Енді сумен қамту жүйесін қосуға техникалық талаптарды ХҚКО-дан алуға болады. Атырау облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен «Атырау Су Арнасы» меморандумға қол қойды. Оның аясында осы қызмет түрі ХҚКО қалалық филиалдары арқылы пилоттық режимде көрсетілетін болады.
ХҚКО-да техникалық талаптарды (немесе уәжделген бас тартуды) 15 күн ішінде береміз деп сөз беріп отыр. Жеке тұлғалардың, әсіресе, ұйымдардың осы құжатты алуға айлар бойы шабысының қасында екі апта деген дым емес қой – тек шынайы жұмыс істесе болды. ХҚКО-ға хабарласқанда қолыңызда төлқұжат пен өтініш болу керек. Өтінішке, сондай-ақ, төлқұжаттың көшірмесі, жылжымайтын мүлік құжаттары, техникалық төлқұжат, жылжымайтын мүліктің орналасқан жері көрсетілген қаланың бас жоспарының көшірмесі, жерге меншіктік құқық белгілейтін акті және басқа да құқық белгілеуші құжаттар (әкімнің шешімі, сатып алу-сату немесе сыйға беру шарттары) тіркелуі қажет.
- Заңды тұлғалар қосымша сызбалық жоба, құрылтайшылық құжаттарын, директордың тағайындалуы туралы бұйрық, қажет жағдайда өкілдік етуге сенімхат ұсынуы керек. Жеке кәсіпкерлер ЖК куәлігін ұсынады. Бізде қазірдің өзінде 15 күн ішінде техникалық талаптарды алған клиенттер бар. – дейді облыстық ХҚКО директорының орынбасары Тұрлан НҰРЖАНОВ. Оның айтуынша, аптасына 5 күн жұмыс жасап, құжаттарды тек белгіленген уақытта ғана қабылдайтын «Атырау Су Арнасынан» айырмашылығы ХҚКО аптасына 6 күн әрі үзіліссіз жұмыс жасайды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА