатыр.
Әсіресе, билік басындағы отбасылардан және қайырымдылық ұйымдары мен банктерден қомақты қаржы келіп түскенін айта кету керек.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша Сириядағы азаматтық соғыстан бас сауғалап, өзге елдерге босып кеткендердің қатары 2,3 млн адамнан асып кеткен. Олардың дені көршілес жатқан Иордания, Түркия және Ливанға ауып кеткен.
Дереккөз: bnews.kz