Атырау, 26 қараша 14:52
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Өту алаңындағы «іркіліс»

1 651 просмотра

Көрнекі сурет.Көрнекі сурет.18 желтоқсанда АМӨЗ-дің №10 өту алаңында «Вест Партнер Девелопмент» (WPD) компаниясының қызметкерлері қараша айының жалақысы кешіктірілуіне байланысты наразылық акциясын өткізді. Бұл жерден мердігер мекеменің жұмысшылары хош иісті көмірсутек өндіретін кешеннің құрылыс алаңына өтеді. Екі сағаттан кейін осы мәселені таяудағы бірнеше күннен соң шешеміз деп уәде етілгеннен кейін ғана олар құрылыс аумағына кетті.

«АМӨЗ» ЖШС-нің баспасөз қызметінің ресми хабарламасында былай делінген: «WPD -«“КазСтройСервис” МГҚК» АҚ-ның мердігер мекемесі болып табылады. WPD компаниясы өз қызметкерлеріне қараша айының жалақысын төлеген жоқ және салықтар мен басқа да әлеуметтік жарналар бойынша қарыздары бар. Бұдан басқа, компанияның «Сбербанк» ЕБ» АҚ-да өтелмеген 30 млн теңге несиесі бар, оның ағымдық есепшоттарына тыйым салынған. Сондықтан бұл компания үшін АМӨЗ бүкіл жеңілдіктерді жасап отырған жағдайда, оның өз қызметкерлеріне ақы төлеуге жағдайы жоқ. «АМӨЗ» ЖШС-нің қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясының алдында қарызы жоқ, ал ол өз кезегінде «КазСтройСервис» МГҚК алдында қарыздар емес. «КазСтройСервис» компаниясы WPD-нің бүкіл жұмыс көлемін төлеп отыр. Сондықтан проблеманың себебін компанияның өзінен іздеу керек. Бұрын «АМӨЗ» ЖШС-нің «Синопек Инжиниринг»-пен және «КазСтройСервис»-пен жасаған келіссөздері барысында WPD компаниясының металл құрылымдарын монтаждау бойынша қосымша жұмыс көлемін ұсыну туралы келісімге қол жетті. «АМӨЗ» ЖШС техникалық қызметті қолдау үшін және еңбекақыны уақытында төлеу үшін жеткілікті айналым қаржылары жоқ қосалқы мердігерлердің проблемаларын әлденеше рет шешуге мәжбүр болды».

Біз WPDкомпаниясының директоры Данияр ШЫНЫБЕКОВПЕНхабарластық. Ол жұмысшылар қараша айының жалақысын «келесі аптада» алатын болады деп сендірді.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Салауат ИШАЙДЫҢ айтуынша, биылғы жылдың маусымында жалақының кешіктірілуіне қытысты жұмысшылардың шағымдары бойынша WPD компаниясына тексеру жүргізіліпті. Ол кезде компания басшыларына ірі айыппұл салынды. Жақын арада «АМӨЗ» ЖШС-нің қосалқы мердігер компаниясының қызметі облыстық әкімдіктің кеңесінде қаралатын болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

19 желтоқсан 2013, 14:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.